Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?
«Оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанда оқуды қашықтықтан білім алады» деген еліміздің бас ұстазының бұл қаулысы халық арасында көп талқыға түсті. Әсіресе, ата-аналар тарапынан сыңаржақ пікір қалыптасып, бірі қолдаса, бірі құптамайтындығын ашық жеткізді. Соның ішінде жұмысбасты, балалары 1 сыныпқа қабылданатын ата-аналар бұл жүйенің тиімсіздігін алға тартқан еді. Осы орайда ата-аналардың өтініші ескеріліп, санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен 1-4 сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» ашылатын болады. Бірақ, оқушылардың саны 10-15-тен аспауы тиіс.
Бір мұғалім – бір сынып
Жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын өзгерістер туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова таныстырды.
– Жаңа оқу жылы шалғайда орналасқан шағын жинақты ауылды мектептерді қоспағанда, өңірдің барлық мектептерінде қашықтан оқыту форматында басталады. Биыл аймақтың 243 мектебінде оқушылар сабақты қашықтан оқиды. Қашықтан оқытуды ұйымдастыруда оқушылардың электронды құрылғылармен, интернетпен қамтылуы бағытында анализ жүргізілді. Оқушылардың қажеттілігіне қарай компьютер, планшеттер берілетін болады. Бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар, көпбалалы отбасының балаларына беріледі. Бұл ретте басқарма тарапынан мектеп балансындағы компьютерлер уақытша беріледі. Сонымен бірге, демеушілер есебінен де планшеттер алып беру жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, облыста 20 259 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде компьютері жоқ мұғалімдер саны анықталуда. Облыстық мұғалімдер кәсіподағының қолдауымен 300 мұғалімге электронды құрылғы табыс етілмек», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Ағымдағы жылдың 17-22 тамыз аралығында қашықтан оқытуда білім сапасын арттырып, кәсібилікті жоғарылату мақсатында 18 мың педагог арнайы онлайн курстан өтеді деп жоспарлануда.
Ал, жақында ғана облыстың даму мәселелері жөнінде кеңес өткізген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин алдағы уақытта аймақта қолға алынатын байыпты бастамаларды атап өтті. Аталмыш жобалар аясында Білім және ғылым министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету аясында облыстың 34,7 мың оқушысы үшін компьютерлік техника сатып алуды көздеп отыр. Бұл Үкімет резерві есебінен жүзеге аспақ.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрінің айтуынша, «бір мұғалім – бір сынып» принципі жүзеге аспақ. Әдетте, бастауыш сыныптарда бір негізгі мұғалім сабақ беріп, ағылшын тілі сабағына басқа мұғалім келетін. Жаңа өзгерістер бойынша енді бастауыш сыныпта бір ғана мұғалім сабақ береді деп жоспарлануда. Ал, сақтық шараларын қатаң сақтау мақсатында ата-аналарға енді мектеп алаңына кіруіне қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, балаларға мектепте ыстық тамақ беру де уақытша тоқтатылады.
Мұғалімдер жалақысы 25 процентке өседі
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деп біраз мұғалім көңілдегі күпті ойларын ортаға салған еді. Соңғы нарықты экономикаға көшкен тұста мұғалімнің әлеуметтік жағдайын көтеру кезек күттірмес маңызды мәселенің біріне айналды. Ұстаз мәртебесін көтеру ең алдымен оның материалдық жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Осы бағытта игілікті істер басталып та кетті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл тұрғыда ауыз толтырып айтарлықтай толымды істерді қолға алып, қоғам мен еліміздің білім беру саясатындағы педагог қауымының қадір-қасиетін бекітіп берді.
– Мұғалімге жүктеме көп. Оқу жүктемесі азайған жоқ. Қайта жұмыстары арта түсті. Жақында мұғалімдерді ақысыз демалысқа жіберу туралы халық арасында қате ақпараттар желдей есіп кетті. Оның ешқандай шындыққа жанаспайтындығын алға тарта отырып, мұғалімдер тамыз айында әдеттегі жалақысын алатынын хабарлаймын, – деген еді министр.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап «Мұғалім мәртебесі туралы» заңға сәйкес бірқатар қосымша төлемдер енгізілмек. Ал, алдағы жылдың қаңтарында шәкірт жүрегіне нұр құйған жандардың жалақысы тағы да 25 процентке өседі деп жоспарлануда.
Жаңа оқу жылы «алғашқы қоңыраусыз» басталады
Бұрын білім күні мерекесінде әсем безендірілген мектеп ауласында қолына гүл шоғын ұстап, ақ бантигі желбіреп, галстук таққан оқушылар көтеріңкі көңіл-күйде сүйікті ұстаздарымен, сыныптас-достарымен асыға қауышатын. Мұндағы толқынысқа толы сезімді айтып жеткізу мүмкін емес еді. Десе де, биыл елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мұндай сәтке куә болу бақыты бұйырмай тұр. Министрдің шешімі бойынша, 1 қыркүйекте мерекелік шарада сап түзеп, бас қосуға тыйым салынды. Елде таралған індетті біле тұра балаларды білім ордасына жинап, салтанатты түрде қоңырау соғу аса қисынсыз екенін мәлімдеген министр жаңа жылға дейін мектептерде ешқандай шаралардың өткізілмеуіне кеңес берді.
Оқу құны қалта қақпайды
СOVID-19 қазақстандықтардың өмір салтын біршама өзгертті. Оқушылар мен студенттер наурыз айынан онлайн оқуға көшті. Ал, ата-аналар қашықтан жұмыс істеді немесе ақысыз демалыс алып, біраз уақыт тұрақты табысынан айырылды. Елдегі орын алған осындай экономикалық тұрақсыздықтың салдарынан жоғары оқу орындарының оқу ақысы шарықтап өседі деген ақпарат халық арасында желдей есті. Дегенмен, Үкімет басындағылар бұл қауесеттің нүктесін қойды. Мемлекет тарапынан университеттерге қазіргі экономикалық қиын жағдайға қарамастан оқу ақысын көтермеу туралы жедел өтініш жасалған. Соңы нәтижелі болады деп күтілуде.
Түйін: Еліміздің оқушылары бір айдан соң онлайн оқуды қайта бастайды. Мемлекеттің салалық министрлігі де «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» екіжақты тиімді шешім қабылдап, бар мүмкіндікті қарастыруда. Негізі, көзі қарақты жандар үшін онлайн оқыту еш жаңалық емес. Талай ел бұл сатыдан әлдеқашан өтіп кеткен. Әлем көшіп кетті, көште қалған біз ғана. Осыны түсінуіміз керек.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА