Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Карантиндегі қала

Карантиндегі қала

Қала қақпасы жабылды. Бұрынғыдай ерсілі-қарсылы қозғалыс жоқ. Коронавирустан қорғану үшін етек-жеңді жинап, қымтанбасқа амал қалмады. Әдепкіде бізде де бір жағдай тіркелгенін естіп, үрейленгенше болған жоқ, Сыр еліндегі індетті жұқтыру күн санап өсе берді. Жағдайдың күрделі екені ескеріліп, наурыздың соңғы күнінен сәуірдің 15-не дейін карантинді қала тұрғынына айналдық. Ең басты мәселе бұл емес. Мәселе – карантиндегі қаланың тыныс-тіршілігі мен тәртібі, талапты сақтауы. Себебі, қашан да қонақжай, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр елінде төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан қонақ шақырып, кішігірім той жасаудан бас тарта алмағаны да аты жаман дертті жұқтырудан алдыңғы қатардан көрінудің бір себебі екені даусыз.
Жағдайдың күрделілігіне орай қақпаны жапқан қаланың тыныс-тіршілігі төмендегідей.

Көңілге медет мәлімдеме

Күн сайынғы ахуалдан хабардар қалалықтар үшін қаланың карантинге жабылу туралы жаңалығы оңай болған жоқ. Қысқартылған мерзіммен болса да еңбек етіп, күнделікті табысын тауып жүрген тұрғындар енді қалай болар екен деп дағдарып қалғаны рас. Алаң көңілді ағайынға наурыздың соңғы күні ел Президентінің жасаған мәлімдемесі көңілге медет сыйлады. Төтенше жағдайда өмір сүріп жатқан қазақ елінің жайын, көп көңіліндегі күпті сұраққа жауап айтқан мәлімдеме жабырқаулы көңілді серпілтті. Жыл басталғалы бері алып-қашпа әңгімелердің, негізсіз деректердің ешкімге пайдасы болмайтынын түсінген ел бүгінде нақты жағдайды, сенімді дереккөздерді сұрыптай алатын деңгейге жетті. Тіпті, сол күні қоңырау шалған ағайын-туыс, оқырман болсын, Президент мәлімдемесінің жарияланған толық нұсқасын сұрап, тыңдағаннан бөлек, тағы бір оқып түйсінуге ықыласты болғаны шын қуантты.
Ел Президенті батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дертті жеңуге барлық мүмкіндік жасалып жатқанын айта келіп, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға назар аударғанын байқатты. Мәлімдеменің бір жаңалығы – зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін инфляцияға орай 10 процентке арттыруы, төтенше жағдай кезінде 42500 теңге табысынан айырылған азаматтарға ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып, ресми тіркелмеген азаматтарға да берілетіндігі қарапайым халықты қуантты. Сонымен қатар қиын кезеңде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санатын кеңейту, атап айтқанда 1,2, 3-інші топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға, және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға берілетіндігі атап айтылды. Бұл 800 мыңнан астам адамға көмек болмақ.
Мәлімдемеде кәсіпкерлерге қолдау, несие, салық төлемдерін кейінге шегеру жайы да қиын кезеңде дағдарыстан шығудың бір жолы. «Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді. Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек» деген Мемлекет басшысы еліміздегі екінші деңгейлі банктерге үлкен жауапкершілік артты. Кәсіпкерлер үшін түйінді мәселенің бірі – салық төлемдері болса, мәлімдемеде бұл мәселе де шешімін тапты, кәсіпкерлер 6 айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын табыс салығынан және басқа да төлемдерден босатылды. Сонымен қатар көктемгі егіс науқанына мән беру, жанармайдың бағасын арзандату секілді нақты шаралар атап айтылды. Елді қиындықты бірге еңсеруге, әрбір адамның қамқорлықтан тыс қалмайтынын мәлім еткен мәлімдеме күрделі сәттегі көкейтесті мәселенің түйінін шешті.

24 сағат жұмыс

Аймақтағы ахуалдың күрделі екендігін айтып, Сыр халқынан төтенше жағдайға орай барлық шектеу талаптарын сақтау қажеттігін жергілікті телеарна арқылы үндеген аймақ басшысы облыстағы жедел штаб тізгінін өз қолына алды. «Бүгіннен бастап коронавирус індетінің алдын алу бойынша жедел штабты өзім басқарамын. Сондықтан облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдері сіздерден төтенше жағдай мерзімінде тәулігіне 24 сағат жұмыс екендігін ескерткім келеді» деген аймақ басшысы құзырлы орындарға тиісті тапсырма берді.


Сәуір тәуір болар ма екен?!

Көктем шығысымен күн қабағын аңдып, кетпенін сайлай бастайтын диқан қауымы «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп көктемнің екінші айынан жайлы мінез күтетін. Күннен-күнге көрсеткіші өсе түскен коронавирус статистикасы сәуірдің алғашқы күні де қуантқан жоқ. Кесел жұқтырғандар саны 26-ға жетті. Сыр елінің бас қаласы ғана емес, Жаңақорған, Қазалы аудандары да карантинге жабылды. Шипасыз дерттің алдында бәрі де шарасыз.
Дегенмен осы күндері жан жылытар жаңалықтар елдің еңсесін түсірмеуге сеп болғандай. Сырдың кәсіпкер азаматтары Қайрат Боранбаев пен Мұрат Абайұлының сәуірдің алғашқы күні мұндай сәтте қолдан келер көмектерін аямайтындығын білдіріп, бірі қонақүйін, енді бірі әуежай маңындағы ғимаратын төтенше жағдай кезінде пайдалануға беруге дайын екендіктерін білдіруі көктемнің көңілсіз күндеріне шуақ сыйлағандай әсер берді.


Қала әкімінің нұсқаулығы

Шаһар басшысы Н.Нәлібаевтың тұрғындар назарға алуға тиіс нұсқаулығы жарияланды. Мұнда карантиндегі қаладағы тіршілікті, қозғалыстың, жалпы тәртіптің нұсқаулығы жазылған. Төтенше жағдай кезіндегі шектеулікті түсіндірген қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қажет.


Әлеуметтік дүкен өнімі әлеуметке жетеді ме?

Төтенше жағдай кезінде халық ең көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс орталығында 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Алайда «Әлеуметтік дүкенде» азық-түлік аз» деп пікір айтушылар аз емес. Бұл сұраққа қала әкімінің баспасөз хатшысы мынадай жауап айтты: «Қаламыздағы ахуалға байланысты әлеуметтік дүкендерге азық-түлік тауарларын жеткізу қарқыны бірнеше есеге артты. Әлеуметтік дүкендерде баға арзан. Мәселен, картоп нарық бағасынан 50 процентке төмен сатылуда. Сол себепті тұтынушылардың сұранысы артып, қоймадан жеткізілген азық-түлік тауарлары қысқа мерзімде сатылып кетуде» дейді.

Әлеуметтік дүкенде баға қандай?

Ұн (50кг) І сорт – 6300 теңге;
Нан – 55 теңге;
Қарақұмық – 350 теңге;
Рожки –150 теңге;
Сиыр еті (кг) –1550 теңге;
Тауық еті (кг) – 800 теңге;
Сүт (2,5 процент) – 265 теңге;
Қатық (2,5 процент) – 260 теңге;
Жұмыртқа (дана) – 28 теңге;
Өсімдік майы – 1700;
Жуа (кг) – 55 теңге;
Сәбіз (кг) – 82 теңге;
Қант (кг) – 230 теңге;
Тұз – 40 теңге;
Күріш (кг) – 200 теңге.

104 млн теңге

Бұл облыстың денсаулық сақтау басқармасына бөлінген қаржы. Коронавирус індетінің алдын алу және жою шараларын жүргізу үшін салаға бөлінген қаржы туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді. «Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты кеселдің алдын алу және жою шараларын жүйелі жүргізу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына 104 млн теңге бөлінді. Қаржының 12,8 млн теңгесіне мың жарым литр антисептик, 100 дана төсек жабдығы және бетперде сатып алынды», – деді аймақ басшысы.

№4 қаулыға өзгеріс: карантин тәртібі күшейе түсті

Сәуірдің екінші күні аймақтың бас санитарының 30 наурыздағы №4 қаулысына өзгеріс енгізілді: Екі аптаға дейін такси қызметіне, облыс орталығы мен станцияларына тоқтайтын жолаушы тасымалдаушы пойыздардың жүрісіне тыйым салынды. Қаулыдағы өзгерісте мұнан бөлек те қауіпсіздікті сақтау үшін тәртіп шаралары күшейе түсті.

Сөзге тоқтаған елміз немесе сенатордың сәлемі

Індет статистикасы құр цифр емес, ойландыратындай жайт. Мұндай күйге қалай жеттік. Тәртіпке немқұрайлылық таныттық па? Төтенше жағдай талабына шекесінен қарап, той тойлағанның нәтижесі ме бұл? Тіпті, қарапайым халықты айтпағанда, елге ие болатын ауыл әкімі де той ортасында төбе көрсеткені жөнінде де айтылмай қалған жоқ. Осындай жайтты бағамдаған Сыр перзенті, сенатор Нұртөре Жүсіп елге сәлемін батыра айтыпты.
Оқырмандар ескерсін деп жарияладық:
«Сыр өңірі – небір термеге тербелген ел. Қаншама жырау өтті. Сыр сүлейлері деп бәрін мақтан тұтамыз! Сол ақын, жырау, термешілерді жұрт құлақпен тыңдап, жүрекпен ұғатын.
Сырдың халқы сөзге тоқтаған, аталы сөзге құлақ асқан, әлі күнге шейін сөз қадірін терең сезінеді деп келеміз. Осы байлам жоққа шыққан сияқты ма қалай?
Соңғы бірнеше күнде жұқпалы дерт бірден көбейіп шыға келді. «Үйде отыр, жақындарыңды жақсы көрсең сыртқа шықпа, абайла» деген ескертпе күнде айтылып жатыр.
Қызылордалық бауырлар сіздерге не болды? АҚШ-қа жеткен індет Ақмешіт пен Аралды айналып өтеді деймісіздер? Хорасанға жеткен індет біздің Хорасан бабамыз мәңгі тұрақ тапқан ауданды айналып кетеді деп ойлайсыздар ма? Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарын аттап кетеді деп қай қиялдарыңыз айтады?!
Тұрмағамбет, Нұртуған, Нартай ақындардың жыр-термелерін тыңдап өскендеріңіз рас болса, Сырдарияның бойындағы қалың елді – өз ағайын, туыс-тумаларыңызды жақсы көретіндеріңіз рас болса, туған еліміз – Қазақстанды сүйетіндеріңіз рас болса – сабыр сақтап, сақтық шараларын жасауларыңызды сұраймын!
Елдікті сақтау – ерлік!
Елдің амандығын сақтау – екі есе ерлік! Ел аман болсын десек – ессіз жүрістен, есалаң тірліктен тыйылып, тазалық пен тәртіп сақтайық!».
Мұнан бөлек Сырдың зиялы қауымы да төтенше жағдай кезінде елдің сабырлық танытып, тәртіпке бағынуға шақырды. Зиялы қауым өкілдерінің хатында төтенше жағдай тәртібіне әлі де жеңіл қарайтындар жайы да атап айтылған. «Өкінішке қарай, ауданаралық жолдардағы бекеттерді айналып өтушілер мен кісі басын жинап, тіршілік түйткілі толас таппай отырғандар да кездеседі. Бүкіл қоғам болып қолы ұзын індеттің аяғын қысқарта алмай жатқанда, жер астынан жік шыққандай бұлардыкі қандай ақылға сиятын іс? Осы жайлы естігенде біз оларды есіктегі жауды төрге шығарғандар немесе ел мүддесін ескермеген есерлер деп есептеуге мәжбүрміз» деп жазады.
Сенатордың да, зиялы қауымның сөзі әлі де салғырттық танытқандарға ой салар. Сіз үшін ең қауіпсіз жер – үйіңіз. Үйде болыңыз!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА




06 сәуір 2020 ж. 736 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам