Одақ мүшелігіне қабылданды
– Бұл жылдағы дәстүрге айналған шара. Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген жандарды биыл мүшелікке қабылдау облыстық «Сыр бойы» газетінің 90 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр. Еңбектеріңіз еленіп, қашан да абырой биігінен көріне бергейсіздер, – деді облыстық филиал төрағасы Аманжол Оңғарбаев.
Шарада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес журналистер қауымын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
– Өзгенің мұңын өз мұңындай көретін, халықтың қамын ойлаған, әріптестер. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халықтың көзі, тілі һәм құлағы ретінде атқарып жүрген еңбектеріңіз жана берсін. Қаламдарыңыз қуатты, күндеріңіз шуақты болғай. Бүгінгі мүшелікке қабылданған азаматтар Сыр журналистикасына жаңа леп, жаңа толқын әкелетініне сенеміз, – деді ол.
ҚР Журналистер одағының мүшелігіне қабылданған қарт қаламгер Файзулла Қази «50 жыл бойы ауыл өмірінен мақала жазып келіп, осындай жетістікке жету – үлкен қуаныш. Мерекелеріңіз құтты болсын», – деді өз сөзінде.
Айта кетейік, мереке қарсаңында «Сыр бойы» газетінің ардагері, танымал фототілші Болат Омарәлиев «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды. Ал газеттің тілшісі Гүлмира Ділдабекова мен «Кызылординские вести» газетінің бөлім меңгерушісі Қазбек Ботаев, «Qyzylorda» телеарнасының аға редакторы Бақыт Қалдыбаева, Қызылорда қоғамдық телеарнасының аға редакторы Баян Құлтанова, «Жалағаш жаршысы» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрсұлтан Қазбеков, республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің дизайнері Айнұр Үмбетова ҚР Журналистер Одағының арнайы дипломына ие болды.
Биыл облыстық «Сыр бойы» газетіне 90 жыл, Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетіне 85 жыл, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне 80 жыл, Қазалы аудандық «Қазалы» газетіне 10 жыл толып отыр. Демек, Сыр журналистерінің мерейі таситын берекелі жыл болмақ.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».