Біз кім едік?
Оймақты ой
Біз кешегі көшпелі халықтың көшелі ұрпағы, азат мемлекеттің айбынды айғағы – ар-намысты жоғары ұстауға, барды қанағат тұтуға, жоққа сабыр сақтауға, өткіншіге өкінбеуге, болмашыға бұлқынбауға бекем ел едік. Баланы емес, бауырды биік санаған, өзінен гөрі өзгеге өзегін жұлып берген жүректі ұлттың жұрнағы едік. Жеке мүддеден жұртым дегенді жанына жақын тартқан тектіліктің тегі едік. Көшпелі өмірдің көшінде қауіп-қатерге кезіккенде батыл қасиетке бел буған батыр едік. Ұлды ұлықты, қызды қылықты етіп тәрбиелеген тағылымы төре тұрған тұғырлы едік. Еркек алдында әйелі әлін білген, әке тұрып, ұлы шектен шықпаған, береке-бірлігі бүтін шаңырақтың құтын сақтаған қуатты едік. Үлкенді әз тұтып, кішіні қуаттаған, сөзге тоқтап, уәдеге берік болған байыпты едік. Нағашыға арқа сүйеп, құдаменен жілік ұстасып, жиенмен жаға жыртыспай, туыстық татулықты ту көтерген едік. «Біз кім едік?» дегенде «білекті едік, жүректі едік, жақсылыққа тілекші едік» дейтін дарабоз едік. Осынша қасиеттің қадірін қашырмай, қалыбын бұзбаған қайсар қазақ Азия, Кавказ, Еуропаның төсін төстеп еді. Жебесі жетпеген жер, найзаның ұшы қадалмаған жауы қалмаған еді. Соның символы -Қазақ деген жер де бар, өзен де бар, елді мекен де бар. Сол қаһарман қазақтың ұрпағы өзін мақтан тұту керек, ардақты атына көлеңке түсірмей, кір шалдырмауы тиіс. Адами азғындаудан аулақ, «ашпын» деп алақан жайғаннан жиіркену керек. Жоқ деген жұтаңдыққа бастайды, бар деген берекеге апарады, қандай заман орнаса да пейілі таза, көңілі дархан, ниеті оң болғанымен үстем едік. Бір-бірімізді жылы сөзбен жұбатып, қуанышпен қарсы алушы едік. Ал, қысылғанда, қиналғанда бір-біріне қол ұшын, сөз жәрдемін берген едік. «Біз кім едік?» дегенде баһадүр бабалардың әруағы қолдасын деп, үмітті үзбеген, ертеңгі күнге бүтін болмыспен қараған жауынгер, жалаугер жан едік.
Ендеше, коронавирусті де сабырлықпен жеңейік, ақылға сенейік!
Қаныбек Әбдуов