Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ыбырайдың кетпені

Ыбырайдың кетпені


Шаруақор кісіге киелі екі құрал бар: бірі – шопанның таяғы, екіншісі –диқанның кетпені. Аялы алақанның табы тиген, тер сіңген қасиетті құралды еңбектің ащы-тұщысын татқан, адал маңдай тердің қадір-қасиетіне қаныққан, аманатты арқалай алатын азаматқа тапсыру ежелден бар. Мыңның біріне бұйыратын сол аманат бүгінде ұмытылып бара жатқан болар,  бірақ кешегі кісілердің көз алдында. Аманатқа ие болу – үлкен сенімді сезінудің сипатындай салмақ еді! Біз даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың киелі кетпенін қолынан аманаттап алған кісіні Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылынан таптық.  Ол – бүгінде Түгіскен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кешегі «Тыңның 30 жылдығы» атындағы атақты комсомол жастар бригадасының бригадирі Молдахмет Ибрагимов.
Жетпісті алқымдаған ел ағасы ауылдың ауызбіршілігін сақтауда орны биік, ал, шаруашылыққа еңбегі сіңген ер екенін екінің бірі айтады. Сол кісімен дидарласып отырмыз. Әңгімесі қызық. Өткеннің өнегесін өзектеп, талай тақырыпты тарқаттық.  Ертеректе шопан әкесінің отарындағы жүздеген қаракөл қой күйік кезінде қазақы қойға айналып, сол үшін комсомолдан да шығарылған екен.  Ол да бір уақыт сыны болған. Ал, күріш өсіру бойынша  алдына жан салмайтын озат еді. Шаруашылық басшылығына Ысмайл Жұмаділлаев келгенде бригадирлердің ролін көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, егісті әртараптандыру, кешенді жұмыс жасау жағы барынша қолға алынды. Бұрын шөп бригадирі болған Молдакең енді жан-жақты жұмыс жүргізуге кірісті. Бригада құрамында 100-ге тарта жастар жұмыс істеді. Оларға еңбекақы төлеу үшін сан-салалы қызметтер атқарды. Құрылыс жүргізіп, тұрғын үйлер салды. Мал басын көбейтіп, сүт пен ет бағытында мол табыс тапты. Күрішпен қатар бидай, жоңышқа егіп, одан түскен пайданы еңбек өнімділігіне сәйкес бригадаға теңдей бөлінді. Осылай  ұтымды ұйымдастырудың нәтижесінде облыста оза шапқан еңбек көрсеткіші елене бастады. Екі рет жеңіл көлік сыйға алды. Түрлі марапатқа ілікті. Қазір еңбек зейнетінде, үлкен әулеттің төбесі, бауырға аға, балаға әке, немерелердің атасы.
–Бұл оқиға 1981 жылдың мамыр айы болатын. Күріш егуді енді аяқтаған кезіміз. Комсомол жастар бригадирлерін Шиелі ауданында жинап жатыр деген тапсырма түсті. Содан Жаңақорған ауданынан екі кісі бардық. Басқа аудандардан да өкілдер бар. Біз «Қызыл Ту» шаруашылығының кеңсесіне келдік. Онда  «райкомның» үшінші хатшысы Феруза Жүсіпова күтіп алды,  шақырылу себебін түсіндірді. Арамызда мал шаруашылығымен айналысатын бригадирлер де болды, бірақ дала академигі «олардың маған қатысы жоқ» деген сыңайлы. Не керек, Ыбырай Жақаевтың кетпені маған бұйыратын болды. Көп ішінен мені өзі таңдап алған-ау, үлкен ықылас қойғандай көрінді. Орда бұзар отыз екі жастамын, ел мақтанышына айналған абыз атамен қатар тұру қімге болсын мәртебе. Өзі бойшаң, тұлғасы тіп-тік, денесінде бір сылым артық еті жоқ, қараторы кісі екен. Салмақты мінезіне салып, қолымды алды. Сөйтіп кетпенін ұстатып тұрып: – Шырағым, жерді алдама, – деп бір ауыз ғана сөз айтты. Мұнысы – жерді баптап, құнарын сақтап, ырыс жина дегені еді.
Кейіннен осы сөзді шариғат хадистерінен де кезіктірдім. Қамшы сөз қанатандырды, ширатты. Сол кетпен мені тұғырлы табыстарға жеткізді, – деді ол.
Қос жұлдызды Ыбырай Жақаев өз аманатын тапсырып, қыркүйек айында өмірден өтті. Бұл оның соңғы сенімі еді.
Қаныбек ӘБДУОВ.
31 наурыз 2020 ж. 761 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 438 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам