Қызылорда облысында үш айлық азық-түлік қоры жасақталады
Қызылорда облысының тұрақтандыру қорына 4299 тонна азық-түлік сатып алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Одан бөлек, Түркістан облысының диқандарымен ерте пісетін көкөніс өнімдерін өңірге жеткізу туралы келісім жасалды. 18 түрлі агротауарды аймаққа әкелу үшін жергілікті бюджеттен 882 миллион теңге бөлінді. Тұрғындар жоғары сортты немесе қаптауы мен қоспасы бөлек тауарлардың бағасына байланысты дүкен иелеріне наразылық білдірген. Сырбойылықтар шағымы ескеріліп, ірі сауда орталықтарында арнайы әлеуметтік қатар жасақталып, таразыға тартылған өлшеулі өнімдер бөлек сатылып жатыр.
Фердоуси Қожабергенов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы: - Облыс көлемінде 3874 азық-түлік сауда дүкені жұмыс жасайды. Сауда дүкендері бақылауда болады. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан қазір түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкіметпен бекітілген шекті көлемнен асқан жағдайда оған Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 202-бабымен арнайы 100 еселенген көлемде айыппұл салынатыны ескертіліп жатыр. Осы жұмыстар басталады.
Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары: - 500 тонна күріш, 134 тонна қант, 100 тонна макарон, 500 тонна картоп, 200 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 35 тонна қырыққабат, 153 тонна өсімдік майы, 100 тонна сиыр еті, 50 тонна тауық еті, 47 тонна сүт, 12 тонна қатық және 1 тонна сары май, 2 мың дана тауық жұмыртқасы сатып алынатын болады. Сәуір-тамыз айларында ай сайын 2475 тонна жеткізу бағасымен 130 теңге 1-сортты ұн облысқа жеткізілетін болады.