Онлайн форматтағы соңғы қоңырау
Кеше еліміздегі мектептерде оқу жылы аяқталды. Онлайн режимде соңғы қоңырау соғылып, оқушылар тұңғыш рет мектеппен үйде отырып қоштасты. Биылғы бұл мереке осынысымен ерекшеленді. Ал, аттестат түлектерге маусымның 3-і мен 4-і күндері тапсырылады. Оны ұйымдасқан түрде және санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізу керек. Бірақ, ұстаздарға сыйлық беруге, бітіру кешін ұйымдастыруға қатаң тыйым салынды. Оған мектеп директорлары тікелей жауапты.
Сыр өңірінде де соңғы қоңыраудың сыңғыры онлайн түрде естілді. Ата-ана ретінде ватсап желісіне келген қоңырау үні бәрімізді балалық шаққа қайта шақырғандай болды. Соңғы қоңырау үнi – кәмелетке толып, оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткендердi арман биiктерiне ұшырып, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салады. Соңғы қоңырау – осындай қимас қоштасу әуенi сәтiмен ыстық.
Аймақтағы 293 мектептегі 162 мыңға жуық оқушы қашықтан оқыту жағдайында оқу жылын аяқтады. Мерекелік сәтте оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова жергілікті телеарна арқылы құттықтап, оларға жылы лебізді тілегін жеткізді.
Ал облыстағы оқу ошақтарында онлайн түрде соңғы қоңырау шарасы ұйымдастырылды. Бізде қаладағы мектеп ошақтарын аралап, мектеп бітіру кешінің онлайн шарасына қатысуды жөн көрдік. Облыс орталығындағы көзге менмұндалап көрінетін №264 мектеп-лицейдің табалдырығын аттадық. Жылда осы уақытта әсем әуендер мен қоңырау сыңғыры естіліп жатса, бүгін тым-тырыс. Дегенмен, 2019-2020 оқу жылының аяқталуына орай соңғы қоңырау салтанаты өтті. Мектепте ЗООМ платформасы арқылы бағдарламасы бойынша онлайн семинар ұйымдастырылды. Оған мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары, қамқоршылық кеңес қатысты. Онлайн байланысқа мектеп директоры Ұлболсын Маханова шығып, оқушыларға, ұстаздарға және ата-аналарға алғыс айттты, түлектерге ақжол тіледі.
– Мектеп тарихында алғашқы рет онлайн режимде өткізілген мерекелік жиында білім ошағының түлектер жетістігі мен жеңістері аталып өтілді. Әрбір сайыстарда жеңіс тұғырынан көріне білген ерекше оқушылардың есімі аталды. Сонымен қатар, әрбір сынып жетекшісі өзара сыныбында мерекелік шараны өтіп, оқушының көңіл-күйін көтеруге тырысты. Әрбір жетістікке жету үшін талмай еңбектену, оқу қажет. Бұл тұрғыдан мектебімнің әрбір оқушысына сенемін, – дейді мектеп директоры Ұлболсын Маханова.
Айта кетейік, аталған мектепте 3422 оқушы бітіруде. Оның ішінде 85 оқушы алтын ұя мектебімен қош айтысқалы отыр. 81 түлек ҰБТ өту үшін дайындық үстінде. Алтын белгіге – 8, Үздік аттестатқа – 8 үміткер оқушы бар. Мектеп директорының сөзіне сүйенсек, қашықтан оқуға арналған төртінші тоқсан бастапқыда қиын болған. Одан кейін ата-ана да бала да үйренісіп, жақсы нәтижелер көрсеткен. Соңғы тоқсан бойынша өрендердің сабаққа үлгерімі жақсы көрсеткішті көрсеткен. Бұл тұрғыда баламен жұмыс жасаған ата-ананың, ұстаздың еңбегі орасан зор. Әрқайсысына үлкен жауапкершілік жүктелді. Дегенмен, сол жауапкершілік жүгін олар арқалай білді. Оқушылардың білім деңгейін төмендетпеу мақсатында жүйелі жұмыстар жасалды. Әлеуметтік төмен отбасыларға теледидар, ноутбук таратылды. Сенімді ақтап, әрбір оқушы өз деңгейінде білімін қорытындылады. Мұны ата-ана мен түлектердің жылы лебізінен айқын аңғаруға әбден болады.
– Мектеп ұжымы әрқашан да қоғамдық іс-шараға атсалысып, барлық саладан белсенді көрініп келеді. Жоғары деңгейде оқушыларға білім береді. Оған жыл сайынғы ҰБТ-дің қорытындысы айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ, балаларды еңбекке баулу мақсатында да ерекше жұмыс жасай біледі. Осы тұрғыда баламның осы мектептен білім алғанына қуана отырып, ұстаздар қауымына алғыс білдіремін. Олардың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі орасан зор, – дейді ата-ана Марат Усманов.
Ал, мектеп түлегі Арайлым Алмат соңғы қоңырау сыңғырын мектепте естімегініне қынжылады. Дегенмен, алда талай белестер күтіп тұр. Ол белеске шығу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары дәрежеде тапсыру қажет екенін ұғынады. Бұл тұрғыда талмай еңбектеніп келе жатқан ұстаздарына ризашылығын жеткізді.
– Төртінші тоқсан қашықтан оқуға арналды. Дегенмен, біз қиындықты еңсере білуге тырыстық. Алдағы сынаққа онлайн түрде толық дайындалдым десе де болады. Ұстаздарым бәрін қадағалап, тексеріп отырды. Бізге артылып отырған сенімді ақтау қажет. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап келген едік. Міне, бүгінде алтын ұя мектебімізбен қоштасып отырмыз. Осы күнге жеткізген ата-анамызға, білім берген аяулы ұстаздарымызға және де ыстық ұя мектебімізге алғысым шексіз. Арманым – барлығын жақсы өткізіп, тәуелсіз мемлекетіме бір мамандық иесі болып, елімді көркейту, – дейді мектеп түлегі Арайлым Алмат.
Расында, әрбір адам үшін жарқын шақтардың елесі қалар, ерке балалығыңның куәсі болар бірден-бір киелі мекен – мектептегі соңғы қоңырау салтанатының орны зор. Ал, биылғы түлектер мұны ерекше түрде өткізді. Соңғы қоңырау салтанаты осынымен тағы да есте қалары сөзсіз.
Айтолқын АЙТЖАНОВА