Ешкім де ұмытылмайды
Өткенге ой жіберіп, тарих жылнамасын көңіл сүзгісінен өткізсеңіз, біз көрмеген құқай жоқ. Қазақ қазақ болғалы соғысты да, ашаршылықты да, жаугершілікті де, сатқындықты да, қуғын-сүргінді де басынан өткерді.
Жұбанша жазар болсақ, «Мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Қаншама адам төзгісіз зобалаңнан күні бүгінге дейін жеткеніміз адалдығымыздан болар. Асылында «Аман ердің аты шығар» демейді ме? Құдайға деген құлшылығымыздың түзулігінен болар. Болмаса жер бетінен жойылып кетердей қасірет көрдік. Жаза берсең жан жараңның беті қайта қышиды. Айтпайың десең, сөз атасы өледі. 1997 жылы Президент пәрменімен ақтаңдақ жылдардың құрбаны боп, «Халық жауы» атанып кеткен арыстарды ақтау дәуірі басталды. Бұл тәуелсіздігіміздің теңдессіз жемісі мен жеңісі.
Ел тарихындағы ақтаңдақ атанып кеткен 31 мамыр саяси қуғын – сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Осы қолдан жасалған ашаршылық салдарынан миллиондаған қандасымыз құрбан болып, жазықсыздар жапа шекті. Асылды, атылды. Ата қоныстан аластатылды. Бұл кешегі күннің күркірі.
Жалпы, осы жылдары нәубетке ұрынбаған, тауқымет тартпаған қазақ кемде кем. Егер осындай орны толмас қасірет болмағанда халық саны бұдан да көп болуы ықтимал еді деген көңілде күдік тұрады.
Деректерге сүйнесек, қала бойынша 305 адам саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.
– Менің әкем соғыста болған. Анамызды басқа туысқандарымен бірге мұздай темір вагонға тиеп, ұзақ жол жүріп, Қазақстанға әкелді. Халықты қынадай қырған қасіретті жылдар көз алдымда елес болып сақталып қалды. Бұл адам баласының көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күні. Азаттықтың ақ таңы атқан күн алтын дәуірде ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Мыңдаған жазықсыз жанның қаны мен көз жасына жуылған тәуменді тарихтың шерлі беттері. Бүгінгі ұрпақ борышы – құрбан болған азаматтар есімін ұмытпау һәм ұлықтау. Тарих пен ұлттық дәстүр халықтың өткені мен бүгінін және келешегін жалғайтын тұғырнама. Сондықтан алдымызда тарихи естеліктер феноменін сақтау міндеті тұр. Қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен береке бастауы. Бүгінде қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Қиындық атаулыны жеңетін бір күш ол – бірлік. Ел басына күн туған алмағайып заманда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Бір күлшені бөліп жеген барша ұлыс өкілдері дархан көңілді қазақ жұртына ризашылық сезімін білдіреді, – дейді Рая Алхазова есімді әзиз ана өткен күндерін тебіреніспен еске алып.
Расыменде, кеңестік қызыл империя қазақтай алып бәйтеректің діңгегіне балта шапты. Атылғандардың дені иісі қазақтың бетке ұстар, көш бастаушы ағартушы, ұлт көсемдері болатын. Алаштың арда туған саңлақтары еді.
Тар жолда тайғақ кешу жылдары аттың жалында, түйенің қомында жүріп те, ұлтының қамын ойлаған оғландар мұз жастанып, қар жамылды. Елім деп елжіреп, жұртым деп жұмылған жауһарларымыз суық қарудың көзіне ілінді. Қолда бар қазыналарымыздан жұрдай етті. Төрт түліктерімізді тартып алып, астығымыздан айырып, аштығымызды пайдаланды.
Миллионнан астам адам Қазақстанға жер аударылды. Осылайша, көпэтносты елге айналдық. Олардың барлығын отан-дастарымыз құшақ жая қарсы алды. Содан бергі уақытта «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», татулық тұғырынан табылудамыз.
Жер дүниені дүр сілкіндірген осы тарихи сәт арада ғасырға жуық уақыт өтсе де жыл күнтізбесінде өз сырын ішіне бүгіп, қала береді. Оған куә еліміздің дархан даласы мен биік таулары, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер, мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны. Біз бүгін басып жүрген топыраққа ғасырлар бойы ата-бабамыздың қаны тамып келген.
Иә, қазақ халқы сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан, «репрессия» жылдарына дейінгі аралықта адам айтса нанғысыз жағдайды көзбен көріп, басынан өткерді. Шүкір.
Бүгінде заман тыныш, бесік құтты.
Қызыл қанға боялған топырақтан,
Қып-қызыл қызғалдақтар өсіп шықты.
Аталардың елге деген көңілдері,
Гүл болып қара жерді тесіп шықты.
Өткенге тағзым, бүгінге парыз. Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе ұмыт қалмайды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ