ТАРИХТЫҢ АҚТАҢДАҚ БЕТТЕРІ
Қызылорда қаласында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай митинг өтті. Еске алуға арналған шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі.
– Кеңес Одағының ұжымдастыру саясаты қазақ халқын бұрын-соңды болмаған үлкен қасіретке әкелді. Малы күшпен тәркіленген қазақ халқы босқынға ұшырап, 2 миллион адам зұлмат зардабын тартты. Енді бүгін сол бір жылдарда қиянат көрген аяулы азаматтар рухына тағзым ету, өткенімізге салауат айтып, тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне жас ұрпақты бейжай қарамауға тәрбиелеу ең басты парызымызға айналды, – деді аймақ басшысы.
1932-1933 жылдары Кеңес Одағында орын алған ашаршылық адамзат тарихында ең қасіретті кезеңдердің бірі. Осы уақыт аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Аштық жылдарында Қазақстанда ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь елдерінде 7 миллион адам қаза тапқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Сол жылдан бастап тарихымызда ұлтының еркіндік тізгінін ұстауға ұмтылған зиялыларды ұлықтап, еске түсіруді қазақ халқы бүгінде дәстүрге айналдырды.
Жиын соңында шараға қатысушылар «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тәу етті.
Саяси қуғын - сүргін тарихта мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасы төгілген шерлі беттердің бірі болып қала бермек. Мұндай зұлмат еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің борышымыз – осы қаңқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі еске сақтау.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.