Ұлтымызды бірлікке бастайды
Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші. «Ел ертеңін білгің келсе сол елдің жастарына қара» деген ежелгі тәмсіл сөз бар. Расыменде тәуелсіз Қазақстанның келешегі білімді де, білікті жастардың қолында.
Бүгін Тұңғыш Президент халыққа арнайы үндеуін жариялады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашанда халқымен бірге екенінің айқын белгісі. Елбасы сөзі ұлтымызды ұйымшылдыққа үндеп, жастарымызға жігер берді. Мемлекеттің айрықша қамқорлығы арқасында қаншама жастар тегін білім грантын иеленіп, барлық салада зор табысқа жетті.
Осындай өтпелі күрделі кезеңде біздің де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірліктің байрағын көтеруіміз керек. Сыр жастары да бұл тұрғыда аянып қалмасы анық. Осы қалыптасқан ахуалға қарай жедел шаралар қабылдануда. Оған дәлел елдегі төтенше жағдайға байланысты мемлекеттің қажетті қамқорлығын айтуға болады. Сонымен қатар, «Біз біргеміз!» акциясының аймағымызда да айтарлықтай жүзеге асуы.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым:тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетінешқашан естен шығармаңдар», – деді.
Мұның бәрі – ел бірлігі үшін айтылып жатқан үлкен қолдау. Осындай қиын кезеңде бәріміз саналы қарекет пен жауапкершілік танытайық. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты шаралардың жүзеге асуына өз үлесімізді қосайық. Себебі бұл сынақты тек бірліктің, сабыр мен төзімнің арқасында ғана жеңе аламыз.
Нұрбол АППАЗОВ,
ҚМУ профессоры.