Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Отбасындағы зорлық-зомбылық!

Отбасындағы зорлық-зомбылық!


      
  Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді көрінеді. «Шашы ұзын, ақылы қысқа» дегендей түсініктен әлі толықтай арылмаған әлем, әйел аналардың «Ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Оның дәлелін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанынан білуге болады.
        Шындығында әйелдің отбасындағы орны мен қоғамдағы рөлі жөнінде ата-баба ұстанымы мен бүгінгі қол жұмсайтын ер-азаматтардың зорлық-зомбылығын шатастыруға болмайтынын кейде естен шығарып алып жатамыз. Осы тұрғысында сөз қозғай қалып, тарихымызды алға тартсақ ол кездегі әйелдерге бүгінгідей зәбір жасалмағанын ұмытпауыз керек. Әрине, ол кезде де әйел-аналарымыз ер азаматтан жоғары болған емес, алайда сол қоғамның өзінде олардың өз биігі, алар орны болды. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Жарты әлемді қаһарымен тітіренткен Ақсақ Темірдің өзі алдына ақ жаулықты Ана келгенде райынан қайтты емес пе?! Ақ жаулық, ақ сүттен аттау қазақтың дәстүрінде қорға саналды. Данышпан, батырларымыз ел үшін үлкен істер тындырса солардың қасында сол жетістіктерге жетуіне әйел-аналарымыздың еңбегі зор болды. Ал, ата-бабамыз «Қыз қонақ», «Әйелің - аманатың» деп оны аялауды ер азаматтарға тапсырды. Әйел, қыз балалар бар жерде дөрекі сөйлемеудің өзі сол тарихымыздан жалғасып келе жатқан мәдениет екені аян. Алайда бүгінде «аталарымыз әйелден жоғары бол деген деп» деп күпсініп, күш көрсетуді шығардық.
          Бұл, бір біздің еліміздің ғана мәселесі емес, әлемнің алдында тұрған дерт десек қателесе қоймаспыз. Деректерге сүйенсек жер бетіндегі әйелдердің әрбір бесіншісі еркектің соққысына жығылады немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Әлемді аузына қаратып отырған Американың өзінде бұл мәселе ушығып тұр. Бір ғана Санта-Барбарасындағы зорлық-зомбылық дағдарысымен күресу орталығы өз мәлімдемесінде: «Әр минут сайын 1,3 америкалық әйел зорлық-зомбылыққа душар болады. Олардың барлығы дөрекілікке тап болғандар»,-деп мәлімдеді.
         Мұның қасында біздің еліміз «Әлхамшүкірлік» күйінде болғанымен алаңдатарлық жайдың орын алып отырғанын сан айғақтар көрсетіп отыр. Статистикаға жүгінсек, әрбір бес-алты сағаттың ішінде әйел адамдар еркектердің күш көрсету салдарынан зорлық көріп жатады, тіпті көз жұматындары да бар. Жыл сайын осындай зорлықтан шамамен 20 мыңға жуық әйелге қатысты зорлық дерегі тіркеледі екен. Яғни, еліміздегі 8 миллион әйелдің әрбір 400-нің бірі зорлық құрбаны болады деген сөз. Бұл ресми тіркелген деректер ғана. Ал, ошақ басындағы дау есіктен шықпасын, ұятты, өсек боларға салынып жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатқандары қаншама.
          Әйелге зорлық-зомбылық көрсету ол ер азаматтардың бұрынғы аталарымыздай емес, майдалана бастағаны деген пікірді жоққа шығарудың қажеті жоқ шығар. Себебі, бүгінде заң орындарына шағымданған әйелдер күйеулерінен аяусыз соққы көріп, ең жиркенішті сөздерден әбден зәрезәп болып келіп жатқандар. Ал, біздің ата-бабамызда осыншалықты әйелге зәбір беру деген болмаған. Иә, қатал болған, талаптар қой, алайда бүгінгі ер адамдардай жауыздыққа барған емес. Ендеше осы заты нәзік жандарды ең жоғарғы күш заң жүзінде қорғау ғана қалып отыр.
          Осы жылы біздің еліміз де БҰҰ-ның Конвенциясына қосылды. Өйткені егемендік алған жылдары әйел азаматтарына қатысты қылмыстар саны бірқатар артты. Себебі, сол кездерде ер азаматтар үйде отырып қалып, әйелдер күнкөріс үшін сауда жасап, базар жағалап кетті. Міне, соны пайдаланғандар ұрлау, тонау түрінде шабуылдар жасады.
         1999 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатжөніндегі ұлттық комиссия құрылып, жұмыс істей бастады. Осы жылы Қазақстан Республикасын­да әйелдердің жағдайын жақсарту жө­ніндегі алғашқы Ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданды. Парламент БҰҰ-ның “Тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы” және “Әйелдің саяси құқықтары туралы” конвенциясын, Халықаралық еңбек ұйымының әйелдер мен балалар құқықтарына қатысты бірқатар кесімдерін ратификациялады. Ішкі істер органдары жүйесінің құрылымында әйелдерге зорлық зомбылық жасау көріністеріне қарсы күрес жөніндегі бөлімдер құрылды. Осыған қарамастан елімізде ерлерден гөрі әйелдер екі есе бұзақылық пен тонау қылмыстарының құрбанына айнала берді. Әйелдердің 60 пайыздан астамы күштеу мен зорлық зомбылыққа тап болса, әрбір үшінші әйел өз күйеулерінен озбырлық тапты.
        Сондықтанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында 2009 жылы Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" екі Заңы қолданысқа еніп, жұмыс істеуде. Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмегін тигізеді. Аталған заңды бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады. Заңды орындау үшін ішкі істер органдарында арнайы қызметтер енгізілді.
Міне, осылайша соңғы жылдары біздің елімізде де әйелдердің қауіпсіздігін нығайту мақсатында заңнамалар жетілдіріліп, қатайтылу үстінде. Мысалы, 2015 жылдың қаңтарынан қолданысқа енетін Қазақстан             Республикасының жаңа Қылмыстық кодексiнде де әйелдерге қарсы жасалатын әрекеттер бас бостандығынан айыру жазаларымен жазаланатындығы белгіленген. Осы кодекстің 120-бабында «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып қорқытып не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау - үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп көрсетілген. Сол сияқты 121-бапта нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану іс-әрекеттер, 122-бапта он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер сипатындағы әрекеттерге заңмен жазалар берілген. Сонымен қатар қорлау, жала жабу, адамды саудаға салу, психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру, бас бостандығынан заңсыз айыру, адамды ұрлау және жас балаларды азғындату секілді зорлық зомбылықтардың барлығы заңмен қорғалып тұр.
         Осы заңдар аясында түсіндіру, көмек беру жұмыстарымен айналысатын бүгінде елімізде 250 қоғамдық бірлестік, 21 дағдарыс орталықтары жұмыс жасап келеді.
        Осылайша бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған әйел-аналардың, желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігі біздің қоғамда да заңмен нық қорғалған деуге болады. Алайда адамгершіліктен аттап, мейірімділіктен шет қалған кейбір безбүйректер зорлық-зомбылыққа барып қалып жататыны өкінішті. Оларға бір сөз айтар едім. Сен әйел затына күш көрсетерде оның орнына анаңды не қарындасыңды қой. Сонда біз әйел-аналарға, қыз балаларға жасалатын әділетсіздіктен арылып, қыздарымыз бен қарындастарымыздың, апаларымыз бен аналарымыздың жүздерінен төгілген үнемі нұрлы шуақты көрер едік.
Бибінұр АМАНЖАН,
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
психолог-инспекторы
13 шілде 2020 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 431 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам