42500 теңге кімге бұйырады?
Қазіргі бүкіл дүниені дүр сілкіндірген індет өз несібесін табан ет маңдай терімен тапқан қарапайым шаруаны ғана емес, мүйізі қарағайдай ірі кәсіп иелерінің, мемлекеттік қызметкерлердің, сан сала өкілдерінің ұнжырғасын түсіргені белгілі. Күні кеше нәпақасын жолаушы тасымалынан айырып отырған таксистер де енді осы санат қатарына кірді. Қоғамдық көлік тасымалына да шектеу қойылды. Кіріс көзін күнделікті тауып, «шықпа жаным, шықпа» деп несиемен күн көріп отырған жеке кәсіпкерлердің базарына да қара құлып салынды. Дүбірлеген дүниедегі адамзаттың тірлік көзі етіп отырған шаруасы бір мезгілде тоқтап, сын сағат орнады. Бірақ айналысатын жұмыс азайғанмен, тірі адам тіршілігін жасау керек. Енді не істемек керек? Сындарлы сәтке сыр білдірмеуге шақырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезіндегі тосын қиындыққа ұшыраған халықтың үміт шырағын жағып, мәлімдеме жариялады. Бұдан бұрын Президент әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен табысынан айырылған аза¬мат¬тарға ең төменгі жалақы мөл-шерінде қолдау көрсетілетіні туралы айтқан болатын. Қазіргі жағдайдың аса ушығып тұрған кезеңінде ол осы көмекті алатын аза¬мат¬тардың санатын кеңейтуді тапсырды.
Енді 42500 теңге көлеміндегі қаржы бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарға да бұйыратын болды. Аталған көмекті алу үшін тек ол санаттағылар өздерінің мәртебесін бекітуі тиіс. Сонда төтенше жағдай кезінде мемлекеттен ай сайын әлеуметтік көмек беріледі. Тіпті жеткілікті табысы барлар да осы төлемді алу үшін өтінім беруіне болады. Шамамен ел қазынасынан 3 миллионға жуық азаматқа осы көлемдегі көмек көрсетіледі.
Ал енді ел қоржынынан алынар қаржыны рәсімдеу тәртіпбі қандай?Бұл төлем қарапайым халықты сергелдеңге салмай ма?Қазіргідей төтенше жағдай режимі орнаған күрделі кезеңде топырлаған халық банк пен почтаның алдына барып ұзын-сонар кезекке тұрып, қауіп ошағын көбейтіп жатқан жоқ па? Мәселенің мәні осында тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл туралы мынандай кеңес береді. «42500 теңгелік жәрдемақыны алу үшін не істеу, қандай және қайда құжат тапсыруы керек? Біріншіден, енді ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Тек қана өтініш беріледі. Жұмыс беруші өз өтінішіне жұмыскерлердің тізімін қосады. Бұл жерде төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын ешкімге дәлелдеу міндетті емес. Екіншіден, мұның барлығы электронды түрде жүзеге асырылады. Қазіргі таңда халық қиындықтар мен түсінбеушілікке бой алдырмас үшін, біз бұл жағдайды техникалық жағынан жетілдірмекпіз. Бұрыннан келе жатқан egov электронды өтінімдер бөліміне кіріп, электронды өтініш қалдырсаңыз болғаны. Осы жерде өзіңіз жайлы мәлімет қалдырасыз (аты-жөніңіз, электронды карта номерін). СМС арқылы кілт сөз алып, қол қоюға болады. Электронды үкімет сайты кейбір адамдарға, әсіресе, егде тартқан тұрғындарға қиындау болып отыр. Сол себепті еңбек министрлігі БТС ұйымымен бірігіп, сайт аштық. Бұл сайтта дәл осындай қағидалар орындалады, алайда ол жақта қызметтер оңтайландырылған, – деді ол.
Министр айтқандай, төтенше жағдайға орай сайт арқылы жәрдемақы алу біршама жеңілдеді. Алдымен сіз https://42500.enbek.kz сайтына кіріп, «Жәрдемақы алу 42 500» тетігін таңдайсыз. Өзіңіздің аты-жөніңіз, ЖСН, IBAN немесе жұмыс берушінің БСН, электронды поштасы көрсетілген нысанды (форманы) толтырасыз. Соны жібересіз. Жүйе телефон нөмірін сұрайды. Сол телефонды сіз SMS арқылы жіберілген кодпен растайсыз. Осылайша, өз өтінішіңізді үйде интернет немесе ұялы телефон арқылы болса да оп-оңай жібере аласыз. Сіз табан тоздырып, әуреге түспейсіз, оны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ деректі тексеріп, қабылданған шешім туралы сізге SMS-хабарлама жолдайды. Ақпарат төлемді тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-қа жіберіледі. Міне, осылайша сізге мемлекет бөлген қаржыны үйде отырып алуға мүмкіндік туды. Осындайда үйінде компьютері жоқ адамдар бұл мүмкіндікті қалай пайдаланады деген сұрақ туындайды. Ол мәселенің де еңбек министрлігі шешімін тапқан. Telegram желісінде арнайы бот жұмысын іске қоспақшы. Яғни, бұл мобильді қосымшасы арқылы сіз 42500 теңге жәрдемақысы бойынша өтінішті ұялы телефон арқылы қалдыра аласыз.
Ал, біздің аймақта бұл талаптар қаншалықты жүзеге асып жатқанынан жергілікті тұрғындарға түсінікті болу үшін сала мамандары түсінікті тілмен жедел хабарлама жасауда. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаевтың айтуынша, бүгінде осы төлем бойынша 2717 азаматтың құжаты дайындалып, автоматты түрде жолданған. Ал 1715 адамның карта шотына тиісті материалдық көмек түсірілген. Egov.kz порталы арқылы түскен өтініш жұмыспен қамту органы жанынан құрылған штабта қаралуда. Штаб арқылы филиалға облыстағы 80 ұйымдағы 238 жұмысшыдан өтініш тіркелген. Күнделікті түскен өтінішке сол күні төлем жасалуда. Әлеуметтік сала бойынша мамандар күні-түні жұмыс жасап жатыр. Жоғарыда көрсеткен министрдің пәрмені бойынша біздің аймақта бұл жұмыстар қауырт жүргізілуде, –дейді филиал басшысы.
Филиал басшысы мобильді азаматтар базасына тіркелу жайын кеңірек бағамдай кетті.
–Сіз үйде отырып бейнеқоңырау арқылы ХҚКО операторымен байланысып, нөміріңізді базаға енгізесіз. Осыдан кейін бірреттік құпиясөз арқылы кіре аласыз және қызметті алу үшін бірнеше қадамнан өтуге болады.
Мобильді азаматтар базасына азаматтарды тіркеу үшін бүгінде республика көлемінде 500-ге жуық ХҚКО қызметкері жұмыс атқаруда. Ал төтенше жағдайға орай табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын 3 мыңға жуық қызылордалыққа тиісті қаржы өтінішсіз аударылуда. Төлемді тағайындау азаматтардың өтінішінсіз жүзеге асырылды. Төлемді соңғы 12 айда кемінде 1 рет БЖТ төлеген адамдар алуда, – деді ол.
«Қазпочта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Айда Әбибуллаева өзінің фейсбук парақшасында жергілікті тұрғындарға өз өтінішін жолдапты. «Құрметті 42500 теңге көлеміндегі көмекке үміткерлер! Қалаға қарасты елді-мекен тұрғындары! Біз, Казпочта қызметкерлері, сіздерді барынша тәртіп пен сабырға шақырамыз. Елді-мекендердегі әкімдік аппараттарында жауапты қызметкерлерге жеке куәліктеріңіз бен телефон номерлеріңізді апарып берсеңіздер, олар бізге тізіммен жолдаса деген ұсынысымыз бар. Ақша түскеннен кейін кестемен әр елді-мекенге мобильдік топтарды жіберіп, ақша тарату жұмысын ұйымдастырар едік. Бөлімшелерде қазіргі кезде кезек шамадан тыс болып тұр. Әлемде және біздің өңірде төтенше жағдай екенін естен шығармауды, сақтық шараларын қабылдап, кезекте 1-2 метр алшақтықпен тұруды өтініп сұраймыз. Өйткені, өз қауіпсіздігіміз өз қолымызда емес пе? Ағайындар, шу шығармай, даурықпай, сабырлықпен, түсіністікпен осы сынақты да өткерейікші.Қызметкерлер барынша, нәр татпай, су ішпей жұмыс жасап жатыр. Мүмкіндік берсек жұмыс жасауға» делінген жазбада.
Шынында қарапайым халықты біз де сабырға шақырамыз. Сабыр сақтау туралы Пайғамбар хадисінде де кеңінен айтылады. Небір тауқыметтен, ашаршылықтан, қанқұйлы соғыстан, қиын-қыстау кездегі небір сыннан сүрінбей өткен елдің перзенттеріміз ғой. Желіде жарияланған жел сөзге алданбай, әр нәрсенің ақырын сабырмен күткеніміз жөн болар. Тосыннан келген сын сағатта азаматтық танытып, елімізді, елдегі ағайындарды бірлік пен ынтымаққа шақырып, мамандар кеңесіне мән берейік. Мемлекет қамқорлығындағы ел болғанымыз үшін Аллаға тәубе дейікші. Тұтас елдің туы астында бірлігіміз бекем болса, індет құрсауынан да босап, жарқырап күн шығады. Бодандықтан босаған азат елдің ұрпақтары бұл қиындыққа да қасқая қарайтынына көңілде күмән жоқ. Себебі, біз әрдайым біргеміз!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА