Сыр елінің сақшысы Угай Борис: «Қазақ тілін ана тілімдей құрметтеймін»
Соңғы кезде қазақ тілін меңгерген этнос өкілдерінің саны артуда. Бұл дегеніміз тілегі бір отандастарымыздың қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін біліп қоймай, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін құрметтейді. Қызылорда қалалық Полиция басқармасында да мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері қызмет істейді. Солардың бірі – кәріс ұлтының өкілі Угай Борис Рудольфович.
Угай Борис Қызылорда қаласында 1986 жылы дүниеге келген. Қаладағы №198 орыс мектебінде білім алған. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қазақ тілін меңгеріп, өз қатарластарынан озық болды. Қазақ тілі сабағына белсенді қатысуымен ұстаздардың назарына ілікті. №198 орта мектепті бітіргеннен кейін, 2005 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға түсті.
Қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы лауазымында қызмет атқарады.
Борис – мемлекеттік тілді жетік меңгерген қызметкер. Сондай-ақ, қазақ тілі оқыту курстарына қатысып, білімін жетілдіріп отырады.
– «Мен Қызылорда қаласында туып-өстім. Орыс тілінде білім беретін мектепте оқыдым. Мектеп қабырғасында қазақ тілі пәнінен тек бестік бағалар алатынмын. Тілге деген қызығушылығым бала кезімнен пайда болды. Орыс мектептерінің арасында қазақ тілі пәні бойынша өткен қалалық олимпиадада жүлделі орын иелендім. Қазақ тілін білуім жаңа таныстар мен достар табуыма да себепші болды. Қазақ балаларымен ойнап, бірге өстім. Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысамын», – дейді үнемі ізденіс үстінде жүретін жас офицер.
Бірнеше жыл бойы ҚР ІІМ ұйымдастыруымен өткен «Парасатты полицей» атты республикалық сайысқа Борис белсенді қатысты. Осы байқауда Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Сыр Сарбаздары» командасы түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің алғырлықтарын, актерлік қабілеттерін паш етіп, «Өнерлі команда» номинациясымен марапатталды. Кәсіби терминдер, мемлекеттік тілде сөйлемдерді дұрыс әрі әдемі құрау бойынша біліктіліктерін сынға салу кезінде команда өзінің жоғары деңгейін көрсетті. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт қызметкерлердің арасында Угай Борис және Тен Аль-Фараби белсенді қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Байқауда Борис қазақ тілінде өзін таныстырып, халық әндерін тамаша орындау арқылы қазылар алқасының оң бағасын алған еді.
Айта кету керек, Бористің анасы - Угай Елена Владимировна 25 жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарып, қазіргі таңда ҚР ІІМ еңбек сіңірген зейнеткері, запастағы полковник. Анасы ұлына бала кезінен тәлім-тәрбие беріп, қазақ тіліне деген құрметінің артуына себепші бола білді. Бүгінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген тәртіп сақшысы өзге әріптестеріне де үлгі болуда.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі