Ақсуаттың ақ маржаны
Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінде «Ақмешіт-Агро» ЖШС-ның егіс алқабына орақ түсті. Шараға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ауыл және кент әкімдері, шаруашылық басшылары мен ақсақалдар қатысты. Жергілікті диқандардың даңғайыр еңбегін бағалап, егіннің бітік шығуына зор үлес қосқан шаруаларға ізгі ілтипатын білдірген қала әкімі жиналған көпшілікті тоқшылық тойымен құттықтады.
– Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасын қалыптастырудың басым бағытының бірі. Бұл мақсатта агроөнеркәсіп кешенін дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бүгін қалаға қарасты Ақсуат ауылындағы ақ алтындай тербелген егіс даласында алғашқы орақ салу көрінісіне куә болып отырмыз. Соңғы жылдары астық өндіру бағытында қала диқандары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Биыл 8421 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Оның ең негізгісі – күріш дақылы 4011 гектарды құрайды. Әрбір толағай табыс ауыл еңбеккерлерінің ынтымағы мен бірлігінің, еңбек даласында көрсеткен үлкен қажырлықтың жемісі, – деді қала әкімі.
Қоңыр күз мезгілінде Жер-Ана бар байлығын төгіп, еңбек еткендердің несібесін еселей түседі. Астық қамбаға толып, егіншілер де ақ адал маңдай тердің төгілген зейнетін көреді. Халық пен диқанның көңілі шаттыққа кенеліп, еңбек мерекесін ел тегіс тойлайды.
– Ақсуат ауылдық округіне тиесілі 300 гектар жерге күріштің «Ақмаржан» және «Янтарь» сортын өсірдік. Аталған сорттар өңірдің климаттық жағдайы мен суармалы егіншілікке бейімделген. Оның әр гектарынан 55 центнерден өнім алынады деп жоспарлануда. Егін жинау жұмысына жаңа техникалар жұмылдырылған. Биыл ауа райы шаруашылыққа қолайлы болды. Сол себепті, сапалы әрі мол өнім жинауға толық мүмкіндік бар, – «Ақмешіт-Агро» ЖШС басшысы Ермек Ералиев.
Иә, аймақ үшін бұл дақылдың орны бөлек. Сан жылдан бері елімізді ақ маржан астықпен қамтамасыз етіп отырған Сыр өңірі жайқалған егіннен мол несібеге кенеліп отыр. «Ынтымақ – елдің ырысы, ылғал – жердің ырысы» демекші, ырзық несібесін Жер-Анадан терген еңбекшілердің еселі еңбектері арта бергей!
Айнұр МАМАНҚЫЗЫ