Таңдайда тәттісі қалған сыр қауыны
Жаз мезгілі – қауын-қарбыздың саудасы қызатын тұс. Базар мен дүкенде жасылды-сарылы шәрбатты жеміс самсап, көрген көздің дәмін татуға деген қызығушылық оятады. Науқанның қызған шағында «Әміре», «жәмбілшә» секілді қауын сорттарына деген сұраныс артып, тұтынушы саны өсетіні тағы бар. Сондықтан қауынның бағасын бағамдау ең маңызды қадамның бірі саналады. Ал, биылғы күрделі ахуалда қауын саудасы қалай жүруде?
Бақша дақылының пісер шағы шілде айының соңы мен тамыз айының бас кезеңіне сәйкес келетіні белгілі. Егінші қауымға карантин жағдайының күрделенуі оңайға соқпай, өнімді жинау, тасымалдау, сату барысында біршама кедергі пайда болды. Алайда, сұраныс артуына байланысты бұл келеңсіздік те шешім табуда. Базар мен дүкеннен өзге де белгіленген орында өнім саны көбейіп келеді. Біз де қаладағы қауын бағасын бағамдап, бірнеше сауда нысанын аралап көрдік. Соның бірі – «Саяхат» мөлтек ауданында орналасқан сауда нүктесі.
Жаз мезгілінде бейнетті тірліктің берекесі, маңдай тердің өтемін егінші жұрт шаһарға келіп саудалайды. Мұндағы көрініс түрлі ойға жетелеп, кәсіп пен нәсіп жолында тер төккен тұрғындардың еңбегіне куә боласыз. Өнімді арзан бағада алуға талпынған тұтынушы мен пайда түсіруді көздеген сатушының сауда-сөзі қызу қарқында өрбиді. Алдымыздан шыққан Әлихан есімді жаңақорғандық жас жігіт те жеміс-жидек, қауын-қарбыздың түр-түрін алдыға тосып, бағасын айта бастады. Көп алсаң – аз төлейсің, екі қарбыз алсаң – қауын тегін деген «жеңілдіктері» де бар екен. Аз-кем әңгімеден соң Әлиханнан кәсібінің қыр-сырын сұраған едік, ақжарқын жігіт ақтарыла сөйледі:
– Бұл – маусымдық кәсіп. Шілде, тамыз айында бар өнімді сатып, шығынды өтей алмасаң, қиынға соғады. Сауданың сәтті болуы қауын-қарбыздың сақталуына, түріне байланысты. Мәселен, бүгін қауынның екі сортын әкелдік. Дәмі тіл үйіреді. Қарбызға қарағанда сұраныс жоғары болмағанымен, тұтынушы бар. Бірақ Жайылманың қарбызындай өтімді емес. Сондықтан, назарды сол өнімге аударамын, – дейді сатушы Әлихан Құндақбаев.
Мұнда, «жәмбілшә» қауыны 400-500 теңгеден сатылса, «Әміре» қауынның құны 600-1000 теңге көлемінде бағалануда. Әлихан айтқандай, қауынның дәмі бал татығанымен, алаңдатқан өзге мәселе жетерлік. Ең маңыздысы, өңірдегі өнім түрінің азайғаны. Қазіргі таңда қай сауда орнына барсаңыз қауынның қос сортынан өзге түрін кезіктіре алмайсыз. Бұл аймақтағы бақша дақылдарын қадағалау мен тұқымын дамыту, будандастыру жұмысының кемшілігін білдірсе керек. Әйтпесе, өткен ғасырда аты аңызға айналған түрлі қауын сортының бүгінде ұмыт болғаны жасырын емес. Жақында белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов кезекті сұхбатында өзекті мәселеге өз ойын білдірген еді: «Жалпы әлемде жоғары сапалы күздік қауын өсетін ірі үш эпицентр бар. Олар: Өзбекстанның Хорезмі, Түркіменстанның Үарджоу облысы және Қазақстандағы Қызылорда облысы. Сыр өңірі еліміздегі қауын өсіретін негізгі аймақ саналады. Сондықтан Жаратушының берген осы мүмкіншілігін пайдалана білуіміз керек. Топырағы, климаты қауын егуге өте қолайлы. Басқа аймақта піскен қауындар дәл біздің өңірдікіндей сапалық қасиеттерді бере алмайды. Өкініштісі сол, осындай жерде отырып, өз брендімізді қалпына келтіріп, ұқсата алмай жатырмыз» деген болатын.
Ғалым өзге қауын түрінің кең өріс алмауын тұқым сапасының нашарлауы мен топырақтың тұздануы, арамшөптердің бейімделуі мен «қауын шыбыны» зиянкесінің себебімен түсіндірген. Сондай-ақ, алдағы уақытта келеңсіздікті шешу бағытында ауқымды жоба қолға алынатынын атап өткен еді.
P.S. Әрине, ескі тұқымға жан бітіру, жаңа сортты жандандыру келешектің еншісінде екені анық. Алайда, аймақтағы ауылшаруашылығын дамыту мәселесі сөз болғанда бұл мәселені ескерусіз қалдырмау маңызды. Себебі, қызылордалықтар өнімділікті арттырып, өнімнің өміршеңдігін ұлғайту арқылы ғана шәрбат жемістің өзге де дәмін татуға мүмкіндік алады. Тек жүйелі жоба мен ынталы кәсіпкер болса, жеткілікті екені сөзсіз. Біз де осы оймен Әлиханның «Әміре» қауынын арқалап үйге қайттық.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ