Назарға алар нұсқаулық
Құрметті қала тұрғындары!
Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясының таралып кетуінің алдын алу мақсатында карантин жарияланды. Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігерінің 30.03.2020ж. №4 қаулысымен 31 наурыз сағат 00:00-ден бастап қалаға көліктің барлық түрінің келуіне және шығуына тыйым салынады. Өңірде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, бұл індеттің ары қарай таралуының алдын алу мақсатында қарқынды шаралар қабылдануда:
- Коронавирустың таралуының қазіргі жағдайын ескере отырып, азық-түлік тауарларын, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған тауарларды әкелу-әкетуді және өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін автокөліктерді қоспағанда, 14 тәулікке келесі көлік түрлері (авто, әуе көлігі) үшін Қызылорда қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынады.
- Соңғы станциясы Қызылорда қаласының станциясы болып табылатын Жүк, жолаушылар қатынастарынан басқа, барлық жолаушылар теміржол қатынасының қызметі 01.04.2020 жылғы 00:00 сағаттан бастап тоқтатылды.
- Діни үйлердің, балабақша, базар (мал, автомобиль және т. б.), сауда үйлерінің, азық-түлік емес сауда орталықтарына қызмет көрсететін кәсіпкерлік құрылымдардың барлық түрінің, оның ішінде жеке тұрған азық-түлік емес дүкендердің, автосалон, автоқосалқы бөлшектер сату салондарының, гүл павильоны, химиялық тазартулардың, кір жуу орындарының, фотоатель, фотосалон, оптика, ломбардтардың, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктердің, техникалық қызмет көрсету станцияларының, сауна, фитнес-клуб, тренажер залдарының, спорт кешені, бассейн, сұлулық салондарының, спа-орталық, студиялардың, компьютерлік және интернет клубтар, букмекерлік контора, бильярд клубтары, үй-жайлардағы балалар ойын алаңы, тәуліктік пәтер мен үйлерді, қонақ үй кешенін, көрмелерді және басқа да осындай қызмет көрсету саласындағы объектілерді жалға алу қызметтері және басқа да халық көп шоғырланған нысандардың жұмыстары уақытша тоқтатылады.
- Азық-түлік гипермаркеті, оптомаркет, супермаркет, минимаркет, дүкендердің, азық-түлік сөрелерінің, дәріханалардың және бірінші кезекте қажетті тауарлар саудасы күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасайды.
- Мейрамхана, дәмхана, асханалардың және басқа да қоғамдық тамақтану объектісінің жұмысын "Клиенттерге дейін жеткізу" қағидаты бойынша сағат 10-00-ден 20-00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс істейді.
- Сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін уақытты шектей отырып, қоғамдық моншалардың жұмысын күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен, ал шаштараз және автожуу бекеттері сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды.
- Санитарлық нормалар күшейтілді. Дезинфекция барлық әлеуметтік нысанда, вокзал, автовокзал мен базарларда, сауда, ойын-сауық орталықтарында, тұрғын үй кешенінің кіреберістерінде, қонақ үйлерде, сондай-ақ аялдама, автобустарда және т.б. тиісті жерлерде күшейтілген режимде жүргізілуде.
Қадірлі жерлестер!
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай қала әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топтар тәулік бойы тиісті нұсқаулыққа сәйкес қауіпсіздік шараларын жан-жақты жүргізуде.
Бұл шаралар Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылданып отыр. Баршаңызды ресми ақпарттарға назар аударып, үйден шықпауға, талаптарды қатаң сақтап, түсіністік танытуларыңызды сұраймын.
Қызылорда қаласының әкімі
Н.Нәлібаев