ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КОМПАНИЯ «АЛТЫН САПАНЫ» АЛДЫ
Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен республикалық «Алтын сапа» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Дәстүрлі ұйымдастырылатын шараны ұйымдастырушы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Қызылорда облысынан республикалық «Алтын сапа» сыйлығына «Абзал және К» ТС мен «Аралтұз» АҚ қатысқан болатын. «Абзал және К» ТС-і Елбасының қолынан республикалық «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік және/немесе ауылшаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясын иеленді!
Айта кетейік, республикалық байқауға 101 компания қатысты. «Абзал және К» ТС ауылшаруашылық саласында, оның ішінде еліміздің күріш индустриясы саласының қарқынды дамып келе жатқан компанияларының бірі. Компания республика бойынша күріш өндірісі үздіктерінің үштігіне сенімді түрде кіреді, күрішті өндіру және өңдеу қызметімен айналысуда және ауыл шаруашылық саласына инвестиция құюда.
Компания 1994 жылы Қызылорда қаласында құрылған. Алғашқы 9 жылда күріш сатумен айналысқан. 2003 жылы Компания дамуының маңызды кезеңдерінің бірі басталды: облысқа қарасты Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдарынан әр қайсысынан 600 гектар жерге күріш егуді бастады және жыл өткен сайын егістік көлемін арттыра берді.
Бүгінде Компания «Янтарь», «Лидер», «Анаит», «Фаворит» ақ күріштерін, «Камолино» күріш жармасын түр-түрімен, күріш ұсағы, күріш жемі, туралған және туралмаған күріш қауызын өндіреді. Өндірістің ең көп ауқымды бөлігін «Янтарь» ақ күріші, «Лидер» ақ күріші және «Камолино» күріш жармасының түрлі сұрыптамасы құрайды.
«Абзал және К» ТС-і өз өнімдерін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан мемлекеттерінің нарығына шығарады. Компанияның негізгі сатып алушылары азық-түлік сатумен айналысатын сауда компаниялары, сауда орталықтары және жарманы буып-түйетін компаниялар.