«МАГРО» ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ҚАУЫНЫ РЕСЕЙ НАРЫҒЫНА ЖОЛ ТАРТУДА
2016 жылдан бері Жаңадария ауылындағы «Магро» фермерлік қожалығының өнімдері Ресей нарығына жол тартуда.
Ауылдағы «Магро» фермерлік қожалығының логотипі көрсетілген қорапшадағы дәмі тіл үйірер қауындар Мәскеудегі ірі сауда орындарының сөрелерінде сатылады.
Мырзашөл тұқымдасына жататын Жиенбай қауыны ешқандай химиялық қоспасыз күтіп бапталған. Ауылдың теріскейіндегі Атжайған алқабын осыған дейін тек мал жайылым ретінде пайдаланғандықтан шөбі шүйгін, жері құнарлы. Сондықтан табиғи таза өнімге Ресей нарығында сұраныс жоғары болған.
2016 жылы аталған қожалық Ресейге 453 тонна 260 келі қауын, Қырғызстанға 20 тонна қауын, 2017 жылы Ресейге 554 тонна 550 келі қауын, 191 тонна 600 келі тәтті бұрыш экспорттады.
2018 жылы «Магро» Фермер қожалығы жеке тұрғындармен бірлесіп, «Жаңадария» ауылдық округінен 30 га қауын, 4 га қарбыз, 1 га қызанақ, 1 га қияр дақылдарын орналастырды.
Аталған қожалық биыл да мол өнім өндіріп, шетелге экспорттау жұмыстарын бастаған. Биылғы жылы Ресейге 159 тонна 100 келі қауын, 16 тонна 400 келі тәтті бұрыш эскпорттады. Шалғайдағы ауылда осындай тындырымды тірліктің болуы аймағымыз үшін үлкен мақтаныш.