"Әйел еркектің еркелігі үшін жаратылды" деген шенеунік қызметінен кетті
Бұл аз уақыт ішінде Шымкент жастар ресурстық орталығының қатысы бар екінші даулы жағдай. Бірнеше күн бұрын осы қалада такси жүргізушісінің қысқа белдемше киген қызға ақыл айтқан видеосы көпшіліктің талқысына түскен болатын.
Шымкент жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Данияр Алан әйелдерге қаратып айтқан даулы пікірінен кейін қызметінен кетті. Бұл жайында өзі Facebook парақшасында хабарлады.
Ол даулы жазбаны Telegram арнасында 2017 жылдың қарашасында жариялаған.
"Құдай алдымен еркекті жаратты. Еркектің іші пысып кеткен соң құдай еркекке серік етіп әйелді жаратты. Егер құдай кез-келген нәрсені бір себеппен жаратады деп есептесек, еркектің мына дүниеде бір миссиясы болып тұрғаны. Ал әйел еш себепсіз, жай еркектің еркелігі үшін ғана жаратылды. Олардың еш миссиясы жоқ. Ал бала табу деген миссияны кейін өздері ойлап тауып алған секілді. Оның үстіне қисық қабырғадан жаратылды", – деп жазды Данияр Алан.
Бұл жазба Шымкенттің жастар ресурстық орталығының тапсырысымен бюджет қаражатына түсірілген болуы мүмкін ролик елдің талқысына түскеннен кейін пайда болды.
Бейнероликте қысқа белдемше киген қыздың такси жүргізушісімен болған оқиғасы көрсетіледі. Таксист қысқа белдемше киген қыздың жезөкшеге ұқсайтынын айтып, көлігінен шығармай, ақыл айтады. Сонымен қатар бұл видеода такси жүргізушіні жағымды кейіпкер ретінде көрсеткен. Роликте Шымкент қаласы жатсар ресурстық орталығының тапсырысымен түсірілгені жазылған, ал сол жерде Данияр Алан жұмыс істеді.
Шымкент жастар ресурстық орталығы басшысының жаңа орынбасары болып Жұлдыз Балтабаева тағайындалды.