Карантин қаламызға емес, санамызға керек!
Коронавирус. Кесел жұқтырушылар статистикасы күн сайын жоғарылап барады. Енді қайттік? Індетті тұсаулаудың бір ғана жолы бар екенін мамандар дабыл қағып айтты. Ол – үйде отыру. Қолыңыздан келе ме? Жоқ, қолымыздан келмей жатыр. Тажалды тұншықтыруға қолдан келер амалды жасай алмай жатырмыз. Сол себепті де статистика күн сайын кейін шегінудің орнына алға кетіп барады. Ал біз әлі немқұрайлымыз....
Наурыздың соңғы күнінен бастап Қызылорда қаласы карантинге жабылды. Мұндай шешім қабылдау жайдан-жай емес екенін бәріміз де біліп отырмыз. Себебі, тағы да статистикаға көз жүгіртсеңіз, біздің облыстың індет жұқтырудан алға шығып бара жатқанын байқау қиын емес. Неге тоқтамайды? Қолдан келер барлық қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Барлық жұмыс орындары мүмкіндігінше онлайн режимге көшті. Көшелер өз тәртібімен залалсыздандырылып жатыр. Қауіпсіздік шаралары неге жасалмайды деп дабыл қағуға негіз жоқ. Демек, індеттің таралуына жол берген бірден-бір себепші өзіміз. Үйден шығуға болмайтыны жөнінде ескерту де, түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де мән бергеніміз шамалы. Азық-түлік сылтауымен күнде дүкен жағалау, бір көмектен қалып қоярмын деп мекеме жағалау, 42500-дің желеуімен пошта алдында сірескен кезекке қарап әзірге денсаулығын ойлап жүрген адам санаулы ма дерсің?! Әйтпесе, бүгін-ертең поштаға ұзын-сонар кезекке тұратындай төтенше жағдай кезінде жасалатын төлем мерзімі шектеулі емес. Анығын айтқанда кеш қалатындай жағдай емес. Тіпті, зейнетақыны үйге жеткізіп береміз дегенге құлақ асып жатқан да ешкім жоқ. Сол сірескен кезекке тұру, мекеме жағалау денсаулықтың жанында түкке тұрғысыз дүниелер екеніне әлде де тереңнен ойламайтынымыз өкінішті. Әйтпесе, 42500 деп жүргеніңіз кесел жұға қалса (құдай бәтін әрі қылсын), керек болмай қалатынын бір сәт ойлап жатқан ешкім жоқ.
Сенбесеңіз, статистикаға зер салыңыз. Індет жұқтырудан күн сайын өсу жағдайы Нұр-Сұлтан, Алматы, содан кейін Қызылорда облысының тұрғаны ойландырады. Бұл төтенше жағдай талабын сақтауға немқұрайлығымыздан, үйде отырып сақтануға жас түгіл үлкендердің мән бермеуінен десек артық емес. Цифрды сөйлетсек, жүрек ауырады. 9 сәуір күнгі статистика былай дейді: Нұр-Сұлтанда – 222, Алматыда –119, Қызылорда облысында – 92.
Аймақтағы ахуал күрделі
Коронавирус инфекциясына байланысты брифинг берген облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов аймақтағы ахуал күрделі екенін айтты. Брифингте атап айтылғандай, індеттің алдын алу және жою шараларына облыс әкімдігінің қаулысымен облыстық денсаулық сақтау басқармасына 104 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржының 13,8 млн теңгесіне 1500 литр антисептик, 350 дана төсек жабдығы, сатып алынып, залалсыздандыру жұмыстары мен тамақтандыруға 26,3 млн теңгеге келісім шарт жасалынды. Сонымен қатар облыстың төтенше резервінен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына қосымша қарастырылған қаржы есебінен 156 млн теңгеге 40 мың дана бетперде, 270 литр антисептик сатып алынып, әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарына таратылуда. Залалсыздандыру жұмыстарына жұмылдырылатын аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамын қамтамасыз ету мақсатында 192 кг деохлор, 200 дана қорғаныш киімдері және 50 дана дәрі себу құралдары сатып алынды.Мұнан өзге облыстық бюджет қаржысынан Қызылорда қаласына 200 млн теңге, Жаңақорған ауданына 50 млн теңге бөлінген.
Залалсыздандыру жұмысы күшейді
Қалада залалсыздандыру жұмыстары күшейді. 131 аумақты залалсыздандыру жұмыстары күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Қаладағы қоғамдық көліктер, аялдамалар, теміржол мен автовокзалдар, ірі кәсіпкерлік нысандар, базарлар және адам көп жүретін көшелер, көпқабатты тұрғын үйлер аумақтары және әлеуметтік нысандарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
– Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомоблиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев: «Бүгін міне Әл-Фараби, С.Торайғыров, Хон-Бен-До көшелерінде және тұрғын-үй аулаларында орналасқан балалар ойын алаңдары, аялдамалар мен қоқыс жәшіктерінде залалсыздандырылуда. Көшелерге арнайы гипохлорид кальций ерітіндісі қосылған қоспамен, ғимараттарды диохлорид ерітіндісі қосылған қоспамен залалсыздандырылды. Бұл жұмыстар әрі қарай бекітіленген кестеге сай кезең кезегімен толығымен дезинфекцияланады және барлық құралдар-жабдықтар жеткілікті»,– деді.
Бас санитардың жаңа қаулысы: Тәртіп күшейеді!
Аймақтағы ахуалға байланысты облыстың бас санитарының қабылдаған жаңа қаулысы 7 сәуірден 21 сәуірге дейін ұзартылды. Жаңа қаулының талабын естен шығармаңыз:
–Кешкі 20.00-ден таңғы сағат 06-00-ге дейін қалада жүруге тыйым салынады.
–Азық-түлік дүкендері, сауда үйлері 10-00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды;
–«Ақмешіт», «Мерей», «Шанхай», «Аспалы көпір», «Тасбөгет» кенттерінің тұрғындары патрульдік полицияның қадағалауымен ғана қала аумағына кіре алады. Осы аудандарда әр үйден бір адам қажеттілікпен ғана шыға алады.
–Дәріханалардың жұмысына шектеу жоқ;
–55 жастан асқан тұрғындар мен жасөспірімдерге көшеде жүруге тыйым салынады;
–Қоғамдық көліктер таңғы 06-00-ден кешкі 20-00-ге дейін күшейтілген дезинфекциялық жұмыстар арқылы жүре алады.
–Тұрғындар енді көшеде бетпердесіз жүре алмайды;
Тәртіпке бағынсақ індетті жеңеміз!
Кеше қалалықтарға үндеу жолдаған шаһар басшысы Н.Нәлібаев: «Тәртіпке бағынып, гигиеналық, санитарлық режимді күшейткен жағдайда ғана біз бұл індетті тоқтата аламыз» деді.
Індетті тоқтатуға жауапкершілікпен үлес қосыңыз! Үйден шықпаңыз!
Сіздің үлесіңіз қандай?
9-сәуір күні брифинг берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов аймағымызда бір тәуліктің ішінде 23 жағдайдың тіркелуі дабыл қағарлық мәселе екенін атап айтты. Індеттің күн сайын өрши түсуінің себебі карантин талаптарының сақталмауы екенін де айтты облыстың бас дәрігері.
Брифинг түйінінде бас дәрігер барлық тұрғындарға «Сіз індеттің таралмауына қандай үлес қосудасыз?» деген сауал тастады.
Ең үлкен үлесіңіз карантин талабын сақтап оқшаулану, үйде отыру екенін де атап айтты.
Шынында да үлесіңіз қандай? Қайда жүрсіз? Үйдесіз бе?
Гүлмира Ділдәбекова