Руслан Жанпейісов сотталды
Белсенді Руслан Жанпейісов (шын есімі – Бейбарыс Райымбеков) бір жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 шілдеде Руслан Жанпейісовке қатысты сот үкімі шықты. Ол жәбірленушінің денсаулығына орташа ауыр дәрежеде зиян келтірді, сондай-ақ билік өкіліне тіл тигізді, телекоммуникация желісінде бейне жазбалар таратты деген айыптар бойынша кінәлі деп танылды.
Соттың үкімі бойынша белсенді бір жылға бас бостандығынан айырылды. Руслан Жанпейісов жазасын қауіпсіздік деңгейі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар, сот жәбірленуші тараптың талабын қанағаттандырып, Жанпейісовтен 550 мың теңге өндіріп алды.
«Істі қарау барысында сот айыпталушының тапанша сияқты аэрозоль құралын пайдаланып, жәбірленушінің көзіне оқ атқаны анықталды. Салдарынан жәбірленушінің екі көзі химиялық күйік алып, оның көру қабілеті төмендеген. Аэрозоль құралының құрамында бұрыш болған. Сондай-ақ, ол қоғамдық орында К. есімді полиция қызметкеріне тіл тигізіп, оның видеосын интернетке жүктеген», – делінген хабарламада.
Сот отырысы барысында Жанпейісов жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірді деген айыпқа қатысты өз кінәсін мойындаған жоқ. Сот белсендінің осыған дейін заң бұзғанын ескерген.
«Сот айыпталушы мен оның адвокатының жәбірленушінің бетіне амалсыздан оқ атқанын және жәбірленуші оған қарсы заңсыз әрекеттерді жасағаны туралы дәлелдерін ескерген жоқ. Осы және басқа да айыптаулар сот барысында тексерілді. Куәгердің, жәбірленушінің куәгерлік етуі, видео, сот сараптамалық қорытындысы негізінде айыпталушының дәлелдері теріске шығарылды», – делінген хабарламада.