Іздегені ізгілік, жасағаны жақсылық
Қайырымдылық – ізгі қасиет. Жаны жақсылыққа құштар жомарт жандар арамызда жеткілікті. Сый-несібе өзгемен бөліссең, өміріңе қуат, көңіліңе шуақ береді деп осындайда айтылса керек-ті.
Қызылорда қаласының қайырымды, жанашыр азаматтары сын сағатта көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруде. Қала кәсіпкерлері қиындықта қалған жандармен бірге болып, қайырымдылық ісін жақсы жолға қойған.
Бұл жолы да қала кәсіпкері Дәулет Қайсариев "Біз біргеміз!" акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы, ерекше қамқорлықты қажет ететін 200 отбасына азық-түлік үлестірді.
– Мемлекет басшысы төтенше жағдай режиміне орай қанша шаралар жасап жатыр. Еліміздің кәсіпкерлері де қарап қалмай қолдарынан келгенше көмектерін беруде. Менде мекеменің және отбасымның атынан қаладағы аз қамтылған және көп балалы отбасыларға азық-түлік таратып, халықты сабырға шақырғым келеді. Бұл қиыншылықты да артқа тастап, жарқын күндерге бірге жетеміз, – деді "МұнайТехСервизОрда" ЖШС директоры Дәулет Қайсариев.
«Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» екенінің жарқын дәлелі. Халық даналығында «Жанашырлыққа – жан риза» деген сөз бар әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылары мен көп балалы отбасыларға жанашыр қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы.
Қала тұрғыны «Алтын алқа» иегері, Разия Шайманова: – Бүгін біздің отбасымызға тосын сый жасап жатқан ағаларға алғыс айтамын. Осындай сын сәтте елмен етене болып жатқандарыңыз қуанышымызды еселеді. Еңбектеріңіз жанып, жақсылықтарыңыз жаратқаннан қайтсын. Өзім секілді отбасыларына айтарым ешкімде назардан тыс қалмайды. Менің соған көзім жетіп отыр. Бәріңізге де көмек келеді. Тек біздің міндет үйімізде болу.
Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Арамызда адамгершілік қасиеті жоғары жандардың көп екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп, «Біз біргеміз!» акциясы сөз жүзінде емес іс жүзінде екенін аңғардық.
Айта кетейік, сонымен қатар белгілі кәсіпкер Мырзабай Шалғымбаев елімізде болып жатқан жағдайға байланысты ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге қолдау көрсетті. Қала кәсіпкері "Достық" қонақ үйін медицина қызметкерлеріне пайдалануға берді.
Іздегені ізгілік, жасағаны жақсылық азаматтардың игі ісі көпке үлгі , жастарға өшпес өнеге.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ