Жыр болған жәрдемақы
Бұл індет сонау Қытайда бастау алып, сол жақты шарлап жүргенде бізде олардың кейпіне еніп, дәл қазіргі жағдайда түсеміз деген ой болған жоқ. Десе де тәжді вирус өзге елдерді де тыс қалдырмады. Оның ішінде біздің ел де бар. Осы әлемді шарпыған індет тек адам денсаулығына ғана кесірін тигізіп қоймай, ел экономикасына да, халықтың тұрмысына да теріс әсер етті. Төтенше жағдай енгізілген тұста біршама жұмыс орнының жұмысы шектелді. Ал, бүгінгідей карантин режимі күшейтілген тұста халықтың біразы күнделікті табатын табысын жоғалтты. Бірі нәпақасынан айырылып, жұмыссыз қалды.
Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында аталған жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға үкімет тарапынан тиісті көмек берілуі керектігін баса айтты.
– Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42500) көлемінде ай сайынғы төлем енгізуді тапсырамын. Жалпы бұл көмекті кемінде 1,5 миллионнан астам азамат ала алады, – деген еді.
Аты белгілі болғанымен бұрын-соңды естімеген, жөні бөлек вирус туралы түрлі ақпаратты естіп, біліп жүрген көпшілік үшін елде төтенше жағдайдың жариялануы, карантиндік режим үрей туғызғаны рас. Әсіресе, жұмысы тоқтаған, не қысқарған жандарды «енді қалай күн көреміз?» деген сұрақ мазалаған. Қысылтаяң шақта көңілі күпті болған жұртшылыққа Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы кәдімгідей демеу болды.
42500 кімге тағайындалды?
Әуелде жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы 12 айда төлем жасағандарға, орта және шағын, микробизнес қызметкеріне, жеке кәсіпкер, нотариус пен бірыңғай жиынтық төлем төлегендерге беріледі деген. Дегенмен, ел арасында жұмыссыз ретінде тіркелмеген, зейнетақы, сақтандыру қорына ешқандай қаржы салмаған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Шындығында бұл жәрдемақы кезіндегі 21 мың сияқты көрінгеннің қолына түспей, шын мұқтажға берілуі керек емес пе? Сондықтан мәселе жан-жақты зерделенуі тиіс. Осыны ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов бұған біршама өзгеріс енгенін жеткізді. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға бір рет болса да бірыңғай жиынтық төлем жасау арқылы әлеуметтік көмекті алуға мүмкіндік берілді. Сол-ақ екен, елімізде жәрдемақыға мұқтаждардың саны күрт артты. Бастапқы кезде egov.kz порталына кіру мұңға айналған. Халық сайт жұмысына көңілі толмайтынын, кіре алмағандығын жазып, бірі тіпті, бұл көмек түрін өтірік деп, жоққа шығарып жатты. Неше жылдан бері сандық жүйені дамыту керектігі, бертінде оған жаймен аяқ басқанымыз бар емес пе? Мамандар лезде кемшіліктің орнын толтыра білді. Солай, сайттан бөлек, жалпы және әр аймақта жеке телеграм боттар іске қосылды. Осылайша, 42500 теңгені алу мүмкіндігі жеңілдей түсті.
Сол мезетте
Көп балалы аналар қашанда назардан тыс қалған емес. Ал, былтырдан бастап оларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, әл-ауқатын жақсартуда біршама оң тірлік жүзеге асты. Десе де, қанағат етпеген кей жандар елең-алаң шақта облыс әкімдігінің, Nur Otan партиясы облыстық филиалының алдын торуылдап, заттай, қаржылай көмек сұрамасы бар ма? Бұл сәтте елдегі жарияланған төтенше жағдай, өңірдегі карантиндік режим, бәрі-бәрі әдірәм қалды. Қыз-келіншектер үшін қоғамның, ұлттың амандығынан, қарынның тоқтығы алға озды. Айтпағымыз бұл емес, аталған жәрдемақы беріледі дегеннен бастап, жоғарыдағы жағдай ХҚКО, жұмыспен қамту, пошта мекемесінің алдынан көрініс тапты. Бұл көрініс күн сайын көз алдымызда болды. Бүгінде рұқсат етілген жайтты айтпағанда қалада жеке, қоғамдық көліктің жүруіне, адамдардың сыртқа шығуына қатаң тыйым салынды. Десе де, пошта алдындағы 42500 теңге жәрдемақының жыры әлі бітер емес.
Үмітіңді үзбе
Тұрғындар қолына 3 күн көлемінде тиді. Күткен ақшасы қолына алғандар сол мезетте ағайын-туыс, дос-жаранның ортақ чатына жіберіп, сүйіншілеп жатты. Ал, олармен қатар тапсырса да, хат-хабарсыз қалғандардың ұнжырғасы түсіп, ендігі үмітін үзе бастағандай еді. Несін жасырайық, оның ішінде өзімізде бармыз. Бірақ, келесі төлем 1 апта көлемінде қолға тиді. Тағы да сүйінші сұрау үрдісі орын алды. Алайда, алдыңғыдай емес көпшілігі бұл хабарға селқос қарағандай ма?.. Соған қарағанда бұған дейін 42500 теңгені алғандар, ақшасын жаратып қойған болуы керек.
Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін көмек әлі де тоқтаған жоқ. Оған тапсырушы да, тапсырып қойып, жауабын күтіп отырған да жетерлік. Егер расымен жұмыстан босап, өзіңді-өзің қамтыған табыстан қағылса, оған қоса бірыңғай жиынтық төлемді төлеген болсаң, үміт үзбеңіз. Расымен, ең төменгі жалақы мөлшерінде болса да, қиын кезеңде қысылып отырған шын мұқтаж үшін бұл – үлкен көмек.
118 мыңнан аса тұрғынның өтініші
Жоғары да сайт жұмысының нашарлап, кейін төлемнің белгіленген уақыттан кеш түскенін айттық. Сонда даурыққан жұртқа министр Б.Нұрымбетов өтініш берушілердің арасында мұқтажы да, мұқтаж емесі де, талапқа сай келмейтіні, тіпті, қайтыс болғандардың атынан да өтініш келіп түскенін, соны барлығы реттеліп жатқандығын түсіндіріп айтқан. Ал осы аптада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ облыстық филиалының базасына төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған 118949 тұрғыннан өтініш түсіпті. Қолда бар мәліметке сүйенсек, оның 89018-іне 42500 теңге төлем түскен. Тағы 30 мыңға жуық азаматтың құжаты дайындалып жатқан көрінеді. Яғни, осы аптада тағы осынща адамға жәрдемақы беріледі деген сөз. Бұл жәрдемақы беру үрдісі бүгін, ертең тоқтамайды, төтенше жағдай мерзімі аяқталғанша жалғаса бермек.
Айдана СЕЙІЛ