Батырдың сәлемдемесі
Қазақтың батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының тапқырлығы туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Кезінде ол кісі қиындыққа ұшырап, ойлаған арманын жүзеге асыра алмай жүрген талай зиялының алғысына бөленген. Алмас қылыштай тіліп түсетін өткірлігімен талай таланттыны демеген деседі ол кісінің көзін көргендер.
Бір күні Баукеңе болашақ жазушы Нәбиден Әбутәлиев арызданып, мұңын жеткізеді. Өзінің айтуынша, оны Жазушылар одағына мүшелікке қабылдамай, жәбір көрсеткен секілді.
Бауке, енді мен баратын жер де қалмады. Өзіңізден жәрдем болмаса, халім мүшкіл. Адайдың осында қаңғып жүрген бір жетім баласы едім. Көмектесіңіз, мүшелікке кепілдік беріңіз, – дейді.
Шағымданушының жүзіне бірталай қарап отырған Бауыржан бұл жігітке қалай бүйрегі бұрғаны белгісіз.
– Мен ешкімге рекомендация бермеуші едім. Бірақ саған берейін, – депті. – Әй, Зейнеп, қағаз бен қалам әкелші. Мына азаматқа кішкене қарайласып жіберейік. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов екен. Оны Баукең «Энвер» деп атаған. Нәбиден былай шығып, Бауыржан жазып берген қағазға қараса, «Энверу Алимжанову! Прими этого дурака в Союз писателей. Если примешь, то еще одним дураком станет больше. Б. Момышулы» деп қол қойған. Ол кезде шынында белгілі шығармашылық ұйым қатарына қабылдаудың қатаң шарты бар. Одан соң тәртіп бойынша, кемінде танымал үш жазушының кепілдемесі талап етіледі. Не істерін білмей біраз аңтарылған Нәбиден әлгі «сәлемдемені» қайткенмен басшының қолына тигізуді ұйғарады. Хатты оқыған Әнекең ішек-сілесі қатып ұзақ күліпті. Кейін қаламынан бірқатар тұщымды туынды туған Нәбиден Әбутәлиев одақ мүшелігі қатарына батырдың осынау бір ауыз әзіл ұсынысы арқылы қабылданып кеткен екен.
«Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, неткен жайсаң жандар десеңші. Сөз қадірін бөз қадірінен артық көрген ескінің адамдары шынында парасатты, пайымды болатын. Сүбелі сөзге тоқтаған Әнуар Әлімжанов ағамыздың да пейілі кеңдігінен болар, Баукеңнің бір ауыз сөзін аяқасты етпей, ардақтағаны. Ұлы дала перзенттерінің ұлықты тұсы осы болса керек-ті.
Ж. Пазылбек