Онлайн айтыс өтеді
Қызылорда облыстық мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасы және Шиелі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай «Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті» атты облыстық онлайн жазба айтысының 14-26 сәуір аралығында бірінші кезеңі өтеді. Жазба айтысқа қатысатын айтыскерлер ұйымдастырушылар ұсынған жеребе тарту әдісі бойынша жұпталды.Әр жұптың айтысы күн сайын кешкі сағат 20:00 де Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы мен Жиделі ауылдық клубтарының әлеуметтік желідегі фейсбук парақшаларында жарияланады. Бұл жазба айтыстың басты ерекшелігі қатысушы бес жұп, айтыстың әр түрі бойынша айтысатындығында. Қазылар алқасы айтысты әлемжелідегі халықтың пікірінен кейін, айтыстың көркемдігі мен ойдың нақтылығы және ұйқастағы шымырлық пен өлең құрылымының сақталуы жөнінде бағалап, ортақ шешім шығарады.
Айтыстың мақсаты – қазіргі уақыт талабына сай фейсбук әлеуметтік желісі арқылы халықтың рухани сауаттылығын арттыру, «Алтын Орда» мен көне түркілері арасындағы сабақтастық жайында және «Дешті Қыпшақ» астанасы болған тұстағы қазақ даласын жырларына арқау ету. Айтыс өнерінің (өтірік айтыс, қыз бен жігіт айтысы, қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыс) түрлерін қайта жандандыру және талантты жастарды баршаға таныту. Бүгін белгілі айтыскер ақындар Тұрар Бекмырзаев пен Ержеңіс Әбді "Өтірік өлең" айтыс түрі бойынша айтыс жасамақ.