Сақтыққа селқос қарамау керек
Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин шараларын кезең кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Бұған дейін індетті ауыздықтауға байланысты шілде айында енгізілген шектеу шаралары аймақта эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына оң ықпал етіп келеді.
Дүние жүзіне ылаң салған дерттің қазір беті қайтқандай. Десе де, «сақтықта қорлық жоқ». Арқаны кеңге салып, босаңсуға әлі ерте. Карантин шараларын қатаң сақтап, қауіпсіздік ережелеріне бағынған адамның бұл індеттің құрығына ілінуі екі талай. Сондықтан, сақтыққа салғырт қарамай, жақындарымызға жанашыр болуға шақырамын. Мемлекет басшысының қысылтаяң кезде қабылдаған бұл шешімін өте құптарлық қадам дер едім. Ата Заңымызда да атап көрсетілгендей, еліміздің басты байлығы – адам және оның өмірі. Жалпы, бұған дейін төтенше жағдай талаптарының бірден жеңілдеп, халыққа еркіндік берілуі өңірде вирустың қайта күшейіп, белең алып кетуіне сеп болды. Біз осы олқылықтан сабақ алуымыз керек. Бүгін Мемлекет басшысы мәлімдегендей, карантиндік талапты кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы жүзеге асыру қажет. Халықтың өз денсаулығына аса мұқияттылықпен қарап, тәртіпке бағынуы арқылы осы індеттен аман шығамыз. Неше айдан бері жатпай-тұрмай халыққа медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан дәрігер әріптестеріме де тек осындай жолмен ғана көмектесе аламыз. Қиын-қыстау кезде бір-бірімізге қол ұшын созайық. Баяғыдай алаңсыз, мамыражай өмірімізге оралар да күн алыс емес. Сондықтан, бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікпен тірлік етіп, бұл сын сағатынан да төңірек түгел шығуды тілейік.
Гүлсім ЕРЖАНОВА,
Облыстық мамандандырылған сәби үйінің бас дәрігері.