Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әскерден қашқан әлсіздің әрекеті

Әскерден қашқан әлсіздің әрекеті

Мемлекеттіңде, жеке адамның да басты байлығы – Отаны. Оны көздің қарашығындай сақтап, қорғау әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Қарыс жер үшін қанын қиып, басын бәйгеге тіккен аталар аманаты рухы мықты жігітке сын. Ал, рухы жоққа сөз де жоқ. 
Қазақстанның Қарулы Күштері – мемлекет қауіпсіздігінің басты кепілі. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштері құрылған күн болып белгіленді. Содан бергі арада өткен 28 жылда Қазақстан Қарулы Күштері толысып, жаңа заманға сай жетілдірілген әскери құрылымға айналды.

 Етіңнен ет кесіп алса да, Отаныңды сатпа!
«Амансың ба, айналайын! Қал-жағдайың жақсы ма? Ауырмай, сырқамай жүрген боларсың? Ауылдың күн-райы өзің білетін көктемнің құбылмалы күйі. Біздің өміріміз бір қалыпты. Көршілер де сені сұрап қояды. Барлығы дұғай-дұғай сәлем айтып жатыр. Бұйырса үш айдан соң үйге ораласың ғой. Ештеңеге алаңдама, өзіңді күтіп жүр. Етіңнен ет кесіп алса да Отаныңды сатпа. Біздің айтар ата-аналық ақылымыз сол қарағым. Сау бол, бетіңнен сүйдім».
Бұл – әскери борышын өтеп жүрген ұлына жазған ананың  хаты. Әңгіме төркіні еңселі елдің ерлері, қазақ жерінің қалқаны мен қорғаны болған азаматтардың өмірі жайында. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзі әлі күнге өміршеңдігін жоймай келеді. Біз қашанда ел тәуелсіздігінің тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз етуіміз керек. Осы ауызбіршілікті қалтқысыз қадағалайтын мемлекетіміздің айбынды армиясы. Қазақ әскері қаруға қауқарлы, жараққа жағдайлы. Бұл тәуелсіздігіміздің жемісі екені даусыз.
Елорда да жыл сайын салтанатты шеру өткіземіз. Рухымызды сілкіндіріп, жанымызға жігер беретін шараның жөні бір бөлек. Сарбаздардың сабы мен бабы сондай үйлесім тапқан. Көздің жауын алатын көріністі көзбен көріп, санамен тоқимыз. Бұл өткенімізді ұлықтау мен ұмытпаудың жарқын сәті. Шеру арқылы қазақ армиясының бүгінгі жағдайын, әл-ауқатын, сарбаздарымыздың сақадай сайлығын танытамыз. Ең бастысы, жасөспірім жеткіншектерге патриоттық сезім ұялату. Ұлттық рух пен қайсар мінезді қалыптастыру. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әскер ер азаматтардың шыңдалатын ортасы.  Бұл бүгіннің бет-бейнесі.

Әкеге қарап ұл өсер...
Қазақ халқы қашаннан қасиетті, киелі халық. Болмысынан болашағын бағамдап, көкжиегіне көз қадап жетілген. Ұлдың бойына ұлт намысын сіңіріп, қыздың тәрбиесіне қырағылықпен қараған. «Отан – отбасынан басталады» деген ұлы ұғымды бойтұмардай қастерлеуге үндеген. Азаматтары арын ақшаға айырбастамайтын, намысын нанға сатпайтын наркескен болып өсуінің негізгі діңгегі осы ұлттық тәрбиеде жатса керек. Енді сәл өткенге ой жіберсек, найза - қалқан мен жебе, шоқпардың заманында «Әкеге қарап ұл өсер» деп ер балалардың ерік-жігерін жанып, ұлт үшін ту түбінен табылатын текті ұрпақ тәрбиеледік емес пе? Қазір шыны керек жігіттеріміздің жігерсіз болып жатқаны әкелердің әлсіздігінен бе деген ой санада қылаң береді. Әскерге бармаған әкеден борышын өтеуден қашатын бала туады. Себебін сұрасаң сан түрлі сылтау табылады. Қаз дауысты Қазыбек би қалмақтарға қазақты қалай сипаттап еді. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басынан сөз асырмаған елміз». Міне, қазақ қандай дархан болса, сондай айбарлы, жігерлі халық. Өзгеге соқтықпайтын, өзін басындырмайтын бағаналы ел.

Нан тістету салт бар еді...
Бұрын нан тістету салты бар еді. Отан қорғауға бара жатқан кез-келген жігіт наннан бір тістеп үйдің төріне іліп кететін. Ондағы – сенім жейтін наның таусылмасын. Аман барып, сау қайт деген ізгі тілектестіктің көрінісі болса керек. «Нан – астың атасы. Нан қандай киелі болса, Отан ана да сондай киелі де, қастерлі. Оның әрбір тауы мен тасы. Ауасы мен суы құнды байлық. Сен отанды көзіңнің қарашығындай сақта. Біз сені отан қорғап жүр деп мақтан тұтамыз» деп ана баласына нанның қадірі мен Отанның қадірін түсінуді жіті айтатын.
Бұрын әскери борышын өтеу екі немесе үш жыл уақыт болатын. Сол кездері жігіт отбасына, ауыл - аймағына, сүйген қызына сағына хат жазып, жауабын тағатсыздана күтіп жүретін. Бұл да бір тарих, қызық естелік сәт болатын. Бала кезімізде әскерден келіп жатқандар сондай тартымды, қызық көрінетін. Үстеріндегі әскери формаларына таңырқай қарап «Өскенде мен де осындай әскерге барамын. Шіркін тезірек өссем ғой» деп армандайтын едік. Әскери өмір тәртіп пен жауапкершіліктен тұрады. Ондағы секундттың өзі санаулы. Салғырттыққа, қателесуге қатаң тыйым салынады.

Шекарашы сарбаз  
Ел қорғайтын азаматтар барда тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бірлігіміз үстемдік құрмақ. Қызылорда қаласындағы №2019 әскери бөлімі 1999 жылы 15 қыркүйекте ашылды. Мұнда азаматтық борышын өтеуге келген сарбаздар еліміздің Қарақалпақстан мен Өзбекстан аралығы аумағын қорғайды. Шекарашылардың негізгі міндеті де осы. Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін сақтап және қарулы қақтығыстарды болдырмауға жауап береді. Аталмыш әскери бөлімде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздың бірі – Сауран Диханов.
Ол Түркістан облысының тумасы. Кешегі бозбала бүгін қатардағы жауынгерге айналған. Кейіпкеріміз бір жылдың ішінде әскери тәртіпке төселіп, ережелерге үйреніп алған. Күн сайын ерте ұйқыдан тұрып, дене шынықтырумен айналысады. Спорт дегеніміз – әскери өмірдің ажырамас бір бөлігі. Сарбаз жақында ауылына оралады. Туған жері, ата-анасына деген сағынышы бар.

Отбасымызбен осындамыз
Осылай деп сөз бастаған майор Дархан Сұлтанбековтың жары сержант Салтанат Нусипова да осы салада еңбек етеді. 2009 жылы отау құрған жас отбасы Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал өңірінен келген. Қызмет бабы қалай болса, біз солай бара береміз. Отан қорғау – үлкен міндет. Еліміздің әр өңіріне барып жүрміз. Жұмыстың жеңілі жоқ. Ең бастысы, мамандығыңа шынайылық керек. Әскери қызметші өзіне жүктелген тапсырманы тиянақты орындап отырады. Біз бір саланың адамдары болғасын отбасылық өмірде де әңгімеміз ортақ. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін әскери өмір әрине, әйел адамына жеңіл емес. Үйдің тіршілігі, келетін қонақтарың бар, тыным жоқ. Мұнда ерте қайтуға, кешігіп келуге әсте болмайды. Барлығы уақытылы жүргізіледі. Ерлі - зайыптылар әскери саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі мол екендігін жақсы түсінеді. Салтанат қазір үйде бір баланың анасы. Дегенмен үйде байыз тауып, алаңсыз отырмайды. Жолдасының жолын күтіп, амандығын тілейді. Қазақ әскерінің қауқарлы күйін дала позициясында көргісі келеді.
2019 әскери бөлімге келген әрбір сарбазды жіті бақылаудан өткізіп, шекарашыға тән қырағылық пен шапшаңдыққа баулып, жігері мықты жауынгер етіп тәрбиелейтін бөлім командирі Айдар Каженов пен командир орынбасары, подполковник Мұрат Сахратовтың басты қағидасы. Біз аялдаған әскери нысанда екі сағаттан астам уақытта осыны аңғардық. Тазалық пен тәртіп бар. Міндет пен абыройдың мәртебесі биік. Ал, ерлік әскерлердің басты ұстанымы, екені әр жүректе жанған алау секілді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мәліметіне сүйенсек, 2019 жылғы көктемгі және күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру қорытындысы бойынша ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскерлері мен әскери құралымдарды жасақтау үшін 1582 азамат әскер қатарына алынды. Атап айтар болсақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне – 631 азамат, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 348 азамат, ҚР Қарулы Күштері қатарына – 19 азамат, ҚР Ұлттық ұланына – 584 азамат қабылданды.

Алғыс арқалаған азаматтар
Әскер қатарына қабылданған азаматтар республиканың барлық өңірінде азаматтық борышын өтеп, ерекше қызметі мен жетістігі үшін арнайы марапат төрінен орын алып келеді. Олардың ішінде Айтөре Ғариуллаұлы Сырдария ауданынан, Степногороск қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланының 3517 әскери бөлімі командирі атынан алғыс хатпен марапатталды. Мұхтар Алтынбай Сырдария ауданынан, ол Атырау қаласындағы ҚР ҰҚК Шекарасы 2016 әскери бөлімі командирінің нұсқауымен медальмен марапатталды. Ақдәулет Айбекұлы Шиелі ауданынан, ол Алматы қаласы ҚР ҰҚК Шекарасы 2021 әскери бөлімі командирі атынан алғыс хат алды.  Жолдасбек Арыстанбаев Қармақшы ауданынан, ол Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланының 5571 әскери бөлімі командирі атынан алғыс хатпен марапатталды. Нұрсұлтан Әбдіқадыров Қармақшы ауданынан, Ақтөбе қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланының 6655 әскери бөлімі командирі атынан алғыс хатпен марапатталды. Рүстем Жаулыбаев Қармақшы ауданынан, оған Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланының 5573 әскери бөлім командирі атынан алғыс хат жарияланды. Дархан Жұмалиев Қармақшы ауданынан, Маңғышлақ бекетіндегі ҚР Қарулы Күштерінің 25744 әскери бөлім командирі атынан алғыс хат табысталды. Ардақ Өтепбергенов Қармақшы ауданынан, Сарыөзек кентіндегі ҚР Қарулы Күштерінің 12740 бөлімі командирі атынан алғыс хат иеленді. Нұркен Өмірзақов Қармақшы ауданынан, Отар станциясындағы ҚР Қарулы Күштерінің 12450 әскери бөлім командирі атынан алғыс хатпен марапатталды. Аталған азаматтар ата-анасының ғана қуанышы емес, бұл аймақ абыройы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.
05 мамыр 2020 ж. 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 433 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам