21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні
Биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің мерекесі онлайн форматта өтеді. Қазіргі таңда облыс бойынша мәдениет және өнер саласында 3152 қызметкер болса, оның 1674-і шығармашылық мамандар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова мәлімдеді.
"Жыл сайын сала қызметкерлері өз кәсіби мерекелерінде түрлі бағытта мәдени-шаралар, концерттер өткізіп, сахнада көреремендермен тікелей байланыста болатын. Биыл карантиндік шектеулерге байланысты мерекелік шара онлайн түрде ұйымдастырылды. Дегенмен облысымыздың мәдени-рухани дамуына зор үлесін қосқан мәдениет және өнер саласының қызметкерлері марапатталады. Атап айтсақ, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен - 7 адам, Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен - 10 азамат, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен – 5 адам болса, Алғыс хатымен - 36 азамат және "Еңбек даңқы" төсбелгісімен - 3 қызметкер. Бұл марапаттар карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, сала мамандарына табысталады»,-деді Мира Рахымжанқызы.
Құрметті өнер ардагерлері мен қайраткерлері, шығармашылық одақ өкілдері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз!