Көшеде маска тақпаған қазақстандықтарға айыппұл салына ма? Министрлік жауабы
Әділет министрлігі көшеде маска тақпаған қазақстандықтарға айыппұл салына ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство баспасөз қызметі өкілінің хабарлауынша, ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша әкімшілік жауапқа тартылған әрбір жеке адамның жағдайы осындай шешімге негіз болған нақты мән-жайға сүйенеді.
Карантин режимі кезеңінде денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шілдедегі № ҚР ДСМ-78/202020 бұйрығында бекітілген, жабық үй-жайларда, сондай-ақ қоғамдық көлікке кіргенде міндетті түрде маска тағуды көздейтін санитарлық ережелер қолданылады.
Санитарлық ережелерде тұрғындардың көшеде жүруіне байланысты жазылған талаптар да бар.
"Атап айтқанда, адам көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтық сақтау, үш адамнан аспайтын топпен немесе бас мемлекеттік санитар дәрігерлер белгілеген талаптарды сақтай отырып, аулада жүру. Мысалы, екі-үш адам далада маскасыз жүрсе, бұл әрекет санитарлық ереже талаптарын бұзу болып саналмайды, сондықтан әкімшілік жауапкершілік те тағайындалмайды", - деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі өкілі.
Алайда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық топтың бірге қозғалысы санитариялық ережеле талаптарын бұзады.
"ӘҚБтК-де қарастырылған тәртіп бұзушылықтарды анықтау және азаматтарды жауапқа тарту бойынша жұмыс формалды белгілері бойынша жазалауды мақсат етпейді және ескерту сипатында болады, бұл коронавирус инфекциясының таралуын төмендетуге ықпал етуі тиіс", - деп атап өтті министрлік өкілі.
ӘҚБтК-нің 64-1-бабында құқық бұзушылықтың маңызы шамалы болған кезде әкімшілік жауаптан босату мүмкіндігі көзделген. Қараушы орган немесе лауазымды адам ауызша ескертумен шектеліп, оны әкімшілік жауаптылықтан босата алады.
Министрлік жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын шектейтін заңсыз әрекеттерге жоғары тұрған органға немесе сотқа шағым жасауға болатынын хабарлады.