Қызылордада 3 жастағы бүлдіршін үшінші қабаттан құлап кетті
Қызылорда облысында 9 мамыр күні 3 жастағы бүлдіршін көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап, ауруханаға түсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
"Ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршін биіктен құлап, облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Оқиға кезінде 3 жастағы баланың ата-анасы үйде болған. Бірақ терезеден құлап кеткенін байқамаған. Қазіргі таңда бүлдіршіннің жағдайы орташа, облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды", - деді Руслан Сламбекұлы.
Өз сөзінде, жауапты мамандар жазатайым оқиғалар ересектер болмаған кезде немесе баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қараумен орын алатынын айтты. Сондай-ақ, терезеде москит торларының орналастырмауы да жиі кездесетінін ескертті. Өткен жылы облыста балалардың терезеден құлау фактісі 7-еу болса, биыл бір жағдай орын алды.
Құрметті облыс тұрғындары, жазатайым оқиғалардың көпшілігі ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырғанынан орын алады. Балаңыз терезені өз бетімен аша алмайтындай, арнайы бекіткіштерді терезелерге орнатыңыздар. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау - ересектердің басты міндеті!