Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қымыз сусын ғана емес...

Қымыз сусын ғана емес...


Ата кәсіп әрқашанда берекелі болары хақ. Қазақтың «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас» тәмсілін тірлігіне ұстын еткен Ерлан мен Рахымжан бірігіп қымызхана ашуды қолға алады. Қазақтың ұлттық сусыны қашанда сұранысқа ие. Осындайда Ақтамберді жыраудың «Арудан асқан жан бар ма? Жылқыдан асқан мал бар ма? Биенің сүті – сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?» –деген жыр жолдары еріксіз есіңе оралады.
Иә, біз тақырыпқа арқау етіп отырған қымызхана қала орталығындағы «Құлагер» шағын ауданында орналасқан. Мұнда келушілер саны күн сайын арта түсуде. Кәсіп иелерінің айтуынша бір күнде жүзге жуық адам келіп қымыз ішеді екен.


ҚЫМЫЗДЫҢ ПАЙДАСЫ
Қазір жұрт ауырмаудың жолын іздейді. Ал, елдегі ахуалға байланысты дәрігер мамандары қымыз ішудің пайдасы орасан зор екенін айтуда. Саумал – сал ауруларына, жүрек пен асқазан жарасына, бауыр мен өкпе ауруларына мың да бір шипа көрінеді. Буын мен қаназдық дертіне де дауа екен.
– Бие сүтінің қасиеті – оның табиғаттағы ешбір сүтке ұқсамайтындығында. Ол қайнатуға келмейді. Ал, басқа сүтті міндетті түрде қайнатамыз. Бие сүті қайнатсаңыз бұзылып, ал, шикілей сақтасаңыз тұрған сайын маңызы арта түседі. Дертіне дауа іздеген жандар көбіне нақ осы ұлттық сусынды іздейді. Әрине, бұл қуанарлық жайт. Ұлттық сусынымыздың адам денсаулығына пайдасы шаш-етектен. Ата кәсіптен ажырамай, арнасын ашып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, нақ осы істі қолдағанымыз, жанымызға шуақ себеді. Өйткені, саумал мен сары қымыздың ұлт саулығында да, ұрпақ салауаттылығында да теңдессіз сусын екені хақ. Міне, қымыздың пайдасы осындай ерекше қасиеттерімен құнды, – дейді Ерлан Қозбақов.

ҚЫМЫЗ ҚЫМБАТТАДЫ МА?
Иә, біз бүгін сөз еткелі отырған осы кәсіп түріне қала тұрғындары мен қонақтары дән риза. Соның бірі – Жеңісбек Нысанов. Оның айтуынша қымыздың бағасы қолжетімді.
– Әрбір тұрғын өз үйлерінде бие сауа бермейді. Осында күніне екі мезгіл келіп, қымыз ішіп тұрамын. Екі жігіттің істеріне сырттай сүйсінесің. Алла берекесін берсін деп тілеймін. Бұрын Сыр өңірінде Қамбар ата тұқымын ұстайтындар көп болатын. Қазір көбісі айналыспайды. Жылқы мінсең көлік, саусаң сусын. Бұл біздің денсаулығымызға өте пайдалы, – дейді өз пікірін пайымдап.   
Әлқисса, сонымен біз барған бетте қымызханаға келушілер қатары аз емес екен. Ерлан мен Рахымжан келушілерге қызмет көрсетіп, зыр жүгіріп жүр.
Қазақтың киіз үйі. Іші – сырты ұлттық нақышта бейнеленген. Келген қонақтарға да барынша жайлы орын жасалып қойылған. Ыдыстар да дерлік ағаш бұйымнан жасалған.

БАСТЫ МАҚСАТ – ҰЛТТЫҚ СУСЫНДЫ НАСИХАТТАУ
– Жұмыс уақытымыз азанғы 9-дан бастап, кешкі 21:00 - ге дейін.  Қымызхана орталығын ашу бұрыннан ойда жүрген мақсатымыз болатын, соның сәті енді түсіп жатқандай. Күніне орта есеппен 100-ге жуық адам келеді. Досан ауылында жылқыларымыз бар. Содан тікелей осында тасымалдаймыз. Қымыздың кесесі 350 теңгеден, литрі 1000 теңгеден. Сондай-ақ, шұбат, айран, қатық бар. Арнайы фермерлермен келісімге отырдық. Солар дер кезінде жеткізіп береді. Қымызханада ауысыммен екі адам жұмыс істейді. Жалақысы 15 күнге – 75 мың теңге. Болашақта осы орыннан халал ұлттық тағамдар орталығын ашу мақсатымыз бар. Оны уақыт еншісіне қалдырдық. Мұнда қала тұрғындарымен қатар қонақтар да жиі келіп тұрады. Жақында батыр атамыз Бауыржан Момышұлының немересі келіп, дәм татып кетті. Сыр бойында осындай игі істің жолға қойылғанына дән ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жатыр. Бұл бізге үлкен шабыт сыйлайды. Ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімге қашанда сұраныс жоғары. Бұл жердегі ең басты мақсат – ұлттық сусынды кеңінен насихаттау, – дейді Ерлан емен – жарқын әңгімесінде ақтарыла сөйлеп.

ҚОС КӘСІПКЕРДЕН КӨП НӘРСЕ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ
Қымызхана іші көне жәдігерлермен жабдықталған. Қазақы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге сай қымызхана ашу үшін аздаған уақыт кеткен. Бұл терең ой елегінен өткізіп барып, қабылданған шешімнің оң нәтижесі. Қымызхана ішінде ілулі тұрған әрбір бұйымның өзіндік тарихы бар. Сондай-ақ керегеде ілулі тұрған тоқыма кілемдер өткен күннен сыр шертіп тұрғандай. Көненің көзіндей болған кебеже ілгеріде жасалған. Осындай көне жәдігерлерді жинап, ұмыт болып бара жатқан қазақы дәстүрлерді қайта жаңғыртып жатқан қос кәсіпкерден көп нәрсе үйренуге болады.

ТОЙХАНА ЕМЕС, ҚЫМЫЗХАНА АШСА...
– Қымызхана ашуды көптен жоспарлаған болатынбыз. Ішін заманауи заттармен жабдықтауға болатын еді. Алайда, ата-бабамыздан мирас болған ақбоз үйді қазақы дәстүрге сай жабдықтауды жөн санадық. Отбасымызбен кеңесіп, көптен жинап жүрген көне жәдігерлермен сәндеуді ұйғардық. Қазір технология дамыған заман. Бұрынғы киіз үйдің ағаштан жасалған уық, кереге, шаңырағын табу өте қиын. Сондықтан бұл киіз үйді темірден жасаған түрін пайдаландық. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлер тұрғын тойхана емес осындай қымызхана ашса иігілікті іс болары сөзсіз. Әр уақытта дастархан ұлттық тағамдарға толы. Бала кезімізден ата-әжелеріміздің жанында жүріп, айран, қымыз, шұбат ішіп, соған құмар болып өстік. Сол әдет бойыма құт болып дарығандай. Бізде енді елге қажетті ізгі үрдісті жолға қойып жатырмыз.  Алдағы уақытта қымызхананы зергерлік бұйымдармен толықтыратын боламыз, – дейді кәсіп иесі Рахымжан өз ойын ортаға салып.

ҚЫМЫЗДЫҢ ТҮРЛЕРІ
Қымыз дайындау сүттің тегіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Уыз қымыз – биені алғаш байлағанда ашытылатын қымыз. Бал қымыз – әбден пісілген бойына жылқының не қойдың майы сіңген бапты жұмсақ қымыз. Басты қымыз – төрт күн ашып, ашуы мейлінше жеткен қымыз. Дөнен қымыз – үш күн түнегеннен кейін қотарылатын, мейлінше ашуы жеткен қымыз. Жуас қымыз – үстіне саумал қосып, жұмсартылатын қымыз. Құнан қымыз – екі күн түнегеннен кейін қотарылатын қымыз. Қысырақ қымыз – бірнеше рет құлындаған биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Сары қымыз – шөп пісіп, биенің сүті қойылған кезде ашытылатын қымыз. Түнеме қымыз – ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні қотарылған қымыз.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ
Міне, бұлардың барлығы біз ішіп жүрген қымыздың түрлері. Байырғы ата – бабаларымыз бойға – қуат, ойға – шуақ құятын сусынды салқындатып, ұзақ жолға шыққанда жанынан қалдырмаған. Бұл өткеннің өнегесі, бүгінгінің бағдары. Денсаулыққа пайдалы сусынды күнделікті ішуді қолға алсаңыз артық болмас.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
11 шілде 2020 ж. 687 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам