Енді QR-код көмегімен үйленуге болады
Қазақстанда енді некені тіркеуге QR-код арқылы өтініш беруге болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Айтуынша, қазір техник мамандар QR-код көмегімен алуға болатын қызметтерді осы айда іске қосу үшін жұмыс істеп жатыр.
Бұл қызметтердің қатарында:
- некені тіркеу;
- баланың туғанын тіркеу;
- баланы балабақша кезегіне қою;
- заңды тұлғаны ашу;
- салық есептілігін (250 форма) қабылдау бар.
«Осы қызметтерді компьютерде алған кезде, электронды сандық қолтаңбамен қол қою орнына, QR-кодты сканерлеп, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті алуға сұрау жіберу жеткілікті. Электронды сандық қолтаңбаны қолдану үшін компьютерге қосымша бағдарлама орнатудың да қажеті жоқ», – деді Жұмағалиев.eGov.kz порталында осы қызметтерді алған кезде, азамат «QR-code арқылы қол қою» функциясын таңдайды.
Осыдан кейін eGovMobile қосымшасының көмегімен мониторда пайда болған кодты сканерлейді.
Кейбір қызметтер үшін QR-код арқылы қол қою мүмкіндігі осы айдың соңына дейін жүзеге асады.
Болашақта бұл қызметтер тізімі кеңейе түспек.
eGov mobile қосымшасын App Store және PlayMarket платформаларынан жүктеуге болады.