Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов: "Біз – халыққа қызмет етушіміз"
Асылында азаматтың қалыптасуы туған жерімен тығыз байлсанысты болса керек. Өйткені, адам бойына туа бітті берілетін ізгі қасиеттер табиғат анадан дариды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы сөзімізді айқындап тұрған тәрізді. Себебі, оның ішкі рухани жан-дүниесі Сыр суындай мөлдір, білім парасаты биік, өзіндік қоғамдық көзқарасы бар азамат. Ал, азамат деген қазақ танымында тұлғалық тұғыры бар адам. Ол – Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары, «Үздік мемлекеттік қызметші» облыстық байқауының жеңімпазы Жағыпар Тажмаханов.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында Жағыпар Айтбайұлымен жолығып, айтарын тыңдадық.
– Жәке, халық даналығында «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – болашақ жоқ» деген сөз бар. Әңгімемізді әріден бастасақ. Бала Жағыпар кім болуды армандады?
– Қайырлы күн Тұрар бауырым. 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Ақмешіт апталығы» газетімен кездесіп, пікір алмасып отырғаныма қуаныштымын.
«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» деген. Барлық балалар секілді арман мен мақсат жетегінде жүріп біраз мамандықтарға бойлап көрдік қой. Алдымыздағы ағаларға қарап бой түзедік. Жақсы адам, жақсы маман көрсек балалық болмыспен еліктедік. Ұстаздарым мұғалім немесе инженер болғаның дұрыс деген кеңес берді. Үйде ата-анам мамандықты қабілетіңе қарай таңдау қажеттігін айтты. Бала күнімнен мұғалім мамандығы жаныма жақын болды. Мектеп бітірген соң тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып, 2 жылдан астам ұстаздық қызмет жасадым. Кейін келе, өмір арнасы еңбек жолымды мемлекеттік қызметке қарай бағыттады. Алайда әлі күнге дейін мемлекеттік қызметтің әлеуметтік саласында, оның ішінде білім беру саласы бойынша жұмыс жасап келемін.
– Қызметтен тыс уақытта немен шұғылданасыз?
– Негізі әр адамның өзіндік қызығушылығы болатыны рас. Жұмыстан тыс уақытымды отбасыма, ата-анама, достарыма арнаймын. Бір мезгіл балаларымның көбірек қасында болып, соларға көңіл бөлемін. Демалыс күндері ата-анама қолғабыс етіп, әңгімелерін тыңдап, рухани күш-қуат алып тұрамын. Одан бөлек уақытымды шығармашылықпен айналысуға, кітап оқу мен кино көруге арнаймын. Мүмкіндік болса таза ауада көбірек серуендеуге тырысамын. Шығар¬машылық бойынша отбасылық фотоальбом, журнал, кітапшалар шығарып тұрамын.
– Қандай спорт түрімен айналысасыз?
– Спорт – салауатты денсаулық кепілі. Спортпен шұғылданған адамның жүріс-тұрысы сергек болады. Өмірге құлшынысы, өзіне сенімділігі жоғары болады. Балалық шақта сыныптастармен бокс үйірмесіне қатыстым. Студент кезімде футбол үйірмесінде тұрақты ойнайтынмын. Қазір күнделікті жеңіл дене жаттығуларын жасап, брусья мен турникке тартылып тұрамын. Үстел теннисін ойнағанды ұнатамын.
– Қарапайым азамат ретінде қоғамда не толғандырады?
– Біз қай салада қандай қызмет атқарсақ та ең бастысы қарапайым азамат екенімізді ұмытпауымыз қажет. Қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігімізді білуіміз керек деп есептеймін. Салыстырмалы түрде қарағанда өмір сүру қиын да, қызықты. Мәселен, еңбек еткен адамға бәрі қолжетімді. Қазіргідей технология дамыған заманда еңбек арқылы бәріне қол жеткізуге, кәсіппен айналысуға, шетелде білім алуға мемлекетімізде мол мүмкіндіктер жасалып отыр. Ал, қиындығы дейтін себебім, ата-бабамыздан келе жатқан қазақы құндылықтарымызды жоғалтып алу алдында тұрғандай көрінеді. Мені қарапайым азамат ретінде отбасылық құндылықтарды сақтау мен адами болмысызды жоғалтпау, дәстүрімізді дәріптеу, салтымызды сақтау секілді түйткілді мәселелерге мейлінше мән беру қажеттігі ойландырады.
– Өте орынды. Мемлекеттік қыз¬меткер болмағанда қай саладан көретін едік?
– Өзімнің табиғатыма, жаныма жақын жұмыс ол – қоғамға қызмет ету. Дегенмен, мемлекеттік қызметкер болмағанда ғылыммен айналысқан болар едім. Негізгі мамандығым ұстаздық қызмет атқаруға да мүмкіндігім бар. Ақпарат ретінде айта кетейін, 2011 жылы еліміздегі мемлекеттік қызметшілер даярлайтын ең маңдайалды оқу орны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітіріп, «Қазақстан Республикасындағы мем¬лекеттік кадр саясаты» тақырыбында диссертациялық ғылыми жұмысымды қорғадым. Алдағы уақытта осы ғылыми бағыттағы жұмысымды жалғастыруды жос¬парлап жүрмін.
– Қандай кітап оқып жүрсіз?
– Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида», «Боранды бекет», «Ақ кеме» кітаптарын қызығып оқыдым. Кейін тарихи кітаптар мен ақындар шығармашылығына көбі¬рек көңіл бөлдім. Сондай-ақ, Зейнеп Ахметованың «Аманат», «Шуақты күн-дер», «Әзіліңді сағындық» кітаптарын оқығанымды айта аламын. Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» мен мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тағдыр мен майдан» кітаптарын және Сейдахмет Құттықадамның «Ұлтқа қызмет ету» атты еңбегін оқып шықтым. Бұрын жаңа кітапқа таласатын оқырмандар көптігін естіп өстік. Қазір қызмет аясында кітапхана жұмысына жіті бақылау жасап, жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттауды басшылыққа алып отырамын.
– Қызметтегі Жағыпарды жұрт жақсы таниды. Отбасындағы Жағыпар қандай?
– Қызметте де, отбасында да осы қарапайым қалпымды жоғалтпауға тырысамын. Үйде үш ұлдың кішісімін. Қазір өз отбасымда бір ұлым, бір қызым бар. Келіншегім де мемлекеттік қызметте жұмыс жасайды. Мүмкіндігіміз болғанынша ағайынмен туыстық байланыста болып, қуаныштарын бөлісіп, ата-анамыз бен бауырларымызға уақыт бөліп тұрамыз. Бала-ларымызға да барынша адами қасиеттерді сіңіріп, әр адамға қажетті сұранысқа сай мамандықтарын меңгеруге тәрбие беріп жатырмыз.
– Баспасөздің қоғамдағы рөлін қалай бағамдайсыз?
– Ақпарат құралы дегенде алдымен Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі еске түседі. Еліміздегі күнделікті жаңалықтар мен оқиғалар ақпарат құралдары арқылы елге жетіп жатыр. Қандай да бір ақпарат құралының сөзі қоғамдық пікір қалыптастырудың темірқазығы. Баспасөз құралдары еліміздің бүгіні мен ертеңін қалыптастыруда, қоғамды демократияландыруда, республикамыздың ішкі және саяси тұрақтылығын қалыпты ұстауда ерекше маңызға ие. Оның ішінде мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан-жақты даму жетістіктерін насихаттауда журналистер қауымының рөлі жоғары.
– Жылы лебізіңізге рахмет. Абайдың қай қара сөзін бағдар етесіз?
– Хакім Абайдың қазақ әдебиетінде, жалпы қазақ халқының тарихында орны мен рөлі ерекше. Ол қоғам қайшылығын, замандастарының алауыздығын рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынап, еңбекші халыққа іш тартты, озық мәдениетке сүйреді.
Абайдың әрбір қара сөзі – көркемдік, әлеуметтік, көзқарастары терең танылған мағыналы шығарма. Абайдың кез келген сөзін өмірлік ұстанымға, бағдар етуге әбден болады. Десе де, менің жадымда сақталып қалғаны отыз жетінші сөздегі мына бір ой: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Осы сөзде адамға шыдамдылық, төзімділік, сабырлық қажеттігі туралы жақсы айтылған.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– «Сырт көз сыншы» деп тегін айтылмаса керек. Мемлекеттік қызметте басшылықта жүргеннен кейін халық тарапынан сын айтылмайды емес, айтылады. Егер сын орынды, конструктивті болса одан қорытынды шығаруға тырысамын. Айтылған сын пікірлерді ескеріп, өзімді жетілдіріп отырамын.
– Қоғамда мемлекеттік қызметкерлер жайлы арагідік кереғар пікірлер айты¬лып жататынын естиміз. Сіздің пікіріңіз?
– Иә, қоғамда мемлекеттік қызметшілер туралы кереғар пікірлер кездесіп жатады. Кереғар пікірлердің келісетін де, келіспейтін де тұстары бар. Бес саусақ бірдей емес. Әрбір мемлекеттік қызметші жауапкершілік жүгін жете сезініп, бағалай білуі тиіс. Ол бірінші кезекте мемлекеттік аппараттың жұмысын алға жылжытушы кадр және мемлекеттік биліктің оң имиджін қалыптастырушы тұлға екенін түсінуі қажет. Ең бірінші кезекте ел сенімінен шығуға бар күш-жігерімізді салып келеміз. Мемлекеттік қызметші ел сенімін ақтай білсе одан асқан абырой жоқ деп есептеймін.
– Мемлекеттік қызмет: Сіздің анық¬тамаңыз. Шенеунік, тәуір қызмет, жайлы орын...
– Бір сөзбен айтқанда, біз – халыққа қызмет етушіміз. Өзімізге міндеттелген қызмет шеңберінде еңбек етіп, сенім үдесінен шығуға тиіспіз. Мемлекет тұтастығы мен еліміздің кемел келешегі әрдайым жасампаздықты жарнамалап, ұлтты ұйыстыратын игілікті істердің жаршысы. Ал, ол үшін мемлекеттік қызметшінің бойынан адамгершілік қасиеттерге негіз бола алатын әдептілік, адалдық, әділеттілік, турашылдық, қарапайымдылық секілді мінез сипаттары табылуы тиіс. Мемлекеттік қызметші әр күн сайын өзіне есеп беріп, өзін ұдайы бақылап отырғанда ғана оның ел алдындағы абыройы артып, халқына жасаған қызметі нәтижелі шықпақ.
– «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауының облыстық кезеңінен жеңімпаз атандыңыз. Үздік атанудың сыры?
– Рақмет. Бұл байқау өзімді тағы бір мәрте жетілдіруге және жұмыстарымды жүйелеуге мүмкіндік берді. Мемлекеттің бәсекеге барынша қабілетті болып қа¬лыптасуы тікелей кәсіби білікті мамандар мен оңтайлы жүргізілген кадрлық саясатқа байланысты екенін аңғаруға болады. Осы тұрғыдан алғанда конкурстық іріктеуден өткен әрбір мемлекеттік қызметші өз саласы бойынша үздік болуға ұмтылуға тиісті. Ол үшін үнемі үлкен ізденіспен кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасу арқылы өзін жан-жақты дамытып отыруы қажет. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілім 10 жылдан асты. Ел игілігі жолында қызмет атқару – мен үшін үлкен мәртебе. Өзіме жүктелген функционалдық міндеттерді мінсіз орындауға, құзыреттілігіме жататын жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруға бар күш, жігерімді жұмсап, өзіме талап қойып келемін. Кәсіби шеберлігімді шыңдау мақсатында ұдайы тәжірибе алмасып отырамын. Қазақтың ұлы ойшылы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар, ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген. Ұлы ғұламаның осы үш қағидасын өмірлік ұстанымыма айналдырып келемін.
– Ауданда Әдеп жөніндегі уәкіл¬сіз. Мемлекеттік қызметшілерге міндеттемелері қандай?
– Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын сақтау мен атқарушы биліктің оң имиджін қалыптастыру бағытында тиісті түсіндіру және алдын-алу жұмыстарын жүргізіп келемін. Әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінде көрсетілген мінез-құлықтың жалпы стандарттарын ұстана отырып, өзіне жүктелген міндеттерді адал орындауға тиіс. Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеті – мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне, iскерлiк қасиеттеріне қоғам мен мемлекет тарапынан қойылатын ерекше талаптарға лайықты болуына ықпал жасау. Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілгелі еліміздің мемлекеттік органдарында, оның ішінде Жалағаш ауданы әкімдігінде қызметтік әдеп нормаларын бұзушылық, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуал және мемлекеттік қызметшілердің имиджі едәуір жақсарды деуге толық негіз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ