Қызылорда полицейлері бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктіні қолға түсірді
16 маусым күні сағат 18:41-де Қызылорда қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 34 жастағы тұрғынынан футбол алаңдарының бірінде ұлының велосипедін белгісіз біреу тартып алып, қашып кеткені жөнінде арыз түскен.
25 маусымда сағат 14:30-да "102"-ге белгісіз тұлға үйдің ауласындағы сарайдың есігін бұзып, "Горный-dsma"маркалы велосипедін ұрлап кеткендігі туралы қала тұрғынынан хабарлама келіп түсті.
Полицейлердің кәсібилігі мен жедел әрекеттерінің арқасында көп ұзамай осы екі дерекке қатысты күдікті 22 жастағы жұмыссыз азамат ұсталды.
Тексеру барысында күдікті осындай тәріздес орын алған тағы да 3 қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Күдіктінің айтуы бойынша, ұрланған велосипедтердің үшеуін сатып үлгергенін, ал қалғандарын сарайына жасырғанын көрсеткен.
Полицейлер ұрланған велосипедтерді тауып, оларды заңды иелеріне қайтарды.
Қазіргі таңда, күдіктіге қатысты ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі бойынша (Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) және 191-бабының 1-бөлігі бойынша (Тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Искаков Ермек Бердәліұлы тұрғындарды өз мүлкін қорғауға, оны қараусыз қалдырмауға және құлыптарды пайдалануға шақырады.
«Көп жағдайда жәбірленушілер велосипедті қараусыз және үйдің алдындағы құлыпсыз немесе подъезде түнге қалдырғанын көрсетуде. Егер ұрлық орын алса, міндетті түрде полицияға хабарлаңыз - біз Сіздің мүлігіңізді табу үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз», - деді ол.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі