Қой етіне сұраныс артты
Бүгінде әркім ауырмаудың амалын жасап бағуда. Яғни, ел ішін жайлаған індетке әркім өзі білген ем-домын жасап әлек.
Індетке қарсы ең басты шара – иммунитетті көтеру. Ал ол үшін көпшілік қазақы дәстүрге сәйкес тамақтануды ұсынады. Мәселен, ата-бабаларымыз бұрын тек етті көп жеген. Ол заманда ауру-сырқау аз болғаны белгілі. Бүгінде көпшілік арасында әлсіздік, тез шаршау байқалады. Ет жемеудің салдары денсаулыққа кері әсерін тигізген секілді. Дегенмен, бүгінде қауіпті індетке қарсы тұру үшін еттің пайдалы екені кеңінен айтылып та, жазылып та жатыр. Әсіресе, жылқы мен қой етінің адам денсаулығына пайдасы туралы жарыса жазуда.
Расында, «ет етке, сорпа бетке» деп, етті аса сүйсініп жейтін халықпыз. Десек те кейбіреулер етті қатты ұната бермейді, тіпті артық салмақтан арылу үшін ет жемеу сәнге айналды десек артық айтқандық емес. Алайда еттің ағза үшін пайдасы шаш етектен екенін көпшілік біле бермейді. Оны ас ретінде ғана емес, шипа үшін де қабылдаған дұрыс. Қазіргі уақытта көпшілік ет пен ағарғанның қадірін түсінгендей. Әсіресе, көпшілік мұрын шүйіретін қой еті пайдалы дегенді естігеннен-ақ, қой етінен артығы болмай қалды. Шынында басқа төрт түлікке қарағанда қойдың етінде А1, В12, В1 дәрумендері мол. Сонымен қатар, қой етінің құрамында кальций мен фосфор көп болады.
Қойдың құйрық майы мен сорпасын ішкендер бұл індетке төтеп бере алады-мыс. Сонымен, осы тәсілді қолданғандар бар ма? Біз де вирустан қорғанудың осы жолын зерттеп көрдік. «Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» дегендей, елімізге осы індетке шалдыққандар арасында қойдың еті мен сорпасын ішкеннің пайдасы мол» дегенді ел жиі айтып жүр. Алайда, бұл ақпарат әлі толық зерттелмеген. Дегенмен, қой етінің пайдасы болмаса, зияны жоқ екені белгілі.
Індетке қарсы тұру үшін жұртшылық қалай әрекет етуде? Расында етке деген сұраныс артты ма? Осы сұрақтың жауабын білу үшін базар бағасын бағамдап қайттық. Қаламыздағы «Отырар», «Мирас», «Айтбек» сауда үйлерінде сиыр еті 1800-1850, жылқы еті – 2000-2100 теңгеден болса, қой етінің нарқы көтерілгенін байқадық, келісі 2100 теңгеден сатылуда. Байқағанымыздай, базарда қой етінен гөрі, құйрық майды сұраушылар көп екен. Ал қойдың құйрық майының келісі 2700 теңгеден сатылуда. Мен саудаласып үлгергенше, 3 адам құйрық майды алып үлгерді. Құйрық майға сұраныстың артқанын осыдан-ақ біле беріңіз.
Індеттің алдын алуда тамақтанудың орны зор екені белгілі. Тағамтану ілімінің тарланы, академик Төрегелді Шарманов та осы пікірді қоштайды. Академиктің бұған дейін жарияланған сұхбатына назар салсақ, иммунитетті көтеруде қазақтың ұлттық тағамдарын пайдалануды ұсынады. «Иммунитетті көтеру, ауруға ағзаның қарсы тұру қабілетін арттыру деген мәселеде мен қазақтың ұлттық тағамдарын ғана айтар едім. Әрине, ас мәзіріңізде балық, жеміс-жидек секілді дәруменге бай тағамдар болуы қажет. Бірақ, жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ. Құрт қосылған сорпаның маңызы ерекше. Қанша ауыр болғанымен, қой етінің де емдік қасиеті зор. Рас, «қойдың еті – қорғасын» деген сөз бар. Бірақ, холестерин бар екен деп, қой етінен бас тарту – қателік. Әр адамның ағзасында тұтынған тағамның құрамын реттеуші механизм бар. Және ол үздіксіз жұмыс істейді. Әрине, жылқы етінің кереметтегі сол, оның сіңімділігі – қой мен сиыр етіне қарағанда 3 есе жылдам. Атам қазақтың «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деген қанатты сөз бар. Міне, әр еттің ерекшелігін осыдан-ақ аңғаруға болады» – дейді академик.
Рас, қазіргі таңда қандай да бір тағамды пайдалы екенін айтса, дер кезінде бағасы шарықтап кетеді. Ал оны тұтынуға қарапайым тұрғындардың мүмкіндігі бола бермейді. Сол себепті халық көп тұтынатын өнім бағасын қалыпты ұстауға құзырлы орындар әрдайым назардан тыс қалдырмаса дейміз. Жақынымызға жанашыр болып, ауырмаудың амалын қарастырайық.
Айтолқын АЙТЖАНОВА