Облыс әкімі әлем чемпионы Илья Ильинді қабылдады

Өңір басшысы әйгілі спортшының жетістіктерін жоғары бағалап, әрдайым сырбойылықтардың мақтанышы екенін атап өтті. Қазіргідей карантин жағдайында зілтеміршінің жастарға мол үлгі-өнеге көрсете алатынын жеткізді. Мысал ретінде, онлайн жаттығулар жасап, жастардың спортқа деген ынта-жігерін арттыруға болатынын айтты.
“Сыр елінен өзіңіздей спортшылардың шыққанымен қашан да мақтанамыз. Жас спортшылар үшін үлгі тұтар тұлғасыз. Аймаққа сіздің қолдауыңыз қажет. Ізіңізден еріп келе жатқан жастарға шеберлік пен білім-біліктілігіңізді үйретесіз деп сенемін. Қазір коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Қатерлі індетті жеңіп шыққан соң, аймақ дамуы үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз керек”, – деді аймақ басшысы.
И.Ильин облыс әкімінің жылы лебізіне ризашылық білдірді.
«Мен үшін Сыр жерінде дүниеге келіп, білім алып, түлеп ұшқаным – зор мақтаныш. Спорттағы мансабымды аяқтауды ойлап жүрмін. Спорт саласында да біршама жетістікке жеттім. Білімімді толықтырып, елге оралдым. Жылы қабылдауыңыз үшін рахмет”, – деді даңқты спортшы.
Кездесу соңында аймақ басшысы спортшының жоспарларына сәттілік тіледі.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.