Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мархабаттың сауалы мәскеуді мазалады

Мархабаттың сауалы мәскеуді мазалады

  2006 жыл 6 сәуір. Мархабат үшін ерекше жыл. Ұмытылмастай. Мәскеуден алған жеделхат оның мерейін көтеріп жіберді. Мектеп мұғалімінің дәл бұлай мәртебесінің артуына ұстазының сөзі қамшы болған. Бұл не жағдай дейсіз бе, оны оқу барысында білесіз.
Жалпы, әлеуметтік желіге жиі үңілеміз, жаңалығы түгелдей жаныңды жадырата қоятындай әсерлі болмаса да, арасында ой салар, көңіл түйер кереметі де кездеседі. Кейбір бейнесюжеттер бар, тағылымы терең, адамның рухын көтеретін. Сондайдың бірін Владимир Ворошилов пен Наталия Стеценко негізін қалаған Мәскеудің бірінші арнасындағы «Что? Где? Когда?» интеллектуалдық телеойынынан байқадым. Сен тұр мен атайын дейтін алғырлар алаңына анау-мынау сауал түспейді. Сұрыптау мен іріктеуден ілуде біреу өтеді. Сол сауалдың бірі Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Мархабат Адамбекұлынан барды.
Бағдарламаны жүргізуші Бори́с Крюктің шеберлігі де шексіз, қызылордалық жігітті таныстырды да сауалынан бұрын логикалық әдіске көшті. Алғыр алты азаматтың ішінен денесі толық және арық келген Петр Сухачев пен Михайл Левандовскийге бағыттап, сауал қойды.
–Қазақтың ақылман ақсақалы мал бағуды болмысы бөлек екі түрлі балаға жүктейді. Біріне жылқыны, біріне қойды тапсырды. Сонда жылқыны кім, қойды кім бағатын болды?
Алаңда аламан-тасыр басталды. Бірі «жылқыны ат үстінде жүріп бағады, оған арық, салмағы жеңіл бала ыңғайлы» десе, екіншісі «толық баланың қозғалысы ауыр, сондықтан қой міндеттелді» деді.
Бір минуттық ойланудан соң ойыншы Петр Сухачёв дәл осы жауапты жеткізді. Енді дұрыс жауабын күтті. Борис қоңыр даусын көтеріп: «Сендерге дене тұрқын дәлелдеуді сұраған жоқпын. Мәселе басқада. Оны автордың жауабынан білейік» деді. Зал тына қалды. Күтіп отыр.
Біріншіден, ақсақал ақымақ емес, ақылман. Ол баланы жасынан дұрыс тәрбиелеуді мақсат тұтты. Соған сай жұмыс бөлді. Екіншіден, дала заңында мал бағу арқылы да мінез-құлықты қалыптастырады. Енді дұрыс жауап мынау:мінезі жеңілтек баланы қой соңына салды. Себебі асықпай-саспай жүруге дағдыланады. Осылай оның олқы мінезі басылады. Ал, босаң бала ат үстінде ашылады. Жылқыға жұмсаудың мәнісі осы, – деді жүргізуші. Бәрі аң-таң. Жеңіс Бәйгеқұмға берілді.
Біз осы сауалдың авторын іздедік. Және таптық. Бұрын ауыл мектебінде мұғалім болса, қазір «Бала би»мешітінің имамы екен. Дереу телефон байланысын қостық. Сөйтіп таныстық. Сөз басын өзі алды.
Мен 1999-2003 жылы Шымкентте Халықаралық Қазақ-араб университетінде оқыдым. Сол кезде Хадиша дейтін мықты ұстазым болды. Ұлт үшін жанын беретін патриот жан еді. Сол кісі: – Студенттер, біз жетпіс жыл орыстың боданында болдық дейміз. Бұл – ата-бабаның осалдығы емес, саясаттың салқыны. Көшпелі халықтың киесі көп, ұрпақ тәрбиелеудегі ұлағаты орасан. Мүмкін қазақ даласында мектеп болмаған шығар, бірақ ел мәдениеті, салт-дәстүр, ұлттық құндылық тағылымы тереңде жатты, олар ұрпақты өнегемен өсірді. Тілге де бай, дінге де берік, елге де қалқан сол бабалар осынша дархан жерді сақтап қалды. Ендігі жерде сендер жақсы оқып, бабалар өсиетін өзгеге танытуларың керек, –дейтін.Сол кісінің сөздері әліге дейін құлағымнан кетпейді, намысымды оятты. Содан бір күні «Ресейдің «Что? Где? Когда?» бағдарламасынасауал жіберсем қайтеді?» деп ойландым. Ондағы ойшыл азаматтарды сынағым келді. Әрине, ата-бабаның тағылымы бойынша. Алғашқыда жіберген екі сауалым үшін ынталандыру сыйлығына ие болдым. Ол 10 мың рубльден екен. Маған ақша емес, ақылдың нәрі артық еді. Сонымен үшіншісін почта арқылы жібердім. Ол бір жарым ай дегенде жетті. Содан Мәскеуден жеделхат келді. Онда: «Сіздің сауалыңыз қабылданды» делінген. Қуандым.
Мархабат, сауалды қайдан алдыңыз?
Ұлттық тәрбиеден.
Сонда қалай?
Жалпы, адам төрт мінезді келеді. Сылбыр, шапшаң секілді. Қысқасы, темпераментіне қарай. Осыны негізге алдым. Сонан соң біздің халықтың әрбір сөзі астарлы. Логикалық сарыны басымдау. Мұның түйінін басқа халық дөп басып таба алмайды.
Сонымен жеңімпаз болдың. Оған сыйлық берілді ма?
Берді. 33276 рубль.
Тағы қатысу ойыңда бар ма?
Бар. Екі сауал дайындап қойдым. Оны орысшаға дұрыстап аудартып отырмын. Аманшылық болса, жіберемін.
Іске сәт, бауырым! Елдің атын шығара бер!
Сұхбаттасқан Қаныбек ӘБДУОВ
01 мамыр 2020 ж. 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам