Бұл да бір белес
Уақытты уыста ұстап тұра алмайсын, сынаптай сырғи береді. Кеше ғана деген оқиға бүгін тарихқа еніп жатыр. Сол тарихтың жарқын бетіне айналған, ақпарат кеңістігінде айшықты орны бар «Ақмешіт апталығы» газетінің жарыққа шыққанына 26 жыл толып отыр.
Бұл басылым 1994 жылы 15 сәуірде өз алдына отау тігіп, Сыр бойы баспасөзі тарихында жеке газет ретінде алғашқы қарлығаш аталған апталық. Содан бері оқырманға қызмет етіп, аймақтың руханият әлеміне өзіндік қолтаңбасын қосты. Шығармашылықтың үлкен мектебіне айналды. Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне ақпараттық қолдау көрсетті. Билік пен бұқара арасында дәнекер бола жүріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға, саяси маңызды жұмыстарды жүргізуге, әлеуметтік топ мүддесін қорғауға барынша атсалысты. Қарымды қаламгер Әділхан Бәйменов негізін қалаған газеттен жүздеген журналист түлеп шықты. Олар қазір бұқаралық ақпарат саласында жауапты қызметтер атқарады, ел таныған белгілі тұлғаға айналды.
Бүгінде қалалық газет мемлекеттік саясатты жүргізуші беделді басылымның бірі. Бес мыңға тарта оқырманы бар. Шығармашылық-өндірістік процестерде сан-салалы тақырып пен түрлі журналистика жанрын қамтыған, ақпараттық технологияға сай безендіру мен көркемдік деңгейі өскен белеске шықты. Сөз бен ісі үйлескен ұжым әлі де іргелі идеяларды жүзеге асыру жолында, арқалы асуларды бағындыру бағытында бекем байламы бар басылым болуға тырысамыз. Ежелден ән-жырға, өнерге жақын өңір өмірін, оның мақсат пен мүддесін, табысты тіршілігін, еңбекпен қанат жайған, қиындықты аянбай арқалай білген халқын басылым бетінде көрсетуге борыштымыз. Біз ақпараттық қызметімізді дамыта түсіп, сіздермен бірге нәтижелі іске ұмтылысты өрістете береміз.
«Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымы.