Денис Тенді өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты

Сот үкімі жергілікті уақыт бойынша сағат 17.00-де шықты. "Құдайбергенов кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қиясов кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылсын", - деді судья.
Сондай-ақ, сотталушы Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейлі мекемеде өтейді. Оның жүктілігіне байланысты жазасын кейін өтеу сұралған, алайда судья кейінге шегеруді мақұлдаған жоқ. Кеше, 16 қаңтарда сотталушылар Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева сотта соңғы сөзін айтқан болатын. Құдайбергенов ұрлық, қарақшылық жасады және адам өлтірді деп айыпталса, Қиясов қарақшылық пен адам өлтірді деп айыпталып отыр. Ал Толыбаева ұрлық және қылмыс туралы хабарламағаны үшін сотталып жатыр. Мұның алдында прокурор сотталушыларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. "Арман Құдайбергеновті айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Нұралы Қиясов айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылсын, жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Жанар Толыбаеваны айыпты деп танып, оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын", - деген еді прокурор Досов.
