Оңай олжа оңалтпас
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен ағымдағы жылы 95 қылмыстық іс қозғалған. Оның 55-сі сыбайлас жемқорлық сипатындағы, 55-сі ауыр санаттағы, 2-еуі аса ауыр, мемлекет қаржысын ұрлау ісі - 47, 30-ы парақорлық, 5-еуі шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу дерегі бойынша тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов мәлімдеді.
Маманның айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды игеру барысында сыбайлас жемқорлық орын алған 17 қылмыс анықталыпты. Нәтижесінде 34 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде облыстық деңгейдегі басшылар да бар. Бүгінде аталған деректер бойынша 92 қылмыстық іс сотқа жолданып, келтірілген шығын көлемі белгіленген. Яғни, анықталған шығынның 99,2 проценті мемлекетке қайта өндірілген.
Жалпы департамент тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрі халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру мақсатында бірнеше бағытта бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, арнайы мониторингтік топ өкілдері және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мекемесі, жер қатынастары саласы, қызметтік тұрғын үй қорын басқару сынды бірқатар мекемеге талдау жасалып, сол бойынша ұсыныстар әзірленген. Бұдан өзге департамент тарапынан да 6 мемлекеттік мекеме сыртқы талдаудан өткен. Соның қорытындысымен сыбайлас жемқорлық әрекетін төмендетудегі 24 ұсыныс енгізіліп, оның 7-еуін жүзеге асырған.
Мұндай бағыттағы жұмыстар мемлекеттік сатып алу ісі бойынша да жүргізілген. Нәтижесінде 30-дан астам ұйымға тиісті ұсынымдар беріліп, мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзету енгізген. Бұл өз кезегінде бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына септігін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ақпараттық насихаттың да үлесі зор. Бүгінде өңірде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы қолға алынып, аталған бағытта бірнеше жоба тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ал, қазіргі таңда елдегі ахуалға байланысты сырттан келген гуманитарлық көмектің тиісті орындарға жетуі департаменттің тікелей бақылауында.
Брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Мақсұтұлы атқарылған жұмыстың нәтижелі екенін, былтырға қарағанда жемқорлық әрекеті 33 процентке төмендегенін ерекше атап өтті.
А.СЕЙІЛ