Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ерінбеген етікші болады

Ерінбеген етікші болады


Қазір біздің қоғам шабамын деген адамға ат берген, жанамын деген жүрекке от берген қазақтың алтын дәуірі. Қолыңнан келген іспен айналысуға мүмкіндік мол. Елімізде сан мыңдаған мамандық бар болса, соның бірі – етікшілік кәсіп. Таң шапағымен таласа тұрып, бізі мен тебенді жанына жолдас ететін етікшілердің еңбегі ерен.
Етікшілік – көне кәсіптің бірі, оның тамыры сонау өткен дәуірден бастау алатыны айтылады. Бұрындары бұл мамандыққа деген сұраныс жоғары болған. Бүгінде де етікшілердің көмегіне жүгінетіндердің қатары аз емес. Жасыратыны жоқ, бұл кәсіпке менсінбеушілік танытатындарда табылады. Екі қолға бір күрек таба алмай отырып, арланатындарын қайтерсің. Бірақ, етікшілер кәсіп¬терін нағыз табыстың көзі деп санайды. Олардың ойынша табысты адал еңбекпен табу маңызды. Көпшілік қырын қарайтын кәсіп түрі болса да, күнделікті нәпақасын маңдай терінің арқасында айырып отыр. Өз уақытында келіп, кетеді. Ешкімге тәуелді емес. Табыстары толымды. Бір отбасын асырауға жеткілікті жағдайда. Аяқ киім жөндейтін құралдарға айтарлықтай қаржы да жұмсалмайды. Тек әрбір қажетті затты ұқыптылықпен пайдаланса болғаны.
– Менің бұл кәсіппен айналысқаныма он жыл¬дан аса уақыт болды. Басында әрине барлығы қиындау еді. Кейіннен қолым жаттығып, жұ¬мысыма қызығушылығым артып, қазір сүйікті кәсібіме айналды. Жеке кәсіпкер ретінде шағын бөлмені жалға алып отырмын. Тапқан табысыма қыдырып та, тамаққа да жаратып отырмыз. Кей күндері 10 адамға дейін келеді, кейде 3-4-і ғана келетін кездер кездеседі. Қанағат етемін. Осы уақытқа дейін бірде-бір адам шағым айтқан емес. «Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз бекер емес. Еңкейіп жұмыс жасасаң, шалқайып демаласың,– дейді Айдос Үмбетов.
Бір үйдің отағасы болғаннан кейін, бір үйлі жанды асырау осы кісінің мойнында. Жылдың төрт мезгілінде де осы кәсіппен айналысады. Жаздың күндері күн жылы болғанмен, қыста отыру қиынға соғады. Жаз айларында есігі ашық тұрғаннан кейін өткен-кеткен көріп көп келетін, қыс, күз айларында есігі жабық тұрғасын білмей жатады. Етікшілік – тек тиянақтылық пен еңбекқорлықты ғана емес, аса шыдамдылықты қажет ететін мамандық. Біз әңгімеге тартқан кейіпкердің айтар бұйымтайы кейбір адамдардың өктемдігіне өкпелі.
«Адамдар әр түрлі ғой. Түсініп болмайсың. «Бірі – жөнделген аяқ киімді ұнатса, бірі – «мынау дұрыс тігілмеген, қайта жасап беріңіз» дейтіндері де кездеседі. Бәрінің көңілінен шығу әрине қиын. Тұтынушының көңілінен шығып жатса қуанамыз. Бағаны жұмсалған материалға байланысты қоямын, – дейді біздің кейіпкер.
Қалада байқасаңыз аяқ киім жөндеумен айна¬лысатын орындар мен дүңгіршектерді көптеп кездестіресіз. Соған қарағанда «етікшілік ескір¬мейтін кәсіп» болып тұр. Біз етікшілердің бойынан өз кәсібіне деген құлшыныс пен адалдықты байқадық. Арамызда тепсе темір үзетін еңгезердей жігіттер екі қолға бір күрек таппай, сең соққан балықтай сенделіп жүргені жасырын емес. Солар осындай еңбек адамдарынан үлгі алғаны абзал. Бұл кәсіпке жоғарғы білімнің де қажеті жоқ. Етікшілік мұрын шүйіре қарайтын жұмыс емес, керісінше табысты болудың бірден-бір көзі.
Кәсіптің қыр-сырын толыққанды меңгерген ма¬манның келешек жоспары шағын шеберхана ашып, қасына талапкер жастарды тәрбиелеу. Ол еңбек ете жүріп ойға тоқығандарын тәжірибеде жүзеге асыруды алдына арман ете білді. Сүйікті кәсібімен айналыса жүріп халыққа қалтқысыз қызмет етіп ке¬леді. Соны бақытына балайды. Міне, бұл нағыз еңбек адамының болмысы. Біз барғанда ертемен кәсібін бастап кеткен шебер тапсырыстармен жұмыс жасауда екен. Бір рет киіп, екінші мәрте жарамсыз болып қалатын аяқ киімдерін қайтадан жарқыратып егесіне тапсырады. Тапсырысты уақытында бітіріп беруге дағдыланған. Қазіргі кезде өзінің ескі тігін машинасымен жұмыс жасауда. Төрт мезгілдің ауыс¬палы кездерінде адамдар көп келеді екен. Жаб¬дықтарын жаңарту жоспары бар. Бәріне уақыт төреші.
Біз бүгін бір ғана еңбек адамының бір күндік жұмысын жаздық. Ондай мүмкіндікке ие болып, елдің сұранысын қанағаттандыру сіздің де қолыңыз¬дан келетін шаруа. Барлығына әуелі ниет, сосын ықылас керек. Сонда ғана сіз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деген хәкім Абайдың сөзіне іспен жауап бере аласыз.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
13 маусым 2020 ж. 622 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам