Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Бұл алғашқы қоңырау бұрынғыдан өзгерек...

Бұл алғашқы қоңырау бұрынғыдан өзгерек...


Көкжәшікке телміре қарап, әрбір сөзді мұқият тыңдап отырған Айсара кенеттен әжімі бар маңдайын лезде бір тыржитып: «Елнұр екеуміздің жекпе-жек майданымыз тағы басталады екен ғой» деп қолындағы теледидар тетігін бойкүйездеу кейіппен лақтыра салған-ды. Мән-жәйді білген кішкентай Елнұр да сол сәтте «Мектепке барып оқимын» деп жер тепкілеп жылай кеткен. Иә, бұл үйдегілер Білім және ғылым министрлігінің «Оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанда оқуды қашықтықтан білім алады» деген жаңалығын осындай көңіл-күймен қарсы алған еді.
Оқытудың мұндай үдерісіне алғашқы бетте оқушылардың алақайлап қуанғаны рас. Иә, үйде отырып, смартфонның ар жағында емін-еркін оқығанға не жетсін? Алдыңда көз сүзіп тұратын ұстаз жоқ, балалар да мектеп формасын киіп әуре болмайды. Дегенмен,  уақыт өте келе оқушылар мектеп партасын, сыныбы мен достарын сағынғандарын жасырмады. Күніге төпелеп оқытқан ата-аналар да өздерінің әбден титықтағанын мойындады. Осылайша карантин мұғалімнің қадірін арттырып, цифрландырудағы біршама олқылықтың бетін ашып берген-ді. Расында, төтенше жағдай кезінде қаптаған мәселенің алды болып, балаларды үйден оқыту машақаты қоғамда біраз дауға айналды.
Бұған дейін қашықтан оқыту туралы жолға түскен арнайы жүйе де, таразыланған тәжірибе де жоқ болғандықтан, халықтың аздап абдырап қалғаны шын. Оның үстіне технологиялық мүмкіндікке келгенде де бес аспабымыз сай болмағаны өтірік емес. Сондықтан карантин кезінде бала оқытуға мұғалім бір шабылса, ата-ана екі шабылып әлекке түсті. Бірақ, соған қарамастан «ұстаз – ата-ана – бала» үштігінің мызғымас  жауапкершілігінің арқасында оқу жылын ойдағыдай тәмәмдап, соңғы қоңырауды да онлайн сыңғырлаттық.
Ендігі министрліктің жоғарыда атап өтілген жаңа қаулысы аталмыш үштік үшін тағы да айтарлықтай сын болғалы тұр. Дегенмен, дәл қазіргі қысылтаяң шақта жұқпалы індетті ауыздықтаудың айрықша жолы осы болып тұрған жайы бар. Қуантарлығы, әуелгі кездегідей емес, ата-аналардың басым көпшілігі өз балаларының қауіпсіздігі үшін аурудың алдын алуға бағытталған мұндай өзгерісті қол көтеріп қолдайтынын жеткізген.
– Өте оңтайлы шешім. Бас аман, төңірек түгел болса, оқу ешқайда қашпайды. Оқимын деген балаға бұл үдеріс кедергі емес. Рас, алғашқы сәтте аздап қиындық, түсініспеушіліктер орын алды. Қазір біз де, балаларымыз да жаңа оқу тәсіліне төселіп қалдық. Үйрендік. Ұстаздың қадіріне жетіп, сабырлылық дейтін үлкен адами қасиеттің иелеріне бас идік. Бір жағынан, қазір баланың тәрбиесімен айналысуға таптырмас мүмкіндік туды деп ойлаймын. Себебі, бұған дейін мұғалімге баласын тапсырып, білім беруін талап етіп қана отырған кейбір жұмысбасты ата-ана баласының жеке қасиеттерін, қабілеттерін осы уақытқа дейін толық білмеген де шығар, – дейді Гүлзира Смағұлова есімді ата-ана үлкен түсіністік танытып.
Айта кетейік, Үкімет отырысында сөз сөйлеген  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балалар мен мұғалімдер денсаулығына аса басымдық бере отырып, шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізуді ұсынған еді. Министрдің айтуынша, шалғай ауылдардағы бала саны аз мектептерге және бастауыш сынып оқушыларына оффлайн оқу мүмкіндігі бар.
– Шалғай ауылдарда шағын жинақты мектептер бар. Онда 5, 10, 15 бала бар. Олар жаяу мектебіне барады. Осындай қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штаттық форматта оқыту мүмкіндігін беріп отырмыз. Бастауыш сыныпта оқитын балаларға қатысты тағы бір нәрсе. Егер ата-аналардың өтініші болса, біз уақытша сыныптарды дайындап, ашып беруге дайынбыз. Әрине, барлық санитария талаптарына сай жұмыс жүргізіледі. Бірнеше ауысымға бөлу, топтарда көп дегенде 10-15 бала ғана болу деген сияқты мәселелерді қарастырамыз. Біз үшін ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі, – деген еді министр өз сөзінде.
Сонымен қатар, билік басындағылар баланың оңтайлы білім алуы, денсаулығымен қатар, ата-ананың экономикалық жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі таңда ата-аналардың біразы экономикалық қиындықты өткеріп жатқанын тілге тиек еткен министр оқушыларға мектеп формасын міндеттемеу туралы шешім қабылдады. Ол өз сөзінде биылғы жаңа оқу жылы дәстүрлі болса да, қашықтан болса да бұл шешім еш өзгеріссіз қалатынын нық сеніммен айтты. Демек, егер биылғы оқу жылының басында немесе ортасында мектеп оқушылары дәстүрлі оқу сипатына оралса да, мұғалімдер олардан мектеп формасын киюді міндеттей алмайды.
Сондай-ақ, студенттер де осы бағыттағы оқу үдерісін  жалғастырмақ. Тек лаборатория жұмыстары бар кейбір мамандықтарға дәстүрлі режимде сабақ жүргізілуіне рұқсат беріледі деп жоспарлануда. Ал, биылғы түлектерге оқуға тапсыруға онлайн құжат тапсыру мүмкіндігі жолға қойылып отыр. Қазір барлық білім беру ұйымына қабылдау «Электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асуда. Енді автоматты жүйенің бұл үрдісінің арқасында қабылдау комиссиясының алдында бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұрып, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ.  
Қазіргі таңда облыстық білім басқармасы министрліктің аталмыш қаулысын тиімді жүзеге асыру мақсатында қашықтықтан оқытуға тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Басқарманың берген мәліметіне сәйкес, бүгінде министрлік бекіткен алгоритмге сай жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, облыс аумағындағы 293 мектепте білім алатын балалардың интернетке қолжетімділігі, оқу платформаларымен қамтамасыз етілуі, компьютермен жабдықталуы сынды мәселелерге байланысты тиісті анализ жасалып, зерделену үстінде.
Ал, елімізде жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдарды жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамту жоспарлануда. Бұл бағытта да біздің өңір ыждаһаттылық танытып, ілкімді істерді қолға алуда. Мәселен, аймаққа қарасты 96 ауылдық елді мекеніне жоғары жылдамдықты байланыс желісі салынбақ. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, шалғай ауылдарға талшықты-оптикалы желі орнатылу көзделуде. Яғни, елді мекендерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етіп, ұялы байланыс операторларына өздерінің базалық станцияларын орнатады. Сондай-ақ, ұялы операторлар 3G/4G технологияларын қолданады. Демек, жаңа оқу жылында тек қалалық оқушылар ғана емес, ауылдық өрендер де дамыған ақпараттық технологияның игілігін көріп, қолайлы әрі сапалы білім алуға қол жеткізбек. Әсіресе, онлайн оқуға оңтайланып жатқан нағыз осы сындарлы сәтте ғаламтор желілері жылдамдығын ұлғайту, интернетпен жұмыс жасау мүмкіндігін көтеру сынды байыпты бастамалар жүйенің қалыпқа түсіп, кемшіліктердің жойылуына өз ықпалын тигізіп отыр. Ендеше, 2-3 миллион адамның бірдей кіргенін көтере алмай, «есең¬гіреп» міз қақпай қатып қалатын сайт, порталдардың бойына қайта қан жүгірері анық. Қашықтықтан білім алып, алысқа көз тігіп, қияларға із тастайтын күн алыс емес. Қалай дегенмен, «арық сөйлеп, семіз шыққан» абзал. Тек «Тау толғатып, тышқан тудының» кері келмесе болды...
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
18 шілде 2020 ж. 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам