Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Абдусаметов Жақсылық Әбілқасымұлы: Қауіпті сейілту үшін талапқа бағынған жөн
Өңірде карантиндік режим күшіне еніп, оның уақыты ұзарғаны белгілі. Күн санап өршіп, белең алған қауіпті инфекциямен күреске барлық тиісті мамандар жұмылдырылған. Десек те, қалыпты өмірден қауіпсіздік шарасына бағынған тұрғындарды алаңдататын жайт көп. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовпен сұқбаттасқан едік.
– Жақсылық Әбілқасымұлы, өңірде Covid-19 вирусын жұқтырғандар күн санап артып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, олардың басым бөлігі науқаспен қарым-қатынас жасағандар. Осы ретте коронавирус туралы тұрғындар нені білуі керек? Вирустың ауа арқылы таралып, кеңістікте 2-14 күн аралығында сақталады дегені қаншалықты рас?
– Рақмет! Коронавирус індетінен сақтану шаралары жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанына қарамастан бұл індет Сыр өңірінен де сырт айналмады. Аймақта тіркеліп отырған науқастардың барлығы «COVID-19» вирусын жұқтырған адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қазіргі таңда инфекцияның таралу қаупін төмендету үшін Қызылорда қаласы, Жаңақорған кенті және Шиелі ауданының Ш.Қодаманов, Балаби ауылдары карантиндік режимге көшті. Облысымыздағы тіркелген жағдайға байланысты денсаулық сақтау саласының қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Науқаспен байланыста болған адамдарды оқшаулау жұмысы мерзімінде жүргізіліп, дәрігерлер уақытпен санаспай міндеттерін атқаруда. Ал, жалпы коронавирус инфекциясы респираторлы вирус болғандықтан, ауа тамшылары арқылы жұғу қаупі жоғары. Ол сыртқы ортада жағдайға қарай орташа 5 тәулікке дейін сақталады. Сол себепті тұрғындардан төтенше жағдай кезіндегі талаптарды қатаң сақтауды сұраймын. Егер тұрғындар карантиндік талапқа немқұрайлы қарамай, сақтық шараларын ұстанса, онда вирустың таралу қаупі де төмендейтін болады.
– Қазір аймаққа 1-А, Б категориялы елдерден келген азаматтардың көпшілігі үй жағдайындағы бақылауда екен. Олардан келер қауіп аз ба немесе бәрін бірдей медициналық орында оқшау қарастырылмаған ба? Үйден бақылауға алынғандарға қандай ем шаралары жасалады?
– Вирус жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулайтын ғимараттың реті болмай тұр. Сондықтан өз үйінде оқшаулауға тура келеді. Ал оларды медицина қызметкерлері күнделікті температурасын өлшеп, денсаулығына тексеру жүргізіп, бақылап отырады.
– Аталған індетті жұқтырған алғашқы науқаста ауру белгісі 27 күн шамасында белгі берген екен. Ал, біздегі бастапқы карантиндік мерзім 14 күнді құрайды. Осыны ескеріп, оқшаулау мерзімін ұзартуға мүмкіндік бар ма?
– Бізде атқарылатын шаралар статистикалық мәліметтерге, ғылыми дәлелдемелерге сүйене отырып жүзеге асады. Коронавирус инфекциясының орташа инкубациялық кезеңі 14 күн болып есептеледі. Бақылау шаралары да осы мерзімге сай ұйымдастырылады. Аталған жағдайда ауытқу орын алып отыр. Бірақ бұндай жағдай өте сирек кездеседі. Инфекцияны жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығы 14 күн бойына карантиндік бақылауда болады. Егер сол уақыт аралығында вирус жұқтырғаны анықталса, әрі қарай жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып, ем жүргізіледі.
– Вирустан айығудың емі қандай? Бүгінгі таңда Covid-19 жұқтырғандарға қандай ем жүргізілуде?
– «Covid-19» жұқтырғандарға ем арнайы бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Негізгі емі – вирусқа қарсы арнайы дәрілер.
– Қауіпті індетпен күресте қанша инфекционист дәрігер жұмылдырылған? Қосымша күш қажет болса, бұл сапқа кімдер қосылады? Олардың дайындығы қалай?
– Індетпен күресу барысында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 14 инфекционист, 7 аудандық ауруханалардың жұқпалы аурулар бөлімінде 14 инфекционист дәрігер қызмет етуде. Арнайы ашылған төсек орындар нормативке сай мамандармен қамтамасыз етілген. Қосымша маман резерві жасақталған. Әзірге қосымша күшсіз жұмыс істеп жатырмыз. Қауіпті індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлері қауіпсіздік құралдарымен толық қамтылған.
– Бұл – емделуші үшін де, дәрігерлер үшін үлкен сын болып жатыр. Ең бастысы, аурудан жазылып шыққандар бізді де қуантуда. Аймақтың бас дәрігері ретінде Сізді ең қобалжытқан мәселе не болды?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі таңда медицина қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ең алаңдататыны – тұрғындар тарапынан жағдайға жете мән бермеуі індеттің таралуына ықпал етіп отыр. Тәжірибеден көріп отырғандай, бір адамның өзі бүкіл отбасының, дос-жаранның, ауылдың індетке шалдығуына себепкер болуы мүмкін. Қауіпті сейілту үшін барша тұрғындардан сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Айдана СЕЙІЛ