Құрбан айт – мейірімділік мерекесі
Биылғы жылы еліміздегі ахуалға байланысты қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өту барысына біршама өзгеріс енгізілді. Дүние жүзін дендеген дерттің бетін қайтару үшін дін өкілдері осы бағыттың дұрыс екенін айтуда. Құрбан айт мерекесі қарсаңында облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы, кеңес беру орталығының меңгерушісі Жеңіс Әбибуллаұлымен сұхбаттасқан едік.
– Жеңіс Әбибуллаұлы, Құрбан айттың құдіреті неде?
– Құрбан айт – мұсылман жұртшылығының төл мерекесінің бірі. Бұл Құрбан сонау пайғамбарлардың атасы саналған, Ибраһим (а.с) пайғамбардың кезінен келе жатқан ұлы сауапты әрі мерекелі күн болып табылады. Бұл күннің шығу тарихын білмейтін қазақ жоқ шығар. Оған тоқталмасақ та болады. Алайда, қысқаша шолып өтер болсақ, бұл Құрбан айттың құдіретін сезінетін боламыз. Үлкен жасқа келіп, жылдар бойы перзент аңсап күткен Ибраһимға (а.с) Алла Тағала ұрпағынан пайғамбарлардың мөрі атанған, Мұхаммедтей (с.а.с) соңғы пайғамбар шығарған Исмаилды (а.с) перзент қылып береді. Оны, ерекше көңілмен жақсы көріп, көңіл бөліп, көп күткен ұлына деген махаббаты ерек болды. Күндер өтіп, ер жетіп, боз балалық шаққа таяған сәтінде Алла Тағала түсінде Ибраһим (а.с) пайғамбарға, сүйікті ұлы Исмаилды (а.с) құрбандыққа шалуына уахи етеді. Алланың бұдан да бөлек қаншама ауыр сынақтарын бұлжытпай орындаған Ибраһим (а.с) «Уа, Раббым! Осыншама жасқа келіп көрген жалғыз перзентім ғой ұлым Исмаилдың алдынан өтіп, Алладан осындай бұйрық келді деп жеткізейін енді. Сонда ұлының «Әкетайым, Алла бұйырса солай жасаңыз, мен сабырлылардан боламын» – деген сөзін алып, оны құрбандыққа дайындайды. Өткір пышақты алып, тамағынан кескілегенде, алмастай пышағы кеспей қалады. Пышағын қайта қайрап, және көрді. Тағы да Алланың қалауымен кеспейді. Сонда, құл сүйгіш Алла кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге болу үшін адал ісін аңғарып көктен қошқар түсіріп, орнына соны құрбандыққа шалады. Міне, бұл құрбан айттың қасиетінің бірі осындай ұлы оқиғада жатыр. Бұл айтта Арапа күнінде бір күн ораза ұстаса екі жылдық күнә төгілетіндей амалымен, қажылық парыз орындалып, жаңа туған нәрестедей күнәдан арылады. Бұл айттың құдіреті міне осында жатыр.
– Құрбан айт, құрбандық шалумен шектеле ме? Оның сауабы қандай?
– Әрине, жоқ. Құрбандық шалу жаңа айтып өткеніміздей, оқиғалармен сауабы мол амал болып қалыптасқан, айт күндері орындалатын амалдардың бірі ғана. Құрбандық шалу барысында адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы, сараңдығы мен жомарттығы сыналатын тарапы да бар. Яғни, құрбандықты шалғаннан кейін, оны туған-туыстар мен достарға бір бөлігін сый етіп, мұқтаж жандарға бір бөлігін таратып мейірімділік пен достық, жақындықты арттыратын сәтін де айтып өтпеуге болмайды. Мұндай сәтте мұсылмандар пайғамбар хадисін қаперлеріне алып: «Көршісі аш отырып, өзі тоқ түнеген адам бізден емес» - дегеніндей, құрбандықтарының бір бөлігін сондай жандарға ұсынады. Бұл құрбандық шалудан бөлек мәселе десек болады. Өйткені, құрбандықтың етін отбасы бала-шағасы көп болып, өзіне барлық бөлігін қалдырса да рұқсат етіледі.
Бұдан тыс, Құрбан Айт намазының оқылуы. Оның орасан сауабы бар. Отбасымен айт намазға арқа-жарқа болып қуана барып, үйлерге айттап, мейірімділікті арттырып, әрбір отбасыға жақсылық тілеп, дәм-тұзбен дастархан иесін молынан сауапқа батыруы тағы бар. Ренжіскендер бір-бірін кешіріп, Алланың сауабын молынан алып қалуға әрекет жасалуы сынды әдептері бар.
– Биылғы карантин жағдайында...
– Өздеріңізге мәлім болғандай, ҚМДБ мұсылманның атқаратын әрбір маңызды амалдарына байланысты дер кезінде діни дәлел-дәйектерге сүйене отырып, мәлімдемелер жасап келеді. Құранда «Дінде зорлық жоқ» делінгендей, Алла Тағала біздерге парызды қандай жағдай болмасын, атқару керек деп міндеттемей, дінде көптеген жеңілдік жасаған. Осындай жеңілдіктерді әсіресе қауіп – қатер кезіндегі жағдайларда жасалған кеңшіліктерді сөз ете отырып, кеше ғана Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша Қазақстан мұсылмандарына мәлімдеме жасады. Мынадай індет өршіп тұрған сәтте, дініміздің берген рұқсатымен Айт намаз оқылмайтынын мәлімдеді. Алайда, мешіттер жабық болғанымен сауапты амалдар есігі ашық деп жариялап, халықты сауапты істерді көп істеуге шақырды. Оған өздеріңіз де куә болдыңыздар.
Карантин кезінде мешіттерде құрбандық шалуға болмайтыны белгілі болғандықтан, әсіресе қалалық жағдайда құрбандық шалуға ниет еткендерге қалайда мүмкіндік жасап, мұқтаж жандарға бұл қасиетті айт мерекесін сезіндіре алатындай игі сауапты шараны атқаруға бел буды. Міне бұл осындай індет кезінде атқарылатын дүниелер.
– Облыста қанша қажы бар? Олармен мешіттің байланысы, діни шараларға тарту мәселесінде ортақ мәміле бар ма?
– Бұл сұраққа жауап беру қиындау енді. Себебі, қажылық компания көп болғандықтан, жергілікті қажыларымыз түрлі жақтардан барып-келіп жатады. Олардың кейбірін біле бермейтіндіктен санын кесіп айту қиын. Алайда, мешітімізде арнайы Қажылық орталығы бар. Ол орталықта жергілікті қажылыққа барамын деген жандарға маусымында бір-екі күндік семинар өткізіліп, толық даярлық дәрістермен таныстырамыз. Ол орталықта арнайы білікті маманымыз да бар. Дегенмен, көптеген қажы жамағаттарымыз бар. Оларға ерекше ілтипат көрсетіліп, қажы ақсақалдарымызды Жұма, айт және бес уақыт намаздарда алдыңғы қатардан орын беріп, көпшілікке баталарын беруін өтініп, дұға жасатып тұрамыз. Жамағатта ол кісілердің орны ерек қой...
– Құрбандық шалу туралы тапсырыс беріп жатқандар бар ма?
– Құрбандық шалуға тапсырысты жаңа айтып өткеніміздей, арнайы qurban2020.kz деген онлайн сайтымыз арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Тапсырыс беруші өздері сол сайтқа кіріп, толық мәліметтерін жазып, тапсырыс береді. Біздің, карантин талаптарына сай мамандандырылған мамандарымыз шалатын тиесілі малын сатып алып, арнайы орында шалушының аты-жөнін айта отырып, пәленшеұлы түгеншенің Құрбандығын қабыл ет дегендей дұғасы жасалып, барынша ашықтық болу үшін, шалушының уатсап желісіне жолдаймыз. Бүгінде тапсырыс берушілер сайтымыздың тізбегінде көрініп келе жатыр.
– Ұлық мереке қарсаңында ұлтқа тілегіңіз?
– Ең бастысы, Алла елімізді, әлемді әбігерге салған мына дерттен тез айықтырып, Қасиетті айда, ертеңгі шалынатын Құрбандықтарды қабыл етіп, тілектерімізге жеткізсін. Әрбір отбасыға тек жасылық пен баянды өмір берсін. Елімізді аман, жұртымызды тыныш қылып, мұсылман жұртшылығын рухани мекен, Алланың үйі мешіттерімізге оралтып, емін-еркін дұға тілектерімізді жасауға нәсіп етсін. Шалынатын құрбандықтар қабыл болсын! Құрбан айт баршамызға мүбарәк болсын!
– Әмин. Әсерлі әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ