Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ұлы отан соғысы жылдарындағы қазақ музыка өнерінің дамуы

Ұлы отан соғысы жылдарындағы қазақ музыка өнерінің дамуы


Егемен елдің негізгі мақсаты мен міндеті ел дербестігін дамытатын ұрпақ тәрбиелеумен астасады, өйткені елдің ертеңі отаншыл, жемісті тәрбие алған ұрпақпен тығыз байланысты. Қоғамдағы келелі өзгерістер жастарды азаматтылық пен елжандылыққа сонымен қатар рухани бай жастарды тәрбиелеуді талап етіп отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй¬лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» - деп айтқан болатын. Қоғамның жаңа деңгейге көтерілуімен байланысты оның қозғаушы күші болып отырған – жастарға білім беру ісінде өткен тарихты тәжірибелерді ой-елегінен өткізіп, жаңа заман талабына сай қолданудың жолдарын қарастыру, сөйтіп Тәуелсіз Қазақстандағы музыкалық білімнің зерттелуі бүгінгі күнгі қажеттіліктердің бірі болып отыр.
Қазақ халқының тарихында Ұлы Отан соғысының зардаптары өз таңбасын қалдырды. Дегенмен соғыс жылдарының қаһарлы күндері балалар көркем өнерпаздарының шығармашылық дамуын тоқтата алмады. Оқу-тəрбиесінде кең өріс алған үйірмелік жүйе күннен-күнге ұлғайып, оған қатысатын балалардың саны да өсе түсті.
Қазақстан көлемінде балаларға көркемдік тəрбие беру жұмысының қорытындылары Қазақстан КП/б/ Орталық Комитеті YIII Пленумының қаулысына сəйкес 1943 жылы өткізілген III Республикалық балалар олимпиадасы анық көрсетті. Республиканың түкпір-түкпірін түгел қамтып, оған қатысушыларға ерекше құрмет көрсетілді. Өнер шеберлері мен кездесу, театр, музейлерге, зоопарктерге, көркем сурет көрмелеріне, киноға бару сияқты мəдени-бұқаралық шаралар кеңінен жоспарланды.
Соғыс жылдарында жəне соғыстан кейінгі кездерде олимпиадалар өткізу оқушыларға музыкалық білім берудің барысында өрлеу туғызды. Сол кездегі өкімет пен халық ағарту комиссариаты тарапынан мектептерде жəне республикалық балалар үйінде, сонымен бірге мектептен тыс мекемелерде көркем өнер мен музыкалық білімді дамытуды мақсат етіп қоюына байланысты əдебиет, сурет, əн сабақтарының мазмұны қайта қаралды. Сондай-ақ мектептерді маман кадрлармен, музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету, дарынды балаларды таңдап, олардың қабілеттерін жан-жақты дамыту мақсаттары үлкен мəнге ие болды.
Қазақ ССР халық ағарту комиссариатының жанындағы өнер комитеті балалардың өнер шеберлерімен кездесулер жəне өнер отауларымен тікелей байланыс жасау шараларын қолдап,өрістеуіне көмек көрсетуі музыкалық-эстетикалық тəрбие жұмысының айта түсті.
1940 жылдардың аяғында республика мектептерінде 22225 үйірмелер жұмыс істеп, оларға 342716 оқушы қатысты. Мысалы, Талдықорған облысында үйірмелерге 29270 оқушы, Қарағанды облысында 25209 оқушы, Павлодар облысында 24882 оқушы таратылды.
Кеңес үкіметіне неміс фашист басқыншыларының қаһарын төндірген ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында шаруашылықтың басқа салаларымен бірге, мәдени өмір саласында Қазақстан музыка өнерінің дамуында тоқтау болған жоқ. Бұған, әсіресе, соғыс жылдарында Алматыға көшіп келген Москва мен Ленинградтың көркем фильм студиялары мен оның көрнекті өнер қайраткерлерінің де бірге келуі – республикамыздағы музыка мен көркемөнердің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Әсіресе, Ю. Завадский сияқты көрнекті өнер қайраткерлері басқаратын Моссовет театрының Алматыға келуі, Алматы театр өнерінің дамуына үлкен ықпал жасады. Қазақтың академиялық драма тетрында В. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясының қойылуы қазақ театрындағы үлкен бір құбылыс болды. Одақтағы аты әлемге танымал екі киностудияның белгілі қайраткерлері: С.Эйзенштейнмен, Г.Рошальмен кездесу, сол киностудиялардың әртістерімен қоян-қолтық араласып, ақыл-кеңестер алып отыру – Қазақстанның жас кинематографтары үшін үлкен мектеп болды. Осы жылдары Алматыға атақты композитор С. Прокофьевтің келуі республиканың музыка өміріндегі елеулі оқиға болды. Ол Қазақстан композиторлар одағының ісіне тікелей араласып, ұлттың жас мамандарына ақыл, кеңестерін айтып отырды.
Соғыс жылдары Алматыға Киевтің опера театры да көшіп келген еді. Ол театрдың репертуарында советтік авторларымен қатар, шетелдік авторлардың да шығармалары орындалды. Бұл театрмен бірге атақты пианистер: Э. Гилельс, Р. Тамаркина, Г. Гинзбургтар мен атақты әнші, эстрдалық жанрдың шебері Л. Александровская да келді. Ол кездегі дирижерлар: В.Пирадов пен Л.М.Шаргородскийдің басқаруындағы опералық театрдың симфониялық оркестрі қойған концерттерде орыстың және батыстың классикалық музыкаларымен бірге, кеңестік сазгерлер мен қазақстандық сазгерлердің де төл шығармалары ойналып отырды.
1942 жылы Л. Ауэрдың шәкірті И. Лесман шекті аспаптар квартетін ұйымдастырып, Алматының концерт залдары мен жұмысшы клубтарында, әскери бөлімшелер алдында өз өнерлерін көрсете бастады. Сөйтіп, бұл квартеттің ұйымдастырылуы қазақтың камералық–аспаптық музыкасының тууына жағдай жасады. Дәл осы жылдардың ішінде музыкалық өмірдегі үлкен оқиғалардың бірі – Фрунзе (1942 ж.) мен Ташкент (1944 ж.) қалаларында өткен Орта Азия мен Қазақстанның музыка өнерінің онкүндіктері болды. Бұл он күндіктер кезінде А.Қ. Жұбанов басқаратын Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен КСРО халық әртісі К. Байсейітова және Р. Абдуллин мен Ә. Үмбетбаевтың орындаған «Абай» операсынан берілген үзінділер өте жоғары бағаланды. Дирижер В. Пирадов басқарған Ташкенттің симфониялық оркестрі өз концерттерінде: Е. Брусиловскийдің «Сарыарқа» атты симфониялық сюитасы мен М.Төлебаевтың «Қобыланды» атты симфониялық увертюрасын халыққа таныстырды. Бұл сапарда атақты домбырашы Дина Нұрпейісова да ерекше құрметке ие болды. Ол туралы белгілі музыка маманы А.Островский: «Онкүндік кезінде көрсетілгендердің ішінде құйрықты жұлдыздай жарқ еткен халық таланты Құрманғазының шәкірті, 80 жастағы Қазақстанның атақты домбырашысы Дина Нұрпейісоваға ешкім тең келе алған жоқ. Оның аяқ астынан шығарып тартқан күйлері тыңдаушыларды тәнті етті», - деп жазды. Ташкентте болған онкүндік Қазақстан композиторлары мен орындаушыларының біраз өсіп қалғандықтарын аңғартты. Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі мен республиканың халық әртістері Шара Жиенқұлова мен Жамал Омарова басқарған КСРО халықтарының әндері мен билерінің ансамблі ташкенттіктерді риза етті. Бұл ұжым мен опера театрының әртістері майданға барып та өз өнерлерін көрсетті.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Рамазан Елебаев, Мәлік Жаппасбаев, Смағұл Көшекбаев, Әли Базанов, Дмиртий Мацуцин, Владимир Поливанов, Ғабдулман Матов сияқты композиторларымыз қаламдарын қаруға айырбастап, майданға аттанды. Осы Ұлы Отан соғысы жылдарында музыкатану ғылымы да өз жұмысын тоқтатқан жоқ. А.Қ. Жұбановтың «Қазақстанның музыка өнері», «XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы қазақтың халық композиторлары» атты кітаптары жарық көрді. Бұл кітаптар қазақ әншілері мен музыканттарының өмірі мен шығармалары туралы тұңғыш жүйелі мәлімет берген өте құнды еңбектердің бірі болды.
Осы жылдары музыка маманы А.Алексеевтің Алматыға келуі қазақ музыкатану ғылымын дамытуға көп пайдасын тигізді. Белгілі музыка маманы, профессор В.М.Беляев А.Қ.Жұбановтың кітабын шығаруға көмектессе, музыка мамандары: П.Гуревич пен Н.Михайлов қазақ музыкасы мен Қазақстанның музыкалық өмірі туралы республикалық баспасөзде мақалалар жазып, халық арасында дәрістер оқып тұрды. Бұл жылдар ішінде КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы жанынан өнер тану секторы ашылды. Ол секторда музыка, театр және қолөнер бөлімдері құрылып, олар республика өнерінің дамуы жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін мамандардың басын қосты. Соғыстың ауыр жылдарының қиыншылықтарына қарамастан, республиканың өзінде жоғары маман даярлау мақсатында 1944 жылы Алматы қаласында тұңғыш кәсіби жоғары оқу орны консерватория ашылды. Консерватория ашылған күннен бастап өзінің алдына көптеген мақсаттар қойған болатын. Олар: білікті мамандар даярлау, қазақ, орыс, шетел музыкаларын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерттеу, ғылыми педагог мамандар дайындау, музыкалық аспаптарда кәсіби орындаушыларды дайындау және тағы басқалары. 1945 жылы консерваторияға белгілі күйші, сазгер Құрманғазының аты берілді. Бұл консерватория ашылған күннен бастап директоры болып И.В.Круглихин тағайындалған болатын. И.В.Круглихин кәсіби маман-педагогтарды таңдау барысында жұмысқа композиция кафедрасына Е.Г.Брусиловский, Л.Хамиди, қазақ ұлттық аспаптар кафедрасына А.Қ.Жұбановты, арнайы фортепиано кафедрасына И.Н. Петров, Л.Л. Кельберг, А.Н. Кантрович, шекті аспаптар кафедрасына И.А.Лесман, Е.П.Антопольский, хорды дирижерлау кафедрасына Б.В.Лебедев, Л.М.Шаргородский, музыкалық теория кафедрасына В.А.Коллар, Д.Д. Мацуцин, ән салу кафедрасына А.М.Курганов, Н.Ф.Нагулина, А.И.Мизонов, А.В.Гуцаловская және тағы басқа да педагог-мамандарды жұмысқа қабылдады. Консерваторияға ең бірінші оқуға Алматы музыкалық училищесінен, Оралдағы музыка мектебінен талапкер жастар келіп, студент қатарына қабылданған болатын. Көп ұзамай осы оқу орнына Ленинград консерваториясынан 3330 дана, Москва консерваториясынан 5000 дана ноталар және музыкалық әдебиеттер келді.
1945 жылы консерваторияның ректоры болып республиканың халық әртісі, өнертанушы А.Жұбанов тағайындалды. А.Жұбанов ректор болып келген күннен бастап консерваторияның оқу жоспарларын, бағдарламаларын, профессор-оқытушы құрамын қайта жасақтады. Консерваториядан қызмет алмастырған оқытушылардың орнына, халыққа танымал өнер қайраткерлері: доцент Е.Ф.Гировский, сазгер С.И.Шабельский, музыка зерттеуші П.В.Аравин, ҚазССР-нің халық әртісі К.Жандарбеков, домбырашылар Л.Мұхитов пен Қ.Жантілеуов, В.П. Древнева, К.И.Бабаев, В.С.Хесс, Р.С.Кацман және тағы басқаларды жұмысқа шақырды. Осы жылдары консерваторияда үлкен өзгерістер болды. Жаңа кафедралардың ашылуы, жаңа өнер бөлімдері, дыбыс жазу кабинеттері, оқытушылар мен білім алушылардың концерттік шығармашылығының бір жүйеге келуі осының барлығы да білім алушыларға да оқытушыларға да үлкен өзгеріс, жаңа шығармашылық белсенділік әкелді. Осындай жаңаланудан кейін Қазақ консерваториясы Қазақстан үшін, оның ішінде Алматының мәдени деңгейін көтерер үлкен оқу орны болды. Консерваторияның концерттік залында алматылықтар үшін түрлі симфониялық, қазақ ұлттық композиторларының, орыс және шетел композиторларының концерттері беріліп отырды. Консерваторияның бұлай жаңаруы қазақстандықтар үшін музыка өнерінің бір қадам болса да алға ілгерілеуін туғызды.
1946 жылдың өзінде-ақ қазақ музыкасындағы опера өнерінде үлкен бір тарихи оқиға болды десек те болады. Осы жылы қараша айында Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының премьерасы қойылды. Операның либреттосын жазған драматург-ақын Қ.Жұмалиев болатын. Опера қазақтың музыка мәдениетін биік шыңға көтерген, халықтық бай музыкалық шығармаларды опера жанрына икемдей пайдаланған кесек туынды болды.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі бірінші бесжылдықта Қазақстанда, сол сияқты басқа да туысқан республикаларда индустрияның жаңа алып құрылыстары бой көтеріп, тың және тыңайтылған жерлерді игеру мәселесі басталып та кетті. Осындай ұлы істер мен қатар Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі көп ұлтты Кеңес әдебиеті мен өнерін дамыту ісін де естен шығармай, үнемі қамқорлық жасап отырды. Осы жылдары қазақтың опералық, симфониялық, хор және камералық, музыка мәдениетінің гүлденіп, көркейген кезі болатын. Бұл кезде қайрат күші қайтпаған, тәжірибесі мол Е.Г.Брусиловский, А.Қ.Жұбанов, Л.А.Хамиди, В.В.Великанов, С.И. Шабельский сияқты аға буын сазгерлерімізбен қатар, М.Т.Төлебаев, Қ.Х. Қожамияров, Қ.А.Мусин, Б.Б. Байқадамов, А.Бычков, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Ғ.Жұбанова сияқты жас сазгерлеріміз де шыға бастады.
Сондай-ақ соғыстан кейінгі жылдары А.Қ. Жұбанов, Л.А. Хамиди, Л.М.Шаргородскийлер басқарған Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің орындаушылық шеберлігі жетіле түсті. Бұл жағдай бұрынғы қазақтың халық аспаптарын біраз жетілдіре түсуді, сондай-ақ оркестр құрамын консерватория бітірген білімді мамандармен толықтыруды қажет етті. Ұжымның концерттік бағдарламаларында оркестрде орындалатын халық композиторларының күйлерімен қатар, сол күйлерге қосымша есебінде орыстың және шет елдік классик композиторлардың шығармалары да ене бастады. Шетел сазгерлерінің шығармаларының ішінде Глинканың «Вальс-фантазиясы», Дворжактың «Славян биі», Моцарттың «Рондосы», Глазуновтың «Концерттік вальсі» тағы басқалары ойналып жүрді.
Осындай бай музыкалық педагогикамызды жеткіншек жас ұрпаққа күні бүгін оқытып, бойына сіңірту ұстаздардың міндеті болып табылады. Осыдан келіп қазіргі педагогикада мектеппен жоғары оқу орны жан-жақты дамыған жеке адамды тәрбиелеу міндетін шеше отырып, жеткіншек жастарды эстетикалық тәрбиелеудің жағдайларын, формалары мен әдістерін оңтайлы үйлестірудің жолдарын іздестіруде.


Ғани БАЙҰЛОВ,
PhD философия докторы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Дәстүрлі өнер институтының директоры
06 маусым 2020 ж. 9 526 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 583 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам