Жылдам көмек көрсетер жедел-жәрдем
Келісілген уақыттан сәл ертерек баруды жөн көрдім. Есіктен кіре бере коммендант ағай жылы шыраймен кімге келгенімді сұрап, мен "ә" дегенше, қолымдағы блокнот пен қаламсабыма қарап топшыласа керек "журналист болдыңыз ғой" деп өзі жауап берді.
- Сізді келеді деп ескерткен, қазір хабарласып айтайын.
- Әрине.
- Сәл күте тұрыңыз, "пяти минутка" болып жатыр екен. (бұл медицина термині, бізше жиналыс қой. Бала кезден естіп өскен сөз болғасын 5 минуттан да артық болуы мүмкін екенін түсініп тұрмын).
- Жарайды.
Осы аралықта фотоаппаратын асынып фототілші Нұрболатта жетті. Қолды антисептикпен жуып, барынша қауіпсіздікті сақтап жауапты маманның келуін күттік. Байқасақ, мекеме қызметкерлеріне дамыл жоқ. Бірі кіріп, бірі шыққан мамандар қолындағы құралдарымен зыр жүгіріп жүр. Әрине, диспетчерлік бөлімге түскен шақыртуларға жедел жету, дер кезінде алғашқы көмек беру - олардың басты міндеті.
Диспетчер деген...
Көп күттірмей, облыстық жедел-жәрдем орталығы басшысының орынбасары Ғалия Талғатқызы да келді. Алдын-ала келісілген уәде бойынша мекеменің жұмыс барысымен таныстыруды бастап кетті. Өзі медицина саласында 30 жыл, ал осы ұжымда 23 жыл қызмет атқарған кісі екен. Әуелгі қадам диспетчерлік бөлімшеден басталды. Әйтпегенде ше, мекеме қызметі осы жерден бастау алады емес пе? Алғашқы көмек сұраған тұрғынға мамандардың дереу жетуін, бағытын бағдарлап отыратын осы операторлар.
Біз барғанда алғашқы шақыртуда келіп түсті. Шаған ауылының 73 жастағы тұрғынын күйік шалған екен. Операторлар тез арада ауылдағы бөлімшеге байланысқа шықты. Мән-жайды айтып, мекен-жайды мәлімдеген соң фельдшер маман діттеген жерге дереу аттанды. Ауыл-аймақтағы бөлім мамандарының уақытылы баруын бұл жақтағылар қадағалап отырады.
Бұл диспетчерлік бөлімшедегі күн сайынғы көрініс осы іспетті. Оператор қыз-жігіттер сәт сайын тұрғындар қоңырауын қабылдап, көмек сұрағанға бригаданы жібереді. Мұны бар-жоғы 7 адам атқарады. Дегенмен ол жерде арнайы формадағы полицей мамандарына да көз түсті. Медициналық мекемеде "Олар не істейді?" деген ойдың болғаны рас. Сөйтсек, "112" - төтенше жағдай мен "102" - полиция басқармасы жедел-жәрдеммен бірігіп жедел әрекет етуге көшкен екен. Яғни, облыс аумағында аса ауыр оқиғалар орын алса үш мекеме қызметкерлері бір мезетте оқиға орнына жетеді деген сөз.
Алыстағы ағайынға жылдам жәрдем
Әуелде бұл ұжымның бір күндік жұмысымен танысу мақсатында бригадалық топпен бірге шақыртуға барып, алғашқы көмек беруін көзбен көру жоспарда болған. Алайда қазіргі қиын ахуалды ескеріп, әрі мамандарға қосымша жүк болмайын деп тек фототілшіні жіберуді жөн көрдік. Солай ол келесі шақыртуға 10-шы бригадамен бірге кетті. Ал біз қалған бөлімдердің қызметімен танысамыз.
Жалпы облыстық жедел-жәрдем орталығының аудандардағы филиалын қоспағанда қала қарасты Тасбөгет, Белкөл кенті мен Ж.Махамбет, Қосшыңырау ауылында бөлімдері, сондай-ақ, әр емхана бойынша жедел-жәрдем қызметі бар. Бұл мекемеде тек Сәулет мөлтек ауданының бөлімшесі орналасқан.
Қазіргі таңда орталық барлық аудан, қала, оған қарасты ауылдарды толық қамти алғанымен шалғай орналасқан ауылдарға жету ұзақ уақытты алады. Жұртшылықтың жедел-жәрдем дер шағында келмейді деп шағымдануының себебі осы. Бұл мәселе кезінде қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында қаралған еді. Сала мамандарының қатысуымен бүге-шүгесіне дейін талқыланған болатын. Сонда басшылық тарапынан Қарауылтөбе, Талсуат елдімекеніне бригада қою үшін қажетті нысанның жоқтығы айтылды. Мәселені шешу сол ауылдың әкімдеріне жүктелген. Шешімін тапса ауылдағы ағайынға алғашқы медициналық көмек жедел ұйымдастырылмақ. Сөз барысында Ғалия Талғатқызы алдағы уақытта 4 қосымша бөлімше ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Жоспар орындалса жедел көмекке бұрынғыдан да жылдам қол жетпек.
Санавиция салмағы
Бұл қызметтің науқасқа ауадай қажеттігін жақсы білемін. Бір кездері өзімде ауыр жағдайдан осы санавиациялық көмектің арқасында аман қалғанмын. Бүгінде бұл ұжымдағы 1 диспетчер мен 6 фельдшер ауданда ауыр халде жатқан науқастың дер кезінде облыс орталығына жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Біз барған сәтте Жалағаш, Қармақшы, Қазалы ауданынан шақырту түсіпті. Науқастың диагнозы жазылған анықтама бойынша бөлімше басшысы Базаров Меңіл тиісті мекемелерге сұраныс беріп жатыр, мамандар даяр болғанда дереу жолға шығады. Бұл ретте 4 әуе көлігі тасымал жасайды. Қажетті құрал-жабдық, аппаратпен толық қамтылған, бәрі жеткілікті. Бөлімше тәулік бойы жұмыс істейді. Қызметкерлердің үзіліс жасап, демалатын, тамақтанатын арнаулы бөлмесі жабдықталған.
Сын сағатындағы сақтық
Қазір аймақ тұрғындары алаңдаулы күйде. Себебі белгілі, әлемді шарлаған Covid-19 вирусы біздің елге де жетті. Облысты да айналып өтпеді. Күннен-күнге саны артып, үрей туғызуда. Мұндай кезеңде мұндағы әр қызметкердің жауапкершілігі еселене түседі. Қауіп-қатерге бас тігіп, вирус жұқтырған науқасты үйінен оқшаулап алып шығу, тиісті орынға жеткізу бетпе-бет келген адамға оңай емесі анық.
Орталықтан осы індетке қарсы қорғаныш құралдары тұратын бір бөлме дайындалған. Науқасты оқшаулайтын арнайы биобак, тыныс алу аппараты, дәрігер, медбикелердің қорғаныш киімі күнделікті дезинфекцияланып, келесі қолданысқа әзірленеді. Ал, ерекше жағдайдағы науқасты тасымалдаған мамандар 14 күнге бақылауда болады. Оған қоса іштегі қызметкерлердің де қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан кіре беріске антисептик, бетперде мен медициналық қолғап қойылған. Осы үш қорғаныш құралын қолданбай мекемеге кіруге рұқсат жоқ.
Білім мен білік заман талабы
Айта кетер жайт, мұнда барлық қызметкерге барынша жағдай жасалған. Түнгі кезекшілікке түскендердің, диспетчерлердің бөлек жатын орны, тамақтанатын асханасы бар. Тіпті, бұл аудан орталығынан келетін қызметкерлері үшін де қарастырылған.
Келесі бағытты симмуляциялық оқыту кабинетіне бұрдық. Алаңсыз кіріп келген мені ондағы манекендер шошытты. Кушеткада жатқан адам сұлбасын көріп, "мұны мұнда қамап қойғаны несі?" дедім іштей. Құдды тірі жан дерсің. Бақсақ, әшейін оқыту құралы екен. Бұл жерде жүрек тоқтағандағы алғашқы жәрдем, негізгі алғашқы көмек сынды бірнеше бағытта дәріс өтеді. Оны шетелде білімін жетілдірген, халықаралық стандартқа сай сертификаты бар маман жүргізеді. Қала, аудан, ауылдан келген жәрдемшілер осы жерде білімі мен білігін шыңдайды. Айтпақшы, жоғары атап өткен арнайы бөлмелер осындай сәтте олардың сырттан қатынап, уақыты мен қаржысын шығындамай білім алуы үшін жабдықталған.
***
Сонымен бұл орталықта облыс бойынша 49 бригадалық 2 ауысымда қызмет етеді. Жалпы қызметкерлер саны 900-ден асады. Оның ішінде 80-ге жуығы дәрігер болса, 485-сі орта буынды медицина қызметкері, 223-і көлік жүргізушісі.
Мекеме басшысының орынбасары Ғалия Талғатқызының айтуынша, диспетчерлік бөлімдегілер күніне 1500-1600 қоңырау қабылдайды екен. Тек соның 1500-іне ғана осы орталық мамандары жұмылдырылады. Қалған 100 шақырту емханадағы, ауыл-аймақтағы бөлімшелерге жолданады.
Айтқандай, біз жұмыс барысын тәмамдағанша 10- бригадалық топпен кеткен фототілшіміз Нұрболатта келді. Қан қысымы көтеріліп, мазасы кеткен қала тұрғынын тиісті орынға аман-есен жеткізіп, дәрігерлерге тапсырыпты. Жолда ешқандай кедергі болмағанын айтады. Жедел-жәрдем дабыл қаққан сәттен көшедегі көліктер жол беріпті. Науқастың үйіне де, аураханаға да тура уақытында барып, оның өміріне төнген қауіпті осылай мамандармен бірге сейілтіп қайтты.
Р/S: Мекеме жұмысымен танысу барысында төменгі қабатта орнатылған дабыл қаққышқа дамыл болмады. Әр бригаданы реттік санымен шақырып жатыр. Бірінен соң бірі зыр жүгірген топ мамандары әп-сәтте құрал-саймандарын қолына ұстап, жәрдем беруге асығуда.
Айдана САЙДУЛЛА
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ