Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл біз үшін үлкен сабақ болды
Соңғы аптаның қорытындысына сәйкес, облыс бойынша 153 оттегі концентраторы алынған. Жақында ғана «Шұғыла» қоғамдық қоры тарапынан тағы 200 дана оттегі аппараты іске қосылып отыр. Дегенмен, әлі де қажеттілік көрсеткіші 188-ді құрап отыр. Өңірде пандемиямен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аймақта қалыптасқан экономикалық ахуал туралы өткен брифингте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлімдеді. Баспасөз жиыны еркін форматта өтіп, жергілікті БАҚ өкілдері көкейде жүрген сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды.
Ұтқыр сауал, ұтымды жауап
«ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Әділжан Үмбет: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елдегі күшейтілген карантиндік талаптарға сәйкес, халықты әлеуметтік қолдау мақсатында тағайындалған 42500 теңге көлеміндегі бір жолғы төлем туралы халық арасында әлі де болса түсініспеушіліктер туындауда. Біржолғы төлем кімдерге беріледі?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Елімізде карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты біржолғы төлем төлеудің ережесі әзірленді. Ал, өңір бойынша 95038 адам 42500 теңге көлемінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы алуға жүгінді. Оның ішінде, шілде айында 93273 азаматқа көмек көрсетілді. Бүгінде 37141 азаматқа автоматты түрде SMS жолданып, табысынан айырылғандығын растау жұмыстары жүргізілуде. Біржолғы төлем нақты кімдерге беріледі? Нақтылай кетейін, олардың санатында жұмысынан толық айырылған азаматтар, жалдамалы жұмыскерлер, яғни, ақысыз демалысқа жіберілген жағдайда, жеке кәсіпкерлер, фрилансерлер бар. Соңғы санат үшін тек бір шарт бар. Ол бойынша 2020 жылдың 6 айында бір рет болса да зейнетақы жарнасын аудару керектігін ескеру қажет.
Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова: – Байқағанымыздай, облыс орталығында жылу құбырлары жаңартылып жатыр. Жалпы, жылу беру маусымына дайындық барысы қалай жүргізілуде?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Қызылорда облысы бойынша тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының алдағы жылу беру маусымына дайындығы бекітілген кестелерге сәйкес жүзеге асуда. Тұтынушыларды электр және жылу энергиясы, көгілдір отын және сумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары бүгінде 43 процентке орындалды. Ал, облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары мен автономды қазандықтарды қалпына келтіруді аяқтау 36 процентке жеткен. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға алдағы жылу беру маусымына 163,6 мың тонна қажетті қатты отын қоры қажет. Бүгінде қала және аудан тұрғындары үшін көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір өндіретін кәсіпорындармен тікелей келісімшарт жасап жатырмыз. Ал, оның өңірге жеткізілуін әзірше тоқтатып тұрмыз. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, күн өте ыстық. Бізге халықтың қауіпсіздігі аса маңызды.
Облыстық «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбай:– Өңір диқандарын су тапшылығы қатты алаңдатуда. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, 50 процент егістіктен айырылып қалу қаупі бар екендігі айтылуда. Бұл бағытта қандай шаралар қабылдануда?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Сауалыңыз өте өзекті. Қазіргі таңда облыс бойынша 184,7 мың гектар егіс егіліп, негізгі дақыл күріш егісі 89,6 мың гектарды құрады. Бүгінде су алу каналдары арқылы егіске күнделікті секундына 404 текшеметр су алынуда. Атап айту керек, төменге Сырдария өзені арқылы секундына 520 текшеметр су тасталып, өткен жылмен салыстырғанда 180 текшеметрге аз болып отыр. Бұл өз кезегінде, сумен қамтамасыз ету барысына кері әсерін тигізіп, нәтижесінде барлық аудандардың егіс алқаптарында су тапшылығы байқалуда. Бүгінде облыс бойынша 1853 гектар күріш егісіне су жетіспей отырса, 405 гектар аумақтың мүлдем сусыз қалғандығы анықталды. Облыстың егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында, қазірден бастап тамыз айының 10-на дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Шардара су қоймасынан төменге секундына 550 текшеметр су тастауға тапсырма беру туралы Үкімет басшысына жедел ұсыныс жолдаған болатынмын. Менің ұсынысым оң шешімін тауып, бүгіннен бастап тиісті су көлемі жіберіле бастады. Ендігі міндет – осы жіберілген су көлемін тиімді пайдаланып, егілген егісті су тапшылығына ұрындырмай алып шығу.
Қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Бағлан Тілеубергенова: – Қазіргі пандемия кезеңінде көптеген жұмыс орындарының босап қалғандығын естіп жүрміз. Осы ретте алдағы уақытта «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қанша жұмыс орны ашылады?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Биыл аталмыш бағдарлама аясында облыста 276 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, бүгінде оның 275-і іске асырылуда. Жоба шеңберінде 9 299 жұмыс орнын ашу көзделіп, қазіргі таңда оның 7 768-і жүзеге асты. Ал, қала бойынша 98 жоба қолға алынып, 2 724 азамат жұмыспен қамтылды. Жобалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандарды, көшелер мен жолдар салуға және жөндеуге бағытталған. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен балалар ойын алаңдары, спорт нысандарының құрылысы аялдама және көшелер жарықтандырылып, аулалар абаттандырылады. Ең бастысы, жобаларды жүзеге асыруда пайдаланылатын тауарлар мен қызметтердің 90 проценті – отандық өнімдер. Ал, жұмыскерлердің санитарлық-гигиеналық нормаларын сақтау үшін барлық аудандар мен облыс орталығында мобильдік пунктер құрылды.
Облыстық «Ақмешіт жастары» газеті бас редакторының орынбасары Ерхан Ақын: – Жаңа оқу жылы таяп қалды. Осы ретте қашықтықтан оқыту мәселесіне дайындық қалай? Мектепке 1 сынып оқушыларын қалай қабылдайды?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Алдағы 1 қыркүйекте оқу жылы облыстағы 243 мектепте қашықтан оқыту форматында басталады. Қалған шалғай орналасқан және шағын жинақты 50 мектепте дәстүрлі оқытады деп жоспарлануда. Сонымен бірге, бастауыш сыныптардың оқушыларының ата-анасының өтініші бойынша тиісті мүмкіндіктерге қарай отырып, қатаң санитарлық шараларды сақтаумен кезекші сыныптар ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қашықтан оқыту форматы бойынша оқушылар мен педагогтардың электронды құрылғыларымен және интернет, мобильді интернет байланысымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілді. Компьютері жоқ 300 мұғалімге кәсіподақ есебінен техникалық құралдар беріледі. Балаларды 1-сыныпқа қабылдауда медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейді. Қазіргі таңда ата-аналар мектепке балалардың құжаттарын 2 түрлі жолмен өткізе алады. Қағаз жүзінде мектепке тапсырылады. Ал, онлайн «egov» порталы арқылы іске асады. Айта кету қажет, 1-сыныпқа құжат қабылдау 1-тамызға дейін іске асырылады. Қазіргі күні 16207 баланың құжаты қабылданған. Облыстық білім басқармасының ақпараттық анализі бойынша, биыл 1-сыныпқа 19 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды.
«Хабар24» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов: – Ресми ақпарат көздерінен жедел жәрдем қызметін шақыру 2 есеге азайғандығын біліп отырмыз. Індетпен күрес шараларының қазіргі ахуалына тоқталып өтсеңіз...
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Иә, өңірімізде жедел жәрдем шақыру 2 есеге азайды. Эпидемиологиялық ахуал күрделі кездері, яғни, шілде айының бірінші 10 күндігінде тәулігіне 2500-ден астам шақыртулар келіп, жүктеме 2 есеге артқан болатын. Қазіргі таңда жедел жәрдемді жалпы шақыру 2,5 есеге азайса, дене қызуымен хабарласушылар 5, пневмониямен шақыртулар 6 есеге төмендеді. Облыс бойынша «COVID-19» вирусын жұқтырғандар саны 2859 жағдайға жетті. Инфекция жұқтырғандардың 60 проценті облыс орталығында тіркелген. Короновирус індетіне қарсы күресте қазір 6 ПТР аппараты жұмыс жасауда. Тәулігіне 700 сынама алуға қол жеткізілді. Бірінші тамызға дейін тағы 4 ПТР аппараты іске қосылады. Облыста жұмыс жасап тұрған 107 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ) бар. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігіне 63 өкпені жасанды желдету аппаратына тапсырыс берілді. Қалған 67 аппаратты демеушілер есебінен шешу бағытында жұмыс жасалуда. Айта кетейік, алдағы уақытта облыстық медицина орталығынан оттегі жүйесін бөлетін станция салу жоспарда бар. Бұл жоба іске асырылса, қажеттілік туындаған жағдайда аймақтағы барлық ауруханаларды қажетті оттегі мөлшерімен қамтамасыз етіп отырады.
«Qyzyolrda» РТК АҚ облыстық филиалының тілшісі Әкімжан Жолтаев: – Өңірде қалыптасқан эпидахуал кезінде денсаулық сақтау саласында қажетті мамандардың жетіспеушілігі анық байқалды. Нақты қандай салалар бойынша мамандар тапшы?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Әрине, бұл өте өзекті мәселелердің бірі. Бұл бойынша жауапты сала мамандарымен бірлесіп толық зерттеу жасалды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес биылғы жылы 170 дәрігерге сұраныс бар. Олардың ішінде 46 аймақтық дәрігер, 26 анестезиолог-реаниматолог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 онколог, 4 балалар хирургі, 5 офтальмолог, 3 инфекционист, 3 балалар невропатологы, 3 оториноларинголог, 3 реабилитолог, 3 дерматовенеролог, 3 патанатом, 4 травматолог, 3 нефролог, 2 пульмонолог, 2 кардиолог, 2 акушер-гинеколог, 2 хирург, 2 дәрігер-лаборант, 2 терапевт, 1 уролог, 1 эндоскопист дәрігер қажет. Күшейтілген режимде жұмыс жасау кезінде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігінен провизорлық стационарларға жоғары оқу орнын толық аяқтамаған 5 интерн, 1 резидент уақытша жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, салалық министрліктің мемлекеттік тапсырысы негізінде медициналық университет түлектерін бөлу хаттамасы бойынша алдағы уақытта облысқа қосымша 123 жас маман келеді деп күтілуде. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, білікті дәрігер мамандарды аймаққа келіп, медицина саласының дамуына үлес қосуға шақырамыз.
«Qogam TV» телеарнасының тілшісі Назгүл Қажытайқызы: – Елде жарияланған карантин мерзімі ұзартылды. Бұл шектеудің мерзімі аяқталған соң, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қабылданады?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: – Өте орынды сұрақ. Ең басты байлық – адам денсаулығы. Алдағы уақытта да ресми шектеу шаралары аяқталғанымен өңір тұрғындарының қауіпсіздігі үшін кейбір сақтық шаралары мен талаптарды сақтап қалуымыз керек. Бұл мәселені біз жауапты мамандармен ақылдаса отырып, тиісті құжаттарды рәсімдейтін боламыз. Дегенмен, жерлестерімнен сұрайтыным өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын, талаптарды қатаң сақтасаңыздар. Төтенше жағдай жарияланған екі айға жуық мерзімде қатаң шектеу шаралары мен карантиндік талаптар күшейтілді. Дер кезінде қабылданған осындай шешімнің арқасында пандемияның алғашқы толқынына төтеп бере алдық. Алайда, шектеу шаралары жеңілдетілген бойда ел арасында сақтық шараларына мән бермеу, мамандардың кеңесіне құлақ аспау, карантиндік талаптарды бұзу фактісі күрт көбейді. Осындай талаптарға бағынбаудың нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Індет жұқтырғандардың саны артып, арты қайғылы жағдайларға да ұласты. Көпшілігіміз жақындарымыз бен туыстарымыздан да айырылдық. Бұл біз үшін үлкен сабақ болды. Сол себепті індетке қарсы вакцина пайда болғанша медициналық маска, қолғап кию, оқшаулану, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, антисептикті тұрақты түрде пайдалану – біздің басты қаруымыз. Осыны ескеріп, ұжымдық, дәстүрлі мерекелер мен басқосулардан, той жасау, құдалық, ас беру секілді көпшілік шаралардан індетті толық жеңгенге дейін бас тарту қажет. Алдымызда барша мұсылман қауымының асыға күтетін «Құрбан айт» мерекесі келе жатыр. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің №19 қаулысы қабылданып, қаулыға сәйкес құрбан шалу рәсімдері онлайн форматта ұйымдастырылатындығы айтылды. Сондықтан, мерекеде жақындарымыздың амандығы мен саулығы үшін көпшілік шаралардан бас тартып, жамағат болып жиналмай, отбасында атап өтуге шақырамын.
Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Наушақызы қасиетті мереке – Құрбан айт күнімен барша жерлестерді құттықтай отырып, іргемізді індеттен аулақ етіп, төтеннен төнген қауіптен төрт көзіміз түгел шығуға тілектестігін білдірді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА