Қайғы бөліссе азаяды
Жалпыхалықтық аза тұту күні тектен тек емес, ол – қайғы-қасіретті жеңілдетуге жетелейтіндей, өткенді еске алуға, сабыр сақтауға, келешекке кемел көзқараспен қарауға негізделгендей себебі бар. Жер бетін былай қойғанда, өз аймағымыздың да аза тұтуға арқау халықтың мұң-зары жеткілікті. Біреу бауырдан, біреу ата-анадан, біреу баладан айырылып қалды. Сөйтіп кесапат коронавирустың кесірі көңілге күдік ұялатты, бейбіт күнде уайымға салды. Аза тұту арқылы жаны жаралы жанның арқадан ауыр жүгі түскендей жеңілдеп, дүйім қауыммен бөліскен қайғының азайғаны аңғарылды.
Рас, әлеуметтік желіні ашсаң көңіл айтқан кісіден көз сүрінеді. Сонша қасірет әкелген «соғыссыз сойқан» әлі де тоқтайтын түрі жоқ. Мен үшін де орны толмас өкініш бар. Қаншама достан айырылдым, қаншама арқа тұтқан ағаларды жоғалттым. Осындайда ойыма кешегі тоқсаныншы жылдар оралады.
Бұл 1995 жыл болатын. Алматы. «Жас алаш» газетінде қызмет істейтін кезім. Өтпелі кезең, іздегенің ақшасына таптырмайтын, қат уақыт. Қас қылғанда, бір жасқа жаңа толған ұлым іш ауруға ұшырап, жағдайы күн санап кейін кетіп барады. Зыр қағып жүгіріп, көмек күтемін. Қайран болмады. Баланың еті қашып, сорайған сүйегі қалды. Құдды аштық заманның алаң бейнесі секілді. Дереу жедел жәрдемге жүгініп, ол ауруханаға жатқызылды. Ертесіне-ақ әйелдің шыр-пыры шыққан даусы телефон тетігін жарып жіберді. – Балаға ешкім көңіл бөлген жоқ. Коридорда жатырмыз. Дәрі жоқ. Ал, мен одан айырылып қалғым келмейді!
Мына сөз жанға қатты батты. Жайсыз оқиғаны естіп Қайрат Дүйсен (қазіргі Әлем Халықтары Жазушылары Одағының президенті) досым жетіп келді. – Мен бір еврейдің үйін жөндеуге алдым. Сен қасымда жүр, ақшаны теңдей бөлеміз. Сосын баланы дәрігерге қаратасың, –деді ол.
Құрылыстан бейхабармын. Әйтеуір қол ұшын беріп тұрамын. Бұл әлсіз әрекет еврейге ұнамайды. Маған ақша төлегісі жоқ. Қайрат болса онымен келіспейді. «Біз ортақ адамбыз» деп жеңді.
Қожайын күнделікті есептеседі. Кеш батпай ауруханаға барып, дәрігерге жолығамын. Ауруханада емге укол жоқ, амалсыз дәрігер үйінен тасып, егеді. Не керек, баланың беті бері қарады. Он бес күн дегенде ауруханадан да шықты. Сол бала бүгінде атпалдай азамат болды. Көрер жарығы бар екен.
Өкініштісі, қоғам қайраткері Қайрат Дүйсен досым жақында өмірден өтті. Оған да коронавирус кінәлі. Қанша досқа шарапаты тиген азаматты аза тұту күнінде еске алып отырмын. Қайран дос!
Қ.Құрбан