«БАЙҚОҢЫР START-UP» БИЗНЕС ИДЕЯЛАР БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойының қарсаңында Қызылорда облысында ағымдағы жылдың 12 желтоқсаны күні облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет«Байқоңыр Start-Up» бизнес идеялар байқауы өткізілді.
Байқауды өткізудің негізгі идеясы талантты, әлеуметтік жауапкершіліктері бар, иновациялық қызмет түріне және кәсіпкерлікке ынталы жастарды анықтау және қолдау, сондай-ақ бизнес-идеяларын жүзеге асыруға жәрдемдесу болып табылады.
Байқаудың мақсаты - кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру үшін жаңа бизнес-идеяларды қолдау, іске асыру және инвестициялау арқылы жастар кәсіпкерлігін дамытуға жағдай жасау.
Байқауға 18 ден 29 жас аралығындағы облыс жастары қатысты.
Облыс бойынша байқауға қатысуға 100-ден аса азамат өтінім білдірген. Бірінші кезеңде Байқау комиссиясымен алдын ала іріктеу өткізіліп, екінші кезеңге қатысуға 50 конкурсант жолдама алды.
Байқау қорытындысының нәтижесінде 6 жеңімпаз анықталды.
1 орынды «Биологиялық ыдырайтын нанокомпозиттер» жобасын ұсынған Жақсылықов Еркебұлан Әділбекұлы жеңіп алып, 300 мың теңге ұтысқа ие болды. 2 орынмен Сырдария ауданының тұрғыны Алдаберген Аружан Жұмабайқызы және Қызылорда қаласының тұрғыны Әбдіраймова Іңкәр Халиқызы марапатталды. Марапат иелері 200 мың теңгеден ұтысқа қол жеткізді.
3 орынды Қармақшы ауданынан қатысқан Тұрсынбаев Азамат Сейфуллаұлы, Төребеков Әсет Сәбитұлы және Қызылорда қаласының тұрғыны Аманова Бахыт Мұратқызы өзара бөлісіп, олар 100 мың теңгеден ұтысқа ие болды.