Егін даласындағы еңбек дүбірі
«Сыр күріші – ел ырысы» екені әмбеге аян. Қасиетті жер ананы қадірлеп, күтіп баптаған адам қашанда мол табысқа кенеледі. Өйткені «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген даналық сөз бар. Егіс даласын дүбірге бөлеген дихан қауымы өз өнімдерін сеуіп, ел несібесін еселеп алуда ерен еңбек етуде.
Биыл да жылдағы дәстүр бойынша «Мағжан и К» компаниясы егіс егу науқанын уақытылы бастады. Алғашқы дән себу салтанатына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен еңбек ардагері Серік Сейітназаров қатысып, диқаншы қауымға Сыр елінің байлығы – ақ күріштен мол өнім алуына өз тілектестігін жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы саласы біздің негізгі тірегіміз болып саналады. Сондықтан оған қашанда мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы негізінде шаруашылықтарға дизель майы арзандатылған бағада ұсынылуда. Басқа да тиісті жеңілдіктер қарастырылған. Аймағымызда да қажетті шаралар қабылданып, осы салада оңтайлы жұмыстар жүргізілуде, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Содан соң Жер-Анаға дән себу уақытын асыға күткен егінші-механизаторлар еңбекке қызу кірісіп кетті. Апта басындағы Ақжарма ауылдық округінің егіс алқабындағы алғашқы жұмыс осылайша қарқынды бастау алды. Мағжан Ералиев басқаратын «Абзал и К» серіктестігі Ақмешіттің айдарына айналған Ақмаржаннан мол өнім алып, ысырапсыз жинап алуға мүмкіншілігі жеткілікті екенін жеткізді.
– Биылғы жоспар бойынша облыс көлемінде 5 мың гектардан астам жерге дақыл орналастырып, гектарына 70 центнерден өнім алу көзделуде. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштар толыққанды қамтылған. Шаруашылық биылғы жылы Ақжарма ауылының егін алқабына барлығы 470 гектар жерге күріш егіп, ала жаздай бейнет жасайды. Сонымен бірге, 120 гектарға дәнді дақылдар, 158 гектар аумаққа мал азығы орналастырылуда. Негізгі жұмыстар мамыр айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарлануда, – дейді «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Ералиев.
«Қазсушар» өндірістік учаскесінің директоры Жорабек Нұрымбетовтың айтуынша, ағымдағы жылы су тапшылығы сезілуі ықтимал. Соған сәйкес барлық шаруашылыққа мерзімінде хабарланып, неғұрлым суды аз қажет ететін өнім егуге кеңес берілді. Біздің аймағымыз құрғақты климат болғандықтан ескертпені елеген абзал. Өйткені, өнім өсіп шыққасын оның ысырапсыз қамбаға құйылғаны ләзім.
Серіктестік диқандары жаз бойы талмай еңбек етіп, бір тамшы терлері бір дән болып көгеріп, егіні бітік шығуына барынша күш жұмсамақ. Ауыл тұрғындарының атакәсбін жалғастыруларына септігін тигізіп, жыл өткен сайын күріш егісінің көлемін ұлғайтып, жұмыс ауқымын жандандыр жайы бар.
Ақжарма ауылындағы егін алқабында қала әкімі Н.Машбекұлы «Мағжан и К» компаниясы өкілдерімен ашық әңгімелесіп, Сыр салысын егіп баптаудағы жүйелі жұмыстармен жақын танысты. Игерілмей жатқан бос жерлер болса аяқ су мәселесін жеткілікті деңгейде кеңінен қарастырып, алдағы уақытта осы сала төңірегіндегі жұмыстарды жолға қою қажеттілігін баса айтты. Өз кезегінде серіктестік мамандары өз пікірлерін білдіріп, биылғы жылы да табыс тайқазанын тасытатындарына бек сенімді екендерін жеткізді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.